Жаңалықтар

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

Ел арасында tastik деп танылған талантты фотографпен сұхбат.
Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды
Фото: © El.kz 02.02.2021 15:04 4615

Биылғы Тәуелсіздік мерекесі фотограф Ардагер Сатбаев үшін ерекше жағымды жаңалық ала келді. Ардагер алғаш рет әлемнің әр түкпірінен фотоөнерді өзіне серік еткен талантты жандар арасында өтетін халықаралық «Portrait photo awards» конкурсына өз жұмыстарын жолдаған болатын. Көп ұзамай қуанышты жаңалық та келіп жетті. Жерлесіміз 2500-ден аса фотосуреттер ұсынылған фотоөнер бәйгесінде топ жарып, іріктелген 73 үздік фотографтың қатарынан көрінді. El.kz интернет порталы портрет фотосуреттерімен көзге түсіп жүрген талант иесі Ардагермен жүздескен еді.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Ардагер, алдымен құттықтауға рұқсат етіңіз. Қысқаша конкурс туралы айтып берсеңіз.

– «Portrait Photo Awards» конкурсы әлем елдері бойынша тек портрет жанрында түсірілген үздік фотолар жиналатын сайыс. Бұл сайысқа дүниежүзінің әр түкпірінен талантты фотографтар ең сапалы, ең үздік, ең шедевр жұмыстарын жібереді. Ал, осы конкурсты ұйымдастырушылар аталмыш әйгілі сайт бетінде ай сайын түрлі коллекциялар бойынша іріктеп, қазылардың шешімімен ең мықтылары анықтап отырады. Конкурс ай сайын өтеді. Үміткерлер 3 фото жібереді. Талапқа сай, жолданған суреттер логотипсіз және мүмкіншілігі 1400 пикселден кем болмауы тиіс. Осы талаптарды сақтай отырып, үш туындымды жібердім. Арада бір айдай уақыт өткеннен кейін электронды поштама «Сіз ұттыңыз» деген хабарлама келді. Ең мықты деп танылған үздіктер қатарынан қазақ елінің Туын көру – мен үшін үлкен мақтаныш, жауапкершілік болды. Себебі, бірден «еліме титтей болсын пайдам бар екен-ау» деген ой қылаң берді. Әрбір адам ең әуелі өзіне есеп береді емес пе? «Елім үшін не істедім?» деген сұрақтың жауабын тапқандай күй кештім.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Осы конкурсқа қандай фотосуреттеріңізді жолдап едіңіз?

– Портрет жанрының өзін жан-жақты ойнатуға тырысамыз ғой. Бір суретім өзім үшін экперимент ретінде түсірілген фото болатын. Камерамның нысанасына іліккен кейіпкеріме шамды қолдану арқылы түсірілген фото. Мұндағы бергім келген ой – еріген шамның тамшылары зулап жатқан өмірдің ағысын бейнелеп тұрғандай көрінеді. Және бір шетінен қызыл түсті жарық қостым. Ондағы мақсат – талғамның сәйкестігін көрсету. Яғни, қызарған от, қызыл жалын шамға шабыт береді деген сынды ой болды. Келесі екі фотосуретімнің бірі қара болса, келесісі ақ сурет. Ақ пен қара қатар жүреді дегендей фотолардың өзіндік үйлесімі болсын деп осындай мағынадағы үш фотоны жолдаған болатынмын.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Фотоөнерге қалай келдіңіз?

– Жалпы өнерді жақсы көретін адаммын. 2014-2015 жылдары алғашқы камерамды сатып алдым. Белгілі бір бағыт болған жоқ ол кезде. Айналадағы өзіме ұнайтын табиғат көріністерін, достарымды, ағайын-туыстарды түсіре бастадым. Содан біртіндеп таныстарым той түсіруімді өтіне бастады. Осылайша кішігірім тапсырыстар келе бастады. Қаламқыға түсіргендіктен әрине сапа керек. Ол үшін жан-жақты ізденіс керек, еңбектену керек. Түрлі экперименттер жасап көрдім. Уақыт зырғыған сайын менің де фотоөнерге деген махаббатым күшейе берді, басыма бір идея келсе соны жүзеге асырып көруді, жаңашылдыққа ұмтылудан шаршамайтын адаммын.

– Негізгі мамандығыңыз кім?

– Негізгі мамандығым – дыбыс режиссері. «Хабар» арнасында 5 жыл жұмыс істедім, қазір «Казмедиа» орталығында дыбыс режиссерімін.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Мұрағатыңызда қанша фото бар?

– Жалпы санын жобамен айтар болсам 50-60 мың фото бар. Солардың арасында өзіме ұнайтын ерекше фото деп жүзге жуық суреттерді айтар едім. Түрлі экперименттер жасалды. Тіпті инстаграмм парақшама жарияланбаған, модельдің өзіне бермеген суреттерім де бар. Фотографтардың тілімен айтқанда осы уақытқа дейін 6 терабайт контент жасадым.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Шетелдік мамандармен қандай байланыс бар?

– Менің өмірімде 2019 жыл мен 2020 жылдың орта тұсына дейін фотодан мүлде қол үзіп кеткен кезең болды. Тіпті тапсырыстардан да бас тарттым. Қарапайым тілмен айтқанда, менде шығармашылық дағдарыс болды. Сол дағдарыс кезінде көп оқыдым, көп іздендім. Жаңа дүниелер жасағым келді, жаңа леп іздедім, бұрынғы жұмыстарымды қайталағым келмеді. Әлі де ізденіп жүрмін. Соңғы үш айда түсірілген жұмыстарым ресейлік фотографтар отыратын пабликтерде көп жарияланды. Талқыланды, керек жерінде сыналды, мақтау да болды, көптеген пікірлер жазылды.

– Стиліңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Менің бағытым – портрет жанры. Бұл бағытта фото түсіретін мен ғана деп айтудан аулақпын. Себебі, Нұр-Сұлтан қаласында портрет жанрында фото түсірумен әуестенетін 20 шақты фотограф бар. Алайда, мен түсірген фотолардың ерекшелігі – әдемілікті беру. Әдемілікті жеткізу үшін бастапқыда аңдарды көп түсірдім. Яғни, көбінесе фотоға түсетін модельдер қыздар болғандықтан, олар ит, қоян, мысық сынды жануарларды жақсы көреді ғой. Осы қос әдемілікті үйлестіруге тырыстым. Және бір айтарлығы – маған көпшілігі өз суреттеріңде көк түсті көп қолданасың деп айтып жатады. Шынымен де фотосуреттерімді өңдеу барысында көк түсті қолданамын. Көбінсе фотографтар қоңыр, сары түс қолданады. Менің стилімнің ерекшелігі сонда деп нық айтуға болады.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Сіздің сүйікті кадрларыңыз бар ма?

– Иә бар. Көбінесе сезімталдылығы жоғары суреттерді жақсы көремін. Адамның жандүниесін ашатын фотосуреттер жаныма жақын. Әрине сурет те өнерге жататындықтан жақсы дүние жасау үшін шабыт керек, ептілік керек. Тағы бір назар аударарлық нәрсе – келген модельдің көңіл-күйі де түсіретін суретке қатты әсер етеді. Модельдің ұйқысы қанық, көңілі жайдары болса суреттер де тамаша шығады.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Фотоөнерге енді ғана ден қойған жандарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Техникалық тұрғыда айтар болсақ, ең бірінші фотоаппарат сапалы болуы тиіс. Оның обьективі мықты болуы керек. Фотоөнерге деген ықылас, талап, қызығушылық болуы шарт. Әрине сосын еңбек. Кез-келген жетістікке жету үшін талмай еңбектену керек. Еңбектенген адам өз стилін, өзіне керегін, бағытын табады. Және тағы бір маңыздысы экперимент жасаудан қорықпау керек. Іздену керек.

– Фотоөнерге өнер деп қарайсыз ба, әлде кәсіп деп қарайсыз ба?

– Екі көзбен де қарау керек. Себебі, ақша болмаған жерде мотивация болмайды. Біз пайдаланатын техниканың жабдықтары арзан тұрмайды. Әрбір керектенетін қуаттағыш батарейкалар болсын, флешка дейміз, жарық дейміз осының бәрін ақтау үшін әрине кәсіп ретінде қарауға мәжбүрміз. Себебі, оған қаражат керек. Ал, енді екінші бір қырынан тек кәсіп деп қарайтын болсақ, өнер жағы кемшін түсуі бек мүмкін. Сол себепті, таразының басын тең ұстаған жөн деп санаймын. Өнер жоқ жерде идея, жаңашылдық, ізденіс болмай қалады. Кәсіп жоқ жерде қаражат жоқ. Екеуіне тең қараймын.

– Осы саладағы ең үлкен гонарарыңыз қандай болды?

– Әр кезде әрқалай әрине. Бір тапсырыстан миллионға жуық қаламақы алған кездерім бар.

Жерлесіміз «Portrait photo awards» конкурсында топ жарды

– Сіз үлгі тұтатын фотограф?

– Фоторетуштың шебері швед фотографы Эрик Йоханссонның жұмыстарына қатты қызығамын. Оның жанры тіптен бөлек. Double exposition дейміз, яғни ол иллюзия фотолар жасайды. Заттармен көп жұмыс істейді. Сондай жұмыстардан көп мотивация аламын.

– Осы жылды қалай қорытындыладыңыз?

– Барынша еңбектендім. 2020 жыл өнімді жыл болды. Үлкен әрі маңызды жобалар жасадым. Экперименттер көп жасалды. Мәселен, шаммен жұмыс істеу, ақ пен қара сынды стильдегі фотолар түсірілді. Тағы бір үлкен жоба деп – балерина қыздың ұнмен билеуін айтар едім. Үлкен жарықтармен жұмыс істедік. Бұл әрине тұтас команданың жұмысы, жүзеге асыру үшін 10 шақты адам көмектесті. Аталмыш жаңа бағыттағы жұмыстар менің қоржыныма қосылған ерекше әрі салмақты дүние деп нық айта аламын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Фото қоржыныңыз тек сапалы суреттермен толыға берсін.

(Материалға Ардагер Сатбаевтың фотолары пайдаланылды.)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға