Жаңалықтар

Жезқазған мен Семейде 500 бала робототехника негіздерін оқып үйренеді

Ozyq Urpaq жобасы өзге аймақтарда да жүзеге асырылады
Жезқазған мен Семейде 500 бала робототехника негіздерін оқып үйренеді
Фото: hightech.fm 03.11.2022 20:03 2126

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қазақстандық жетекші «Роботек» робототехника мектебімен бірлесіп Ozyq Urpaq атты жаңа жобаны іске қосады, деп хабарлайды El.kz

Бұл мектеп оқушыларының робот жасауға, бағдарламалауға қызығушылығын арттыруға, дарынды балаларды анықтауға, озық білім беруге және оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға бағытталған бағдарлама.

Жоба Жезқазған мен Семей қаласынан басталды. №21 және №49 орта мектепте мұғалімдер мен жергілікті білім бөлімдерінің қызметкерлері үшін бағдарламаның тұсаукесері болды.

Тұсаукесер барысында ұйымдастырушылар Ozyq Urpaq бағдарламасының бағыты туралы айтты. «Біздің мектеп 2014 жылы ашылған. Жыл сайын 700 оқушыны оқытады. Осы уақыт ішінде еліміздің жетекші мектебінің біріне айналды, робототехника бойынша түрлі турнирлердің 54 жүлдегері мен қатысушысын дайындап шығарды. Бірнеше рет робототехника бойынша республикалық жарыстың жүлдегерлері атандық, World Robot Olympiad, FLL Challenge үш әлемдік финалына қатыстық. Ozyq Urpaq жобасын іске асыру арқылы оқытушылардың біліктілігін арттыру, балаларға жаңа білім беру, оқушылардың IT салаға деген қызығушылығын ояту сынды бірнеше міндетке қол жеткізуге тырысамыз», - дейді Жезқазған қаласы №21 орта мектептегі тұсаукесер кезінде «Роботек» мектебінің оқытушысы Сұлтанбек Қазиев.

 

Оның айтуынша, «Роботек» мектебінің тәжірибелі қызметкерлері мектеп мұғалімдерін оқытады, содан кейін педагогтар 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың сәуіріне дейін оқушыларға факультативтік сабақтар өткізеді. Бұл үшін педагогтар Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан жалақы алады.

Жезқазған қаласындағы №1, №13, №21 орта мектептері, №8 гимназия, №9 мектеп-интернаттың оқушылары мен Семей қаласындағы №8, №28, №44, №49 орта мектептері мен Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназияның оқушылары жаңа заманауи білім алады. Жоба біткен соң мектептер robotek.pro платформасына бір жылға тегін жазыла алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ozyq Urpaq жобасының ауқымы кеңейіп, Қазақстанның өзге де елді мекендерін қамтиды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға