Жаңалықтар

Жергілікті атқарушы органдардың басшылары жауынгерлік дайындықты көрсетті

Жергілікті атқарушы органдардың басшылары жауынгерлік дайындықты көрсетті
Фото: Қорғаныс министрлігі 18.08.2024 20:51 524

«Сарышаған» полигонында әкімдер мен олардың көмекшілеріне әскери қауіпсіздік және аумақтық қорғаныс бойынша сабақтар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери жиынға Қарағанды, Ұлытау облыстарынан 27 әкім мен олардың көмекшілері қатысты.

Теориядан басталған сабақта жергілікті атқарушы органдардың басшылары ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіповтің басшылығымен әлемдегі және өңірдегі әскери-саяси жағдай бойынша дәріс тыңдады.

Әкімдер мен олардың көмекшілері полигонға үш апта бұрын келген әскери міндеттілердің тұрмыс жағдайларымен танысты. Сондай-ақ артиллериялық зеңбіректерден жауынгерлік атыстар көрсетіліміне қатысты.

Артиллериялық атыстарды үш апта бұрын ғана жиынға шақырылған әскери міндеттілер орындады. Осы уақыт ішінде олар жауынгерлік техниканы толықтай игере алды. Бүгін олар көздеген мақсаттарына қол жеткізіп, жақсы нәтиже көрсетті, - деп атап өтті «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев.

Сабақ соңында жергілікті атқарушы органдардың басшылары атыс қаруынан атуды іс жүзінде орындап, сынақ тапсырды.
Калашников автоматынан атуда Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков үздік атанды. Ал Макаров тапаншасынан Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали тамаша нәтиже көрсетті.
Практикалық атыстарды орындау барысында көзге түскен жергілікті атқарушы органдардың басшылары грамоталармен марапатталды. Қатысушылардың бәріне Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітабы табысталды. 

Әкімдер мен олардың көмекшілері «Астана» өңірлік қолбасшылығына маңызды әрі пайдалы жиын үшін алғыстарын білдірді. 

Бүгінде әлемдегі геосаяси оқиғалар аясында мұндай сабақтар ерекше өзекті. Жиын бағдарламасы өте қарқынды болғанын айта кету керек. Алған ақпараттың арқасында мен қаламыздың аумақтық қорғаныс органдары жұмысының тиімділігін оларға жауынгерлік қабілеттілікті арттыру тұрғысынан қайта қарауды жоспарлап отырмын, - деп атап өтті Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға