zmescience.com

ЖИ адам өміріне қауіп төндіре ме? АҚШ-та алғашқы заң қабылданды

25.08.2025 11:05

Бірқатар америкалық штаттар психологиялық көмек көрсету саласында жасанды интеллектке (ЖИ) қатысты шектеулер енгізді. Соның ішінде Иллинойс штаты ерекше назарда тұр. Мұнда қабылданған заң бойынша психологиялық кеңес беру кезінде ЖИ-дің араласуына нақты талаптар қойылып, оның қолданылу аясы қатаң реттелді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

АҚШ-та алғаш болып Иллинойс штаты психотерапия саласында жасанды интеллектті (ЖИ) қолдануға заң жүзінде тыйым салды. Жаңа құжаттың басты мақсаты – науқастарды нейрожелімен тікелей қарым-қатынас жасаудан туындайтын қауіпті салдардан қорғау. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – азаматтардың психикалық саулығын қорғау және кәсіби мамандардың орнына технологияға толықтай тәуелді болудың алдын алу. Сонымен қатар, заңда ЖИ тек көмекші құрал ретінде қолданылатыны, ал негізгі шешім қабылдау жауапкершілігі білікті маманға жүктелетіні нақты көрсетілген.

Неге мұндай тыйым қажет болды?

Заң шығарушылардың айтуынша, психологиялық дағдарысқа түскен адамдар өз мәселелерін ЖИ-ге сеніп тапсырып жүр. Мұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Америкалық психологтар қауымдастығы бұл алаңдаушылықты деректермен растады. Ұйым ЖИ-чат-боттарды пайдаланған жасөспірімдерге қатысты екі сот ісін мысалға келтірді. Оның бірінде жасөспірім чат-боттың кеңесіне еріп, ата-анасына шабуыл жасаған.

Жаңа заңның талаптары

Иллинойс қабылдаған заң бойынша енді:

  • ЖИ-ді терапевтік мақсатта пациенттермен жұмыс істеуге және клиникалық шешім қабылдауға пайдалануға болмайды;
  • ЖИ ұсынған емдеу жоспарын кәсіби маман ресми бекіткеннен кейін ғана қолдануға болады.

Сонымен бірге, психикалық денсаулыққа қатысты қызмет көрсететін кез келген ұйым немесе жеке тұлға міндетті түрде сертификатталуы тиіс. Ал лицензиясыз ЖИ негізінде терапияны жарнамалағандарға 10 мың доллар айыппұл салынады.

Қай жағдайда ЖИ қолдануға болады?

Заң ЖИ-ді толықтай шектемейді. Чат-боттарды қабылдау уақытына жазылу, есеп-қисапты жүргізу және дәрігерге алдын ала тіркеу сияқты қосалқы функцияларда пайдалануға рұқсат берілген.

ЖИ-ді қолдануға қатысты әртүрлі шектеулер

АҚШ-тың бірнеше штатында жасанды интеллекттің психологиялық көмек саласында қолданылуына шектеулер қойылғанымен, олардың қатаңдығы әр жерде әрқалай.

  • Невадада ЖИ тек мемлекеттік мектептерде ғана пайдалануға тыйым салынған.
  • Ютада психикалық денсаулыққа арналған чат-боттар өздерінің адам емес екенін анық көрсетуге міндетті. Бұған қоса, мұндай жүйелерге қолданушылардың жеке деректерін жинап, оны жарнамалық мақсатта пайдалану қатаң түрде шектелген.