Жетісу облысында грек-рим күресінен ашық турнир өтті
Қаратал ауданының Тастөбе ауылында «25 қазан – Республика күніне» арналған грек-рим күресінен кіші жасөсіпірімдер арасында Қаратал ауданының ашық турнирі өтті.
Аталмыш турнирге Жетісу облысының палуандарынан бөлек Қырғызстан Республикасы, Алматы облысынан арнайы келген спортшылар бақ сынасты. 300-ге жуық күрес шеберлері 2 күн бойы өз өңірінің намысын қорғады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Олимпиада ойындарының жеңімпазы Демеу Жадраевтың жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жаңабатырұлы, Қаратал ауданының құрметті азаматы, Тастөбе ауылының ардагері Жебегенов Мырзахан Ырыстайұлы , Тастөбе ауылының азаматы, спорт жанашыры, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Байғұнысов Алмас, Облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Рүстем Калиев қатысты.
Айта кетсек, жалпыкомандалық есепте Ескелді ауданының командасы алтын тұғырға орнықты. Қырғыз Республикасынан ат терлетіп келген спортшылар жүлделі ІІ орынға орнықты. Ал Қаратал ауданының жасөспірімдері өз ауданының абыройын қорғап, намысты қолдан бермей ІІІ орынға табан тіреді.