Жаңалықтар

Жетістік жас пен жағдайға қарамайды

Санкт-Петербургте өткен би сайысының 4-орын иегері Алтынай Қазбековамен сұқбат
Жетістік жас пен жағдайға қарамайды
30.06.2022 19:00 3746

Елімізде қиындыққа тап болған түрлі тағдыр иелері бар. Мәселен, қоларбаға таңылса да, ешқашан мойымай тек алға ұмтылатын жандар көп. Солардың бірі дарынды биші әрі спортшы 10 жасар Алтынай Қазбекова.

Алтынай туғаннан бері мүмкіндігі шектеулі жан. Ақ халаттылар оған Spina Bifida диагнозын қойған. Ол – омыртқасы дұрыс жетілмеген жағдайда қойылатын диагноз.

Жетістік жас пен жағдайға қарамайды

Алтынай көзі нашар көріп, құлағы нашар естісе де 6 жасынан бастап спорт және бимен шұғылданады. Өзінің шығармашылық жолында көптеген жетісітіктерге жеткен. Мәселен, 2019 жылы Санкт-Петербургте өткен халықаралық би сайысында Алтынай 20 елден келген 150 бишінің ішінде 4 орынды иеленді. Айтуынша, бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы жемісі.

– Санкт-Петербург қаласында алғаш рет биден халықаралық конкурсқа қатыстым. Сонымен қатар, есте қаларлықтай сәттер мен эмоциялар болды. «Ана мен бала» деп аталатын турнирде анам екеуміз хип хоп жанрындағы биді ұсындық. Биді менің ұстазым Әлия Түсіпбекова қойды. Мен спортпен белсенді айналысатындықтан бидің кез келген жанрында билей аламын, - дейді Алтынай.

Сондай-ақ, елімізде қоларбаға таңылған балалар арасында бочча спорті өте танымал. Бочча дегеніміз кішкентай доптың ішіне құмды толтырып оны қашықтыққа лақтырып ойнайтын жарыс түрі. Аталған спорт түрінен жыл сайын елімізде мүгедектер арасында қалалық чемпионат өтеді. 2018 жылы боччадан өткен жарыста Алтынай бірінші орын иегері атанған.

– Бочча менің ең сүйікті спортым. Сонымен қатар, көп күшті талап ететін спорт түрі болғандықтан, онымен тек мықтылар шұғылдануы керек. Боччамен шұғылданатын балалардың ішінде мен ең кішкентайымын және ең үздігімін. Бірнеше жыл қатарынан жасөспірімдер арасында жеңімпаз атандым. Болашақта боччадан халықаралық жарыстарға барып, жеңімпаз болғым келеді, - деді ол.

Сонымен қатар, Алтынай тенниспен де кәсіби тұрғыда айналысады. Жақын арада Ұлттық теннис орталығында өтетін конкурсқа қатысуға дайындалып жатыр. Анасының айтуынша, Алтынай спортпен белсенді айналысқандықтан омыртқасына салмақ түсіп, денсаулығына кері әсерін тигізген.

– Шамадан тыс қозғалыс баламның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бірақ, Алтынайға спортпен айналысқан ұнайтындықтан, оған шектеу қоймаймын. Қызым жыл сайын бірнеше рет диагностикалық орталықта тексерістен өтіп отырады, жеке дәрігеріміз денсаулығын өз бақылауында ұстайды. Болашақта қызымның денсулығы оңалып, аяғынан тұрып кеткенін тілеймін, - деді анасы Салтанат Қазбекова.

Мүмкіндігі шектеулі жасөсіпірмідерді параспортта «Samruk Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдайды. Қор аясында мүмкіндігі шектеулі балалар спортпен айнасылып, халықаралық конкурстар мен жарыстарда жасөсіпірімдер параспорттағы мүмкіндіктерін көрсетіп жүр.Жыл сайын 720 мүгедектігі бар бала спорттың 10 түрі бойынша «Саламатты болашақ» секцияларына ақысыз негізде барады.

Жетістік жас пен жағдайға қарамайды

2020 жылғы статистика бюросының мәліметінше Қазақстанда 94 660 мүгедек бала бар. Еліміз параспортта енді ғана дамып келе жатса да, жеткіншектеріміздің жетістіктері аз емес.

Жетістік жас пен жағдайға қарамайды


Жетістік жас пен жағдайға қарамайды


Суреттер Алтынай Қазбекованың жеке мұрағатынан алынды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға