Жетісуда Конституция күнінде онға тарта әлеуметтік нысан өз жұмысын бастады
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Жетісу облысында бірқатар жаңа нысандар іске қосылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мәселен, Көксу ауданында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі бірдей фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілсе, Алакөл ауданында жаңа медициналық пункт іске қосылды. Сол сияқты Көксу ауданында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, Панфилов ауданында күрделі жөндеуден кейін ауылдық мәдениет үйі, Алакөл, Көксу, Панфилов аудандарында жаңа балабақшалар есігін айқара ашып отыр.
Көксу ауданының Бесқайнар және Жетіжал ауылдарының тұрғындары бір күнде қатар қуанышқа кенелді. Бірінде 641 адам, екіншісінде 983 адам тұратын қос ауылда екі бірдей жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, іске қосылды. Бұған дейін аталған елді мекендерде бейімделген, ескі ғимараттарда қызмет көрсетіп келген медицина қызметкерлері енді су жаңа нысанға көшті. Екі нысанның әрқайсысында 2-ден орта буын медицина маманы жұмыс істейді.
Ал Алакөл ауданы Төңкеріс ауылындағы жаңа блокты-модульді медициналық пункт күніне 15 адамды қабылдауға қауқарлы. Ауыл тұрғындары жаңа нысанның ашылуын өмір сапасын жақсартуға, сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам деп біледі.
Панфилов ауданы Тұрпан ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдан бері жүргізілген болатын. Жаңа кейіпке енген екі қабатты ғимаратта ауылдық кітапхана да орналасқан. Мәдениет үйінде өнердің түрлі бағыттарын қамтитын сегіз үйірме жұмыс жасамақ. Сонымен қатар қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырып, рухани демалыс өткізуге арналған орын ретінде тұрпандықтар үшін мәдениет үйінің маңызы зор.
Мереке қарсаңында жұмысын бастаған тағы бір жаңа нысан - Көксу ауданындағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларын анықтау мен оларға қолдау көрсету мақсатындағы мұндай орталықтар облыстың аудан-қалаларында 2023 жылдан бері ашыла бастаған болатын. Яғни бұл орталық - өңірдегі осындай 9-шы нысан. Бұған дейін биыл «Жанұя» орталығы Ескелді ауданында ашылса, алдағы уақытта Ақсу ауданында ашылады деп жоспарланған. Жалпы, жыл басынан облыстағы «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарына 161 отбасының 408 мүшелері тіркеліп, оларға психологиялық және әлеуметтік көмектер жан-жақты беріліп, қажетті қолдау түрлері көрсетілген.
Сондай-ақ Алакөл ауданы Үшарал қаласында, Панфилов ауданының Үшарал ауылында және Көксу ауданы Көксу станциясында жалпы саны 375 орынды үшжаңа балабақша жұмысын бастады. Осындай жұмыстардың арқасында өңірде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жаңару деңгейі жыл соңына дейін 55,8%-ға жетеді.

