Жаңалықтар

Жетісу облысының экономикалық көрсеткіштері артты

Жетісу облысының экономикалық көрсеткіштері артты
Фото: Видеодан кадр 13.06.2023 14:20 905

Өткен бес айда Жетісу облысының экономикалық көрсеткіштері артып, өндіріс, құрылыс, сауда сияқты негізгі салаларда өсім байқалды. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оның айтуынша, қазір облыс тұрғындарының саны 700 мың адамға жеткен, жер көлемі – 118 мың шаршы шақырым.

Алматы облысының құрамынан бөлінгенде, өңірімізде экономиканың құрылымына, бюджет кірісінің аз бөлігі қалуына, тағы басқа объективті факторларға байланысты бірқатар көрсеткіш төмендеген еді. Дегенмен 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізіліп, облыс аймақтар арасында төртінші көрсеткіш көрсетті, - деді Исабаев.

Мәселен, облыста биылғы жылдың 5 айында оң динамика арта түсті: сауда 1,8 есе, республикалық бюджеттің түсімдері – 2,8 есе, құрылыс көлемі – 31,3%, өнеркәсіп өндірісі 14,1% өсті. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3%-ға жетті.

Биыл облыс бюджеті 486 млрд теңгеге жетіп, 16%-ке өскен. 2022 жылы аэроғарыштық түгендеу жұмыстары нәтижесінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,077,2 мың га жер анықталды. Оның 857,2 мың га жайылымдық жер. Қабылданған шаралардың арқасында сол жайылымдық жердің 327 мың га айналымға енді.

Әкімнің сөзінше, өткен жылы Мемлекет басшысының облысқа келген сапарында берген бірқатар тапсырмасына сәйкес атқарылған
жұмыстардың қатарында пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару шараларының барысына тоқталып өтті.

Мәселен, былтыр осындай 1,077,2 мың га жер анықталған. Сол анықталған жерлер қатардағы 857,2 мың га жайылымдық жердің бүгінде қабылданған шаралар нәтижесінде 327 мың га айналымға енгізілген, 401,7 мың га жер иелеріне заң бұзушылықтарды жоюға 1 жыл мерзімге нұсқамалар берілсе, 128,5 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 6,9 мың га егістік жердің 3,6 мың суармалы, 300 га шабындық, 121,3 мың га жайылымдық жер. Қалған 220 мың гектар биыл қайтарылуы тиіс. Бүгінгі күнге қайтарылғаны – 101,4 мың га.

Жетісу облысы биыл қызылшадан 47 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Жетісу облысында қант өндірісін дамыту үшін осы жылы қант қызылшасының алқабы 2 есе ұлғайтылып, 8 515 гектар болды. Одан 47 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Бұл өңірдің қантқа деген сұранысын толық жауып, өнімді еліміздің өзге өңірлеріне шығаруға мүмкіндік береді.

Облыс басшысы су шаруашылығы нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу жұмыстары туралы айтты. Оның айтуынша, Ислам даму банкі қаражаты есебінен Ақсу ауданында 6,3 миллиард теңгеге суару жүйелерінде құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Ал Көксу ауданында осы жылы басталады. Оған 8,3 млрд теңге қарастырылған.

Ақсу ауданында 11,5 мың га, Көксуда 13,6 мың гектар жер сумен қамтылады. Ақсу ауданындағы Қызылағаш суару массивінің құрылысына республикалық бюджеттен 8,9 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күнге су құбырлары салына бастады. Биыл бітуі тиіс. Осының арқасында 6,7 мың гектар жерге суару жүйелері салынады, оның 5,3 мың га жаңа жерлер. Жалпы, 30 мың гектар алқап суармалы сумен қамтылады, - деді әкім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға