Жаңалықтар

Жергілікті өндірушілер өндірген сүт сұраныссыз қалып отыр – Серік Сегізбаев

Жергілікті өндірушілер өндірген сүт сұраныссыз қалып отыр – Серік Сегізбаев
Фото: © Freepik.com 24.06.2024 10:49 450

Мәжілістің Үкімет сағатында депутат Серік Сегізбаев мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экспорттауды дамыту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісмен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру серпіні тұрақты дамуды көрсететінін және терең өңдеудің үлесі әлі де төмен болып отырғанын жеткізді.

Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6 пайызын құрайды. Атап айтқанда, 2023 жылы сүтті өңдеу үлесі – 33%-ды, етті өңдеу – 41%-ды, жүнді өңдеу – 19%-ды, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6%-ды құрады. Сонымен бірге дайын өнімнің импорты өсіп келеді: 2023 жылы сүт өнімдері бойынша өсім 400 млн АҚШ долларын құрайтын 20%-дан асты, ал ет пен ет өнімдерінің импорты 408 млн АҚШ долларын құрады, – деді Серік Сегізбаев.

Депутат тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуінің салдарынан жыл сайын 800 млн АҚШ долларын жоғалтып, олар шетелдік фермерлерді қаржыландыруға кетіп жатқанын айтты.

Сарапшылардың болжамы бойынша, сүт өнімдерінің импорты бүгінгі 40%-дан 80-90%-ға дейін өседі. Мыңдаған қала тұрғыны қаладағы сүт зауыттарында жұмысынан айырылса, ауыл тұрғындарының шамамен 70%-ы сүт тапсырудан түсетін әжептеуір табыс көзінен айырылады. Бұл ретте отандық өндірушілерге импорттық құрғақ сүт құнының төмен болуына байланысты сондай сүтпен жұмыс істеу тиімдірек болады. Жергілікті зауыттар құрғақ сүтке деген қажеттілікті тек 15%-ға жабады, тиісінше жергілікті өндірілген сүт шикізаты сұраныссыз болып қалып отыр, – деді депутат Серік Сегізбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға