Жаңалықтар

Жеті миллионнан астам адам көз жұмды. Ғалымдар пандемияның зардаптары туралы айтты

Жеті миллионнан астам адам көз жұмды. Ғалымдар пандемияның зардаптары туралы айтты
Фото: ©El.kz/Аягөз ҚҰРМАШ 29.05.2023 15:40 1582

Астанада «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы өтті. Оның барысында отандық және шетелдік ғалымдар пандемиядан кейінгі тәжірибе мен бастамалар туралы айтты. Форумда айтылған ең өзекті мәселелерді топшылауды жөн көрдік,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан пандемия кезеңіндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау мен болжаудың шектеу шараларының жиынтығымен бірегей кешенді жүйесін әзірледі. Бұл модельді ДДҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілдігі мақұлдады, сондай-ақ ЕО елдері бейімдеді және көрші мемлекеттер жоғары бағалады.Біздің жеңісіміз – ержүрек дәрігерлер мен микробиолог ғалымдардың бірігуі ғана емес, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының, бизнес-қоғамдастық пен азаматтарымыздың қолдауының нәтижесі, - деді премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда биотехнология және биофармацевтика саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады, бұл туралы ол өз сөзінде бірнеше рет айтқан еді.

Оның бастамасымен Қазақстан Республикасында алғашқы ірі толық циклді биофармацевтикалық зауыт салынды, бір жыл бұрын «QazBioPharm» ұлттық холдингі құрылды.Көп нәрсе жасалды және одан да көп жұмыс атқарылады. Біз үшін басқа елдердің тәжірибесі маңызды, біз диалог жасауға ашықпыз. Форумға қатысушылардың - биотехнология және биологиялық қауіпсіздік саласындағы көрнекті ғалымдардың пікірлері біз үшін маңызды, - деді Алтай Көлгінов.

Вакцинаның әзірлеуінің басы-қасында болған ғалым, Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья пандемияның әкелген зияны орасан екенін айтты.

Соңғы 3-4 жылда бүкіл әлем өте күрделі жағдайды бастан өткізді. COVID-19 пандемиясын «үшінші дүниежүзілік соғыспен» салыстыру кездейсоқ емес, яғни жаңа індеттің әсерінен миллиондаған адамдардың өмірі қысқарды, экономика мен қоғамға орасан зор зиян келді. Вирустың жедел дамуы және кең таралуы жекелеген салаларды дағдарысқа ұшыратты, денсаулық сақтау жүйесінің әлсіз жақтарын көрсетті, жұқпалы аурулардың таралуы кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі проблемаларды анықтады, инфекциямен күресу үшін ең тиімді шараларды көрсетті. Жалпы пандемия адамзаттың әдеттегі өмір салтын өзгертті, - деді ол.

Закарья атағандай, вакцинаны әзірлеу болашақ кез келген сынаққа дайын бола алатынымызды көрсеткен.

Пандемия кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз бірден бес платформада коронавирусқа қарсы бірнеше кандидаттық вакцинаны әзірлеуді бастадық. Бұл инактивацияланған QazVac вакцинасы, суббірлікті вакцина, екі рекомбинантты вакцина және тірі вакцина. Тіршілік болған жерде аса қауіпті індеттер болады, мысалы жақында ғана – 23 мамырда Женевада өткен жыл сайынғы ассамблеяда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері адамзатқа COVID-тен де зиянды жаңа пандемия қаупі бар екенін баяндады.Демек болашақта біз кез-келген қауіпке қарсы тұруға дайын болуға тиіспіз. COVID-19 пандемиясынан қандай сабақ алдық және болашақта қорғану үшін қандай нақты қадамдар қажет деген сұрақты бүгінгі форумға қатысушылар және сарапшылар  жан-жақты талқылайды деп ойлаймын, - дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті.

Өз кезегінде доғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек министрлік  халқымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға мүдделі екенін айтты.

2020-2022 жылдары ғылыми зерттеулерді орындауға 30-ға жуық конкурс өткізілді, соның нәтижесінде гранттық қаржыландыру шеңберінде 1507 жоба және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 103 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда. Олардың ішінде 6 ғылыми-техникалық бағдарлама және 49 гранттық жоба "QazBioPharm" Ұлттық холдингі" АҚ еншілес ұйымдарының ғалымдарының қатысуымен жүзеге асырылды. Ғылыми жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша өзекті инфекциялардың қоздырғыштарын, дәрілік заттар мен профилактикалық препараттарды, оның ішінде короновирустық инфекцияға қарсы вакциналарды анықтау үшін арнайы диагностикумдар әзірленді, - деді ол.

Министр атағандай, олардың ішінде холдинг ғалымдары рекордтық қысқа мерзімде (47 күн) әзірлеген QazVac коронавирусына қарсы алғашқы қазақстандық вакцинаны атап өтуге болады.

Клиникалық сынақтардың нәтижелері бойынша вакцинаның қауіпсіздігі мен жоғары иммуногенділігі дәлелденді. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері The Lancet тобына кіретін eclinicalmedicine рейтингтік журналында 2 мақалада жарияланған. Әзірлеушілер атап өткендей, QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылдың тамызында қолдану үшін ұсынған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың мамыр айының басында QazVac вакцинациясын 5,5 миллионнан астам адам алған», - деді ол.

Министр ғылыми институт аясында Сovid-19-ға қарсы тағы бірнеше вакцина әзірленгенін еске салды.

QazCoVac-Р суббірлік вакцинасы жақсы көрсеткіштермен клиникалық зерттеулердің 2 кезеңінен өтті. Сонымен қатар, негізінде 2 векторлық вакцина жасалды каприпоксвирус тұмауы вирусының векторы, сондай-ақ тірі әлсіретілген вакцина жасалды. Холдинг ғалымдарының зерттеу нәтижелері қазақстандық ғылымның ғана емес, бүкіл әлемнің серпінді жетістіктері болып табылады деп санаймыз. Қазақстан ғылым саласындағы уәкілетті орган отандық ғалымдарға ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер жүргізу үшін барлық қажетті ресурстарды уақтылы ұсынды, сондай-ақ денсаулықты қорғау шаралары мен аурудың алдын алу туралы ақпаратты таратуға да жәрдемдесті.Сондай-ақ пандемия кезінде министрлік қашықтықтан оқыту технологияларын әзірлеуге және олардың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфекцияның таралу тізбегін үзу үшін жоғары оқу орындарының студенттеріне онлайн курстар ұйымдастыруға қолдау көрсеткенін атап өткім келеді, - деді ол.

Саясат Нұрбек бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатынын айтты.

 QazVac вакцинасының клиникалық сынақтарын Қазақстанда 2020 жылы 18 бен 85 жас аралығындағы 3 000 ерікті қабылдады. Зерттеу нәтижесінде , вакцина COVID-19 вирусының алдын алуда 90%-дан астам тиімділігін көрсетті.

QazVac вакцинасын Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдады және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылдың тамызында қолдануға ұсынды.

Форумда «Орегон денсаулық және ғылым университетінің эмбриональды жасушалық және гендік терапия» орталығының директоры Шухрат Миталипов «АҚШ-тағы COVID-19 пандемиясы: алдын алу және қалпына келтіру» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама мақсаты АҚШ – ның пандемия кезіндегі әрекеттерін, COVID – 19 вакцинациясы бағдарламасының елге тиімділігін көрсету.

Баяндама SARS-CoV-2 вирусының шығу тегі және таралуы жайында айтылумен басталды. 2023 жылдың наурызындағы мәліметке сәйкес дүние жүзінде 760 миллион адам COVID-19 жұқтырған, 7 миллион адам қайтыс болды.

АҚШ – да 100 миллион адам COVID-19 жұқтырды, 1,1 миллион адам қайтыс болған екен. Вирустың ерекшелігіне тоқтала келе, баяндамашы оның симптомсыз және ауа тамшылары арқылы жұғатынын сипаттап көрсетті.  Сонымен қоса, «SARS-CoV-2's family tree» деген атаумен вирустың бірнеше түрлері аталған схеманы ұсынды. Баяндама барысында вакцинаны әзірлеуге кеткен уақыт мөлшері 12 айды құрағанына тоқталады. Бұл алдыңғы жылдардағы жұқпалы аурулармен күрес кезіне қарағанда біршама жылдам орындалғанын байқауға болады. Мәселен, іш сүзегі ауруына қарсы вакцинаны ойлап табуға 105 жыл кеткен. Қызылша ауруына қарсы вакцинаның өзін әзірлеуге ғалымдарға 10 жыл қажет болғанын сөз етті. АҚШ – та COVID – 19 вакциналарын қолдану миллиондаған адам өлімінің алдын алған маңызды шара екендігіне баса назар аударды. «Вакцинациясыз инфекция 1,5 есе, ауруханаға жатқызу 3,8 есе және өлім – жітім 4,1 есе көп болар еді - деп  «Орегон денсаулық және ғылым университетінің эмбриональды жасушалық және гендік терапия» орталығының директоры Шухрат Миталипов баяндамасын қорытындылады. 

Ал Селжук университетінің профессоры Осман Эргонис Түркиядағы пандемия туралы айтып берді.

Инфекциямен күресу үшін коронавирусқа байланысты төтенше жағдайлар жоспары дайындалып, ғылыми кеңес құрылды. Сонымен қатар бетперделер, антисептикалық және биоқауіпсіз арнайы киімдер өндірісінің де көлемі арттырылды. Вакцинаны әзірлеуге TÜBITAK - Ұлттық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге жауапты түрік ұйымы атсалысты. Түркия елінде вакцина мәселесін реттеу үшін онлайн конференциялар жүргізіліп, бірнеше ғалымдар еңбек етті. Сонымен қатар, TÜBITAK ұйымы жаңа пандемияның алдын алу және емдеуге бағытталған жаңа зерттеулерге қолдау көрсетті.Пандемия бізге көптеген құнды сабақ берді. Бұрын орта есеппен 6-10 жыл ішінде әзірленетін вакцинаны жаңа тәсілдердің көмегімен қысқа мерзімде жасап шығу мүмкін екендігі белгілі болды. Елдердің «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен» үйлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын түсіндік, - деді Селжук университетінің профессоры Осман Эргонис.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға