коллаж El.kz

Жеті жұрттың тілін білетін оқушы: Шет тілін оңай үйренуге болады

02.09.2025 18:15

Елімізде тіл үйренуге құштар жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – небәрі 13 жасында жеті тілде еркін сөйлейтін алматылық оқушы Магда Бекахметова. Қазіргі таңда ол Алматы қаласындағы №104 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы. Жас болғанына қарамастан, зеректігі мен ізденімпаздығының арқасында қазақ, орыс, ағылшын, түрік, испан, қытай және корей тілдерін меңгеріп, бүгінде құрбы-құрдастарына да шабыт беріп келеді.

Тілге қызығушылығы

Магданың тілге деген қызығушылығы бала кездегі әуестігінен басталған. Анасының айтуынша, ол кішкентайынан тынымсыз, сергек болып өскен. Сол себепті екі жасында теледидардан әріптерді үйрететін мультфильмдер көрсетіп отырған.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кішкентай кезімде теледидардан өлеңдерді қайталап айтып жүретінмін. Қызық болғаны сонша, көп ұзамай қазақ, орыс және ағылшын әліппесін түгел жаттап алдым. Осы сәттен бастап өзге тілдерге деген қызығушылығым да арта түсті, – дейді Магда.

Жасөспірім қыздың ойынша, тіл үйрену үшін балаға арнайы кітап оқытып немесе оны курсқа бермей-ақ қызығушылығын тудыратын қарапайым әдістермен бейімдеу жеткілікті.

«Тілді ойын ретінде қабылдау керек»

Магданың бірнеше тіл білуіне әр тілді ойын ретінде қабылдауы себеп болған. Ол үшін тіл үйрену – міндет немесе ауыр жүк емес, керісінше көңіл көтеру мен жаңа әлемге жол ашудың тәсілі.

Ағылшын тілін алғашында кітаптардан үйреніп, кейін әпкеммен сөйлесу арқылы дамыттым. Ал қытай тілін меңгергенім тіпті қызық – телефондағы қосымшаны ойын деп ойлап, үйреніп алыппын. Жалпы, мен үшін тіл үйрену нақты жоспармен жүрмейді. Алдымен қызығушылығым оянып, кейін барып тереңдеп меңгеріп кетемін, – дейді ол.

Бұл сөздерінен оның табиғи қабілетімен қатар, тілге деген сүйіспеншілігі де айқын байқалады.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әр тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Кейбірі оңай меңгерілсе, енді бірі ұзақ уақыт талап етеді. Магда үшін ең жеңілі – түрік пен испан тілдері болған.

Түрік тілі қазақ тіліне жақын болғандықтан, грамматикасы мен сөздік қоры да түсінікті. Ал испан тілін меңгергенімде ағылшын тілінен ұқсас сөздер көп кездесті. Оның үстіне испан тілінің грамматикасы қарапайым, – дейді ол.

Сонымен қатар Магда қиындықтарға ешқашан мойымайтынын атап өтті. Өйткені ол үшін әр тіл – жаңа әлемнің кілті, ал қиындық – соған апарар көпір.

Табыстың сыры – күнделікті тәжірибеде

Жеті тілді қатар алып жүру оңай емес. Бірақ Магда өзін ешқашан қинамайды.

Тілді үйрену үшін өзіңді мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Бір күні кез келген тілге 10-15 минут арнасаң, кейін уақытты көбейте берсең жеткілікті. Достарыммен күнделікті орыс тілінде сөйлесемін. Үйде қазақша, орысша сөйлейміз. Телефонда ағылшын тіліндегі видеоларды көремін, кейде қытай тілінде фильм тамашалап, шетелдік достарыммен сөйлесемін, – дейді ол.

Осылайша Магда бірнеше тілді күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған.

Көптеген фильмдерді түпнұсқада көру мүмкіндігіне ие болдым. Актерлердің эмоцияларын сезіну, қалжыңдарын сол тілде есту – ерекше әсер сыйлайды. Бұл тек шетелдік контент көру үшін ғана емес, бүкіл әлемнен дос табуға мүмкіндік береді, – дейді полиглот қыз.

Магда қатарластарына тіл үйренуге ерекше кеңесін ұсынды.

 Барлығы өз қалауларыңнан басталады. Мен тілді жетік меңгерсем де, суретті бес жасар баладай саламын. Әрқайсысыңда ерекше талант бар. Тілді қиын деп ойламаңдар. Керісінше, оңай деп ойласаңдар, ол шынымен де солай көрінеді. Практикаға көп көңіл бөліңдер: фильмдерді субтитрмен көру, кітап оқу, күнделікті өмірде тәжірибе ретінде қолдану – бәрі көмектеседі, – дейді ол.

«Еңбегімді ел игілігіне жұмсағым келеді»

Магда болашақта тіл маманы болуды қалайды.

Менің арманым – өз қабілетімді жеке мақсатта ғана емес, елімнің дамуына да пайдалану. Халқыма пайда әкеліп, еңбегімді ел игілігіне жұмсағым келеді, – дейді ол.

Полиглот қыз әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиді үлгі тұтады.

Өскенде Әбу Насыр әл-Фараби атамыз сияқты 70-тен аса тіл меңгеріп, халқымның қажетіне жарасам деймін, – дейді Магда.

Сондай-ақ Магда болашақта Қытай мен Оңтүстік Кореяға барғысы келеді.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қытай – сауда мен технологияның орталығы. Сол елдің мәдениетін көріп, халқымен тілдескім келеді. Ал Оңтүстік Кореяға барғым келетін себебім – K-pop жанрына деген сүйіспеншілігім. Сүйікті әншілерімді, актерларымды көру – үлкен арманым, – дейді ол.

Хоббиі жайлы

Тілден бөлек, Магданың басқа да хоббилері жетерлік. Ол бос уақытында кітап оқиды, ән салады, би билейді, серуендейді, қолөнермен айналысып, бисерден әшекей бұйымдар жасайды.

Әрине, кейде телефонға телміріп кететін кездерім де болады, – деп күледі жас полиглот.

Магданың өнерге де ерекше жақындығы бар. Әкесі термеші болғандықтан, бала күнінен домбыра мен аккордеон үнін тыңдап өскен. 2-сыныпта №7 музыкалық мектепке түсіп, домбыра мен фортепианоны меңгерген.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от МАГДА | ПОЛИГЛОТ (@magda_bekakhmet)

Алғашқы сабақтан кейін-ақ үйренген күйлерімнің бірін - «Қыс» шығармасын бірден ойнап шықтым, – дейді ол.

Қазіргі таңда ол №11 балалар музыкалық мектебінде аккордеон аспабында ойнауды үйреніп жүр. Түрлі концерттер мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Бұл – оның көпқырлы дарын иесі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Айта кетейік, бұған дейін бес жасында төрт тіл меңгерген Аиша есімді қыз жайлы жазған едік.