©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Жетісайдағы өрттің алдын ала себебі анықталды

Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында болған өрт тұрмыстық электр құрылғылары қосылған желілік фильтрдің істен шығуынан болуы мүмкін. Нақты қорытынды сараптама мен тергеу толық аяқталғаннан кейін белгілі болады. Бұл туралы Kazinform-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айнабековтің айтуынша, өрт туралы хабар таңғы уақытта түскен. Оқиға орнына жедел түрде 8 қызметкер мен екі техника аттанған.

Қазір оқиға орнында облыстық ТЖД-ның өрт-техникалық зертханасы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр құрылғылары қосылған желілік фильтрдің ақауы себеп болған. Алайда зертхананың қорытындысы әлі дайын емес. Қазіргі уақытта өрт фактісі бойынша тергеу жүргізіліп, тексеру шаралары жалғасуда. Өрттің нақты себебі анықталған соң қосымша ақпарат беріледі, – деді Жасұлан Айнабеков Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін қайғылы жағдайды тергейтін үкіметтік комиссияны басқаратын вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттен қылмыстық іздердің табылмағанын табылмағанын мәлімдеген. Алдын ала тергеу «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар аман қалғандардың жағдайы белгілі болды.