Жетісу облысында жаңа заманауи мектеп ашылды
Жетісу облысы, Ақсу ауданының Көшкентал ауылында 180 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
75 орындық шағын орталығы бар үш қабатты ғимарат ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш болды. Жаңа мектеп «Президент тапсырмаларын орындау аясында» әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында салынған.
Жаңа мектепте 18 орынды оқу залы бар кітапхана, 40 орындық асхана, 124 орынды спорт және акт залы бар. Сондай-ақ, заманауи физика, химия, биология кабинеттері, екі мультимедиялық кабинет және ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар қажетті құралдармен толық жабдықталған.
Мектептің ашылу салтанатында тұрғындар ғимаратты аралап көрді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшаш Айқынқызы:
Бұрынғы ғимарат ескіргендіктен, балаларға және мұғалімдерге қолайсыз болатын. Енді жаңа мектеп барлық заманауи талаптарға сай. Мұнда жұмыс істеу өте қолайлы, - деп пікірін білдірді.
10-сынып оқушысы Еркежан Нәби де жаңа мектептің артықшылықтарын атап өтті.
Мұнда сапалы білім алуымызға барлық жағдай жасалған. Үлкен спорт залы, жайлы асхана, жаңа компьютерлер мен жабдықтар бізге жақсы оқуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Мектепте 38 педагог жұмыс істеп, 175 бала білім алуда, ал шағын орталықта 50 бала тәрбиеленуде. Аталған мектеп биыл Жетісу облысында іске қосылған 2700 орындық 4 жаңа білім беру нысанының бірі болып табылады.
Облыс құрылғаннан бері әлеуметтік нысандарды жаңарту мен құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, олардың 50%-ы жаңартылды. Жаңа мектептердің ашылуы ауылдық жерлерде білім беру сапасын арттыруда маңызды қадам болып табылады.