Жетісу облысының әкімдігі

Жетісу облысында мерекеге орай 25 жаңа нысан ашылды

26.10.2025 02:36

Республика күніне орай Жетісу облысында 25 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қызмет көрсету және абаттандыру бағытындағы жобалар бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа нысандардың бірі – Қаратал ауданы Алмалы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл ғимарат тұрғындардың өтініші бойынша салынды. Енді ауыл балалары волейбол, күрес, үстел теннисі және тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерімен шұғылдана алады.

Сондай-ақ Панфилов ауданының Әулиеағаш ауылында 624 орындық мектеп күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. 1984 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ордасы толық жаңарып, заманауи оқу кабинеттері, асхана, спорт және акт залымен жабдықталды.

Үлкеншыған ауылында 120 орындық жаңа жекеменшік балабақша ашылды. Оны жергілікті кәсіпкер Ерғали Тұрсынғалиұлы өз қаражатына салып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.

Жетісудағы бұл әлеуметтік нысандар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып, ауылдық жерлердің дамуына серпін бермек.