Жаңалықтар

Жетісу облысының тұрғыны үйінің ауласында 30 мың түп қызғалдақ өсірді

Жетісу облысының тұрғыны үйінің ауласында 30 мың түп қызғалдақ өсірді
Фото: Видеодан кадр 08.03.2024 23:16 1864

Бағбан Омар Тәжіманов гүлдің тұқымын Нидерландтан алдырып, өзі салған жылыжайға еккен. Ол қазір бағбаншылықты отбасылық кәсіпке айналдырып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24KZ-ке сілтеме жасап.

Құлпырған қызғалдақтың ортасында ән салмау мүмкін емес, - дейді Омар Тәжіманов.

Себебі күзден бері күтіп баптаған өсімдігі жайқала өсіп, көз қуантады. Бағбан жұпар иісі аңқыған гүлді енді сатылымға шығармақ.

Осы гүлді сегізінші наурызда сатып бітіргеннен кейін, келесі жылғы жоспарымызға асиметрия деген гүлді егу жоспарда бар. Жетісу халқын сол гүлдерімізбен қуанта берейік деп жатырмыз, - дейді бағбан Омар Тәжіманов.

Көксу ауданының Балпық би ауылында тұратын отбасы бағбаншылықпен айналысу үшін жылыжай салды. Шетелдік қызғалдақты егіп, арнайы технология негізінде күтім көрсетті.

Интернеттен қарап, адамдардан сұрай үйрендік. Өсіріп баптау да оңай емес. Күндіз түні отын жағамыз. Бірқалыпты температурада ұстау қажет, - дейді бағбан Раушан Жұмағұл.

Тәуекелге бел буған бағбандардың еңбегі ақталды. Олардың жылыжайында қазір гүлдерді жинау, сұрыптау, орау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балжан Құдайберген есімді Мұқыры ауылының тұрғыны да гүл өсірумен айналысады. Бұл салада үш жылдық тәжірбиесі бар. Бағбан жылыжайға «альстромерия» деп аталатын оңтүстік-америкалық гүл еккен. 

Әйел адам гүлді жақсы көреді ғой. Табиғаты сондай. Бір тал шоқ гүлін сыйласаң да мәз болады. Әйел адамды гүлдендіретін гүлдің өзі ғой. Қазір мына жылыжайда гүлдердің түсі көп, қарап отырып өзіңді күшті сезінесің. Жақсы әсер аласың, ұнайды маған гүлмен айналысқан, - дейді бағбан Балжан Құдайберген.

8-наурыз мейрамы қарсаңында гүл саудасы қызады. Сол кезде көксулық бағбандардың қызғалдағы да нәзік жандыларға қуаныш сыйлары анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға