Жетісуда махаббат оқиғасы қылмыстық іске ұласты

 El.kz/Арман МҰХАТОВ
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ

Жетісу облысында басталған романтикалық қарым-қатынас ақыры қылмыстық дауға айналды. Бұрынғы сүйіктісінен ірі көлемде ақша бопсалауға тырысқан қыз қамауға алынды.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жас жұп шамамен төрт ай бойы кездесіп жүрген. Алайда арадағы қарым-қатынас аяқталғаннан кейін қыз жігіттің өзіне сеніп айтқан жеке мәліметтерін пайда көзіне айналдыруды көздеген.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол бұрынғы жігітін қорқытып, егер ақша бермесе, жеке ақпаратты әлеуметтік желілерде жариялайтынын айтқан. Қыз өз «үнсіздігін» 25 миллион теңгеге бағалаған.

Жәбірленуші бірнеше рет мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін түсіндіргенімен, қысым тоқтамаған. Ақыры ол 200 мың теңге аударуға мәжбүр болып, кейін құқық қорғау органдарына арызданған.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша аса ірі көлемде мүлікті бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша қамауға алынған.

Полиция өкілдері азаматтарға ескерту жасап, қандай да бір қысым көрсету, қорқыту немесе бопсалау әрекеттері, соның ішінде интернет арқылы жасалса да, заңмен қатаң жазаланатынын атап өтті. Мұндай жағдайға тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында да ұқсас жағдай тіркелген еді. Онда ер адам бұрынғы сүйіктісіне қарым-қатынас кезінде жұмсаған 2,5 миллион теңгені қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмаған.

Оқи отырыңыз