©Pixabay.com

Жерге ірі астероид жақындап келеді

Жылдың ең ірі астероидтарының бірі – 2025 FA22 – 18 қыркүйекте Ай орбитасының диаметрінен сәл ғана үлкен қашықтықта Жердің жанынан өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ресей ғылым академиясының Ғарыш зерттеулері институтының Күн астрономиясы зертханасы мәліметінше, астероидтың орташа ені – 166 метр, ұзындығы – 290 метр. Салмағы шамамен Челябі метеоритінен (7-13 мың тонна) мың есе ауыр.

Көлемді ғарыш тасы Жерге ертең, шамамен сағат 12:00-де (Астана уақытымен) барынша жақындайды.

Ғалымдардың айтуынша, оның Жерге соғылу ықтималдығы өте төмен. Қазіргі траекториясы өзгеріссіз қалса, астероид Жер мен Айды жанап өтеді.

Бұл – 2025 жылы планетаға 1 миллион шақырымнан аз қашықтықта өтетін ең ірі астероид.

Зерттеулерге сәйкес, 2025 FA22 Жер маңынан ара-тұра өтіп тұрады. Соңғы рет осындай жағдай 1940 жылдың 17 қыркүйегінде тіркелген. Енді ол 2173 жылдың қыркүйегінде қайталанбақ.