Жетісуда «Жаркент-Қорғас» автомобиль жолының негізгі учаскесі ашылды
Жетісу облысы Панфилов ауданында ұзындығы 32 шақырым болатын «Жаркент-Қорғас» автомобиль жолының негізгі учаскесі салтанатты түрде ашылды. «Нұр жолы» кеден бекетіне, «Қорғас» ХШЫО-ға, Алтынкөл станциясына, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ға баратын автокөліктер легі дәл осы жол арқылы жүреді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Автомобиль жолы қай кезде де елдің инфрақұрылымының маңызды бөлігі болып саналған. Мұндай негізгі артериялар тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, көптеген туристердің де кедергісіз қозғалысына ықпал етіп, сонымен қатар экономиканың дамуына, басқа аймақтармен байланысты нығайтуға оң әсерін тигізеді. Бұл ретте шекаралас Панфилов ауданы да осы игі үрдістен тыс қалған жоқ.
Ұзындығы 32 км болатын «Жаркент-Қорғас» жолы учаскесі Панфилов ауданының Қырыққұдық, Ақкент, Ават, Атамекен ауылдары арқылы өтеді. Бұл жол өткен ғасырдың 60-70 жылдарында салынғандықтан, соңғы жылдары көлік жүргізушілер мен жергілікті тұрғындарға біршама жайсыздық туғызған еді. Бұл ретте тұрғындар жөндеу жұмыстарының басталғанын қуана құп алып, құрылысшыларға барынша қолдау көрсетті.
Құрылыс жұмыстары осы жылдың шілде айында басталып, белгіленген мердігер ұйымның жол жөндеушілері Жетісу облысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының тапсырысымен жұмыстарды бес айдың ішінде аяқталды.
Өңірдің инфрақұрылымын дамыту және жолдардың сапасын көтеру мақсатында биыл біз Қорғас ауылынан Жаркент қаласына апаратын ескі жолға орташа жөндеу жүргіздік. Жоба аясында жаңа екі қабатты асфальт төсеу есебінен жол төсемінің сапасы жақсарды. Жол бойындағы елді мекендерде тротуар төселді, жарықтандыру, жаңа жол белгілері мен ақпараттық панельдер орнатылды, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілер қойылды, - дейді «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.
Жолдың ашылу рәсіміне қатысқан ауыл тұрғындары алғыстарын білдірді. Үлкеншыған ауылдық округінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойлыбай Домбағұлов «Жаркент-Қорғас» жолының ұзына бойына тротуарлар, жаяу жүргіншілер өткелдері, жарықтандыру жасалғаны ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай туғызғанын атап өтті. Оның айтуынша, жол сапасын күн сайын көлігімен әрлі-берлі сапарлайтын Жаркент жүргізушілері де оң бағалап отыр.
Жалпы облыс аумағында республикалық маңызы бар автожолдарды қайта жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар іске асырылуда. «Үшарал-Достық» республикалық маңызы бар жол пайдалануға берілді. Жуырда «Талдықорған – Үшарал» автожолын қайта жаңарту аяқталады, ондағы жұмыстар 98%-ға орындалды, нысанды толық аяқтау 2024 жылдың соңына жоспарланған. Сондай-ақ, Республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» және «Айдарлы-Көктал» автожолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар осы жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға 24,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 29 жоба іске асырылуда, оның аясында 193,4 км жол жөнделеді. Осылайша, 2024 жылдың соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесін 94% жеткізу жоспарланған.