Жаңалықтар

Жер жәннаты — Жетісу

Жетісу жайлы сөз қозғасақ, оның ерекше табиғаты жайлы айтпай өту мүмкін емес
Жер жәннаты — Жетісу
08.06.2017 16:45 110859

«Жер жәннаты Жетісу» деген сөз тіркесін жиі естиміз. Дегенмен оның мағынасына үңіліп, бұл өңірді неліктен жер жаннаты атайды, Жетісу деген сөз қайдан шыққанын білмейтін адамдар бар. Егер сіз солардың қатарына жататын болсаңыз, төмендегі мақала сіз үшін.

Ертедегі жергілікті тайпалар шаруашылығы Жетісуды дербес экономикалық аймаққа айналдырды. Б.з.б. 7 — 4 ғасырларда Жетісуды сақтар мекендеген. Олар шаруашылықтың сол кездегі жетілген түрі малшылық және суармалы егіншілікпен айналысып, қола мен темірден жасалған құралдарды пайдаланған.

Ғалымдар өңірдің Жетісу аталуын жеті түрлі өзенмен байланыстырады. Алайда нақты қай өзендер дегенде олардың пікірлері сан тарапқа бөлінеді. Мысалы А.К. Гейнс жеті өзенге: Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А.Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. Ал кейбір географтар өңірдің шығу тарихы нақты өзендермен емес жалпылама алғанда өзенге бай өңір болғасын және қазақта жеті санын киелі санауымен байланыстырады.

Жетісудың аумағы Солтүстіктен Оңтүстікке дейін 900 км және Шығыстан Батысқа дейін 800 км алып жатыр. Осындай ұлан-ғайыр алқаптың табиғаты да әртүрлі.  Таудың етегі ауасы ылғалды, салқын болса, енді бір жерлерде көк майсаға бай, кішкентай өзендер мен тау бұлақтары көп, егін егіп, мал жаюға өте қолайлы жерлер кездеседі.

Алматы облысында, Жетісуда, Қарасай, Жамбыл аудандарында жас кезімнен талай рет жаяу жүрген жерім, әкеміздің жанына еріп. Атқа мінген жеріміз еске түскенде, әрине, тебірентеді. Күш-қуат береді.

Нұрсұлтан Назарбаев

Жетісу жайлы сөз қозғасақ, оның ерекше табиғаты жайлы айтпай өту мүмкін емес. Жоғарыда айтып өткендей Жетісуды ежелгі Сақ, Үйсін, Қаңлы тайпалары мекен еткен. Бұл тайпалардан бізге қалған баға жетпес мұра – Тамғалы тас.

Тамғалы петроглифтері асқан құнды адамзат мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Алматы қаласынан Тамғалы тасқа дейін 120 км. Тастарда VIII-IX ғасырларда қыпшақтардың жазбаларымен қатар Будда құдайларының бейнелерін кездестіруге болады.

Шарын шатқалы жайлы естімеген адам аз. Шарын ұлттық паркі Алматыдан 195 км қашықтықта орналасқан.  Бұл шатқалдардың 12 миллион жылдан астам тарихы бар.

Қайыңды көлі де Жетісудың бетке ұстар табиғи байлығы. Бір ғасыр бұрын үлкен көшкіннің нәтижесінде пайда болған. Суға батқан кемелер секілді сюрреалистік көрініс беретін Қайыңды көлі Жетісудің мақтанышы.

Көпшілік «Солтүстік Тянь-Шаньның маржандары» деп атайтын Көлсай көлдері Жетісудің баға жетпес байлығы. Көлдер 1887 және 1911 жылдары Қайыңды және Көлсай өзендері салдарынан пайда болған. Көлсайдың ауа-райы жағдайы демалу және сауықтыру үшін ыңғайлы, оған сәйкес қысы жұмсақ, ауасы таза, қысқы демалыс түрлері үшін қолайлы. Көлсай көлдеріне жаяу және атты маршруттармен баруға болады.

Табиғаты тамсандырған Жетісу өңірінің ең көрікті мекендерінің бірі — Іле өзенінің жағалауы. Аспан астындағы  көне мұражай болып саналатын Тамғалы Тас шатқалында балық аулап, қайықпен жүзіп, таза ауамен тыныстай аласыз. «Көшпенділер», «Мың бала» сияқты тарихи фильмдердің түсірілім жұмыстары дәл осы Іле жағалауында өткен.

Жетісудің көрікті жерлері туралы таңды-таңға ұрып баяндай беруге болады. Алайда мүмкіндігіңіз болса ең болмаса бір рет өз көзіңізбен көргеніңізге не жетсін!? Уақыт тауып Жетісу өңіріне саяхаттаңыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға