Жаңалықтар

Жетісу облысы құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылды

Жетісу облысы құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылды
Фото: Видеодан кадр 24.11.2023 13:10 1178

Жетісу облысы құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған бесеуі кеңейтілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, өңірде 535 кәсіпорын тіркелген, онда 26 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жалпы өнеркәсіп көлеміндегі өңдеу секторының үлесі - 80%. Облыста негізінен ашытқы (уыт), электрлі аккумуляторлар, жоғары вольтты электр тарату желілеріне арналған темір бетонды және металл тіректер өндіріледі.

Облыс құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған бесеуі кеңейтілді, 759 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл құны 39 млрд теңге болатын 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам жұмыс орны ашылады, - деді Исабаев.

Сонымен қатар Жетісу облысының Жоңғар қақпасы аумағында қуаты 1ГВт ірі жел электр станциясын салу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне құны 2,2 трлн теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 184 жоба енгізілген. Облыс аумағында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» ХШЫО жұмыс істейді, онда қазір 2030 жылға дейін инвестициясының жалпы көлемі 622 млрд теңге болатын 52 жобаны іске асыру жоспарланған, - деп нақтылады Бейбіт Исабаев.

Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Жетісу облысына жел электр станциясын салудың маңызы жөнінде айтқан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға