Жетісу облысының құтқарушылары жүкті әйелді қар құрсауынан алып шықты
14 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығынан «Үшарал-Достық» автожолында Достық бекеті жағынан 8-ге жуық жүк және 5 жеңіл автокөлік, Ақши ауылы жағынан 2 жүк және 2 жеңіл автокөлік тұрып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде Жетісу облысы ТЖД құтқарушылары қар құрсауында қалған автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарды, көлікте толғатып отырған 1989 жылы туған жүкті әйел болған. Эвакуациядан кейін автокөлік Үшарал қаласының перзентханасына жол тартты.
Қазіргі уақытта қар құрсауынан 43 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды. Авариялық- құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға ауа райына қатысты мәліметтерді оқып отыруға кеңес береді. Дауылды ескерту туралы хабарламаларға құлақ асып, қажетті сақтық шараларын сақтауды сұрайды.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Алыс жолға шықпас бұрын, Қазавтожолдың ресми сайтындағы автожолдардың жабылуы туралы ақпаратпен танысуды ескертеді.