Жетісу облысының әкімдігі

Жетісу облысында «TAZALAKE ALAKOL» экологиялық акциясы өтті

21.07.2025 00:35

Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «TazaLake Alakol» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шара аясында экоПост пен экоПлоггинг ұйымдастырылып, демалушылар мен жолаушылар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шараның басты мақсаты – жастар мен тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықты арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын дәріптеуге бағытталған. 

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ақши ауылының кіреберісіне эко-пост орнатылып полиция қызметкерлері мен еріктілерден құралған жастар жолаушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған экоқаптамаларды (қолғаптар, қоқысқа арналған қаптар және акция жайлы мәлімет қамтылған брошюралар) таратылды. Бұл қаптамалар демалушылардың табиғат аясында қоқысты бейберекет тастамай, өзімен бірге алып кетуіне немесе арнайы орындарға тастауына ықпал етті. Шара барысында демалушылар қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығы туралы құнды ақпарат алып, өз жауапкершілігін сезінуге шақырылды. Экошараға «Жасыл ел» жасақтары, еңбек жасақтары, волонтерлар, эко-волонтерлар және демалушылар жалпы 250-ге жуық адам қатысты, 60 қап қоқыс жинады.

«TazaLake Alakol» экологиялық акциясы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың нақты үлгісіне айналды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек табиғатты таза ұстауға ғана емес, сонымен бірге адамдардың санасында жауапкершілік пен жанашырлық сезімін оятуға көмектеседі. Алдағы уақытта да Алакөл көліне апаратын жол бойында және Жетісу облысының басқа да туристік бағыттарында осындай экологиялық бастамаларды жиі өткізу жоспарланып отыр.