Жаңалықтар

ЖЕР ЖАЛДАУ ЖАЙЫНАН

Басқармаға келген кейбір хаттардан: қазақ жері алынбасқа амал таппағанымызға өкпелеушілер бар көрінеді.
27.08.2014 13:45 5325

ЖЕР ЖАЛДАУ ЖАЙЫНАН

Басқармаға келген кейбір хаттардан: қазақ жері алынбасқа амал таппағанымызға өкпелеушілер бар көрінеді. Жер жайынан айтарлық сөздің бірсыпырасы айтылып болып еді. Сөзімізге түсініп, ақылымызды алатын қазақ болып, сол айтқандарымызды істесе, іргесу ауып, табаны көтеріліп, жерінен айырылып, боспас еді дейміз. Айтқан сөзге түсінбесе я түсінсе де айтқанды істемесе, біз айтып отырсақ, жұрт оны істемей, ұнатқанын істеп отырса, оған етер не амал бар? Жұрт істеп отырған ісін қисық я түзу деп айту ғана қолымыздан келеді, істеткізбей, тоқтату қолымыздан келе ме?

Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста. Əдіс қылған жағы ауыстырып алып жатыр, бос ұстаған жағы айрылып қалып жатыр. Жерді қолында қатты ұстау, бос ұстау қазақтың өздерінен. Оған біз не істерміз?

Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар. Жерін алдыруға болмаса, алдырмасқа іс қылған қазақ жоқ. Əркім өз жерін ғана ойлайды, өз басының ғана қамын ойлап, өз пайдасын ғана көздеп іс қылып, жұрт пайдасы мен зарарына тіпті қарамайды. Жұрт жері кетпесе, менің де жерім кетпес, жұрт жерден айрылса, мен де жерден айрыламын ғой деп еш ойламайды. Сондықтан жұрт үстіндегі, көп ортасындағы жер ғой деп, сатып, пайдаланып қалайын деп ойлайды. Мұжықты қазақ жеріне үйір қылып, қоңсы қондырған əуелде де осылай ойлағандық еді, осы күнде де сол ой қалған жоқ.

Қазақ жеріне мұжықтарды шақырып кіргізген, хүкіметтен бұрын, қазақтардың өздері емес пе еді? Қазақты бағып тұрған хакімдердің көбі келген мұжықтарды орнықтырмай, көшіргендері де болған. Дала уалаятының генерал-губернаторы Колпаковский қазақ жері өздеріне де тар, мал жаюға жер жетпеген соң, қазақ орыстардан һəм Тобол губерниясындағы орыс жерлерін жалдап, мал жайып отыр деп көрсеткен. Бірақ қазақтардың өздері келген мұжықтарға жерін беріп,  құшағын жайып, қойнын ашып, қабыл алып отырған соң, Колпаковскийдің қазақ жерін қорғап, қызғанғаны босқа қалған. 1882-ші жылы Жалғызкөл деген жерге түскен қаланы ........... отырсың деп, Колпаковский көшірген, 1888-ші жылғы 17-ші мартта шыққан генерал-губернатордың бұйрығында Семей облысында еш жерге мұжықтар қала салушы болмасын деген.

Бұл бұйрықтардың бəрі де орнына келмей, құр қағаз бетінде қалды. Өйткені мұжықтарға жер керек болды, жұрт қамын ойлайтын қазақтың бас адамдарына жұрт пайдасынан гөрі өз пайдалары жақынырақ болды. Жұрт келер зарарға қарамай, өздерінің жер сатып, байып алғанын артық көрді. Бір жағынан, хакімдер қазақ жерін қорып бұйрық шығарып жатқанда бір жағынан, мұжықтар мен қазақтар хакімдерден жасырын жерді бірі сатып, бірі алып жатты. Мұжықтар жиылып, қала болып көбейіп, көзге түсерлік болған кезінде ғана хакімдер біліп қалатын болды. Переселен законы шықпай тұрғанда қазақ жерінде мұжық қаласы жоқ па еді? Оны шақырып, қоңсы қондырған қазақтардың өзі емес пе еді? Қазақтың көбі жер сатуды кəсіп қылып алған жоқ па? Қазақтың ауыл ағасы болған, атқамінер пысықсынған адамдарының жер сатуды кəсіп қылмағаны бар ма екен? Болса, ауылнайлардың жұртты сыр- тынан сатып іс қылатындарын былай қойып, жай қазақтарды алғанда да жер сатпайтындары аз болса керек. Жер сату қазаққа əдет болып кетті. «Ауру қалса да əдет қалмайды» деген, сол жер сату əдетін жер мол болса да, жер тар болса да тастамайтын көрінеді.

Қостанай уезінде Кеңарал волосында Щербина нормасы бойынша «излишке» (артық жер) жоқ еді. Артық жер болмаған соң, жер жалдау болмасқа керек еді. Қазақтар, жері артық болмаса да, жалдаудан тоқталған жоқ. Щербина есебінше, бір мұжық қондырарлық жер болмасқа тиіс, қазақ ол жерге екі поселка қондырып отыр. Каменский һəм Белоярский поселкалар, Щербина есебі бойынша, жер жоқ кезінде келіп түскен. Оған орын тауып беріп қондырып отырған переселен чиновниктері емес, қазақтардың өзі. Каменский поселка болған жерге 1891-ші жылы бір үй орыс қазақтан жер жалдап келіп отырған. 1891-ші жылы жəне бір үй келіп қосылған. 1897-ші жылы бұрынғыларға екі үй келіп қосылған. 1899-шы жылы 24 үй келген, 1900-ші жылы 179 үй келген. Белоярский поселка тұрған жерге 1899-ші жылы 10 үй келіп, қазақтан жер жалдап орныққан, 1900-ші жылы 63 үй келіп қосылған. Осы күнде сол екі поселкада 700 шамалы үй бар, бұлардың бəрі де «излишке» жоқ кезінде келіп орнағандар. Переселен чиновниктері бұларға жер кесіпберерде, қалайберерінбілмей, қысылған. Мұжықтарға беруге норма бойынша «излишке» жоқ. «Излишке» болмаса, қазақ жерін алуға жол жоқ. Орнығып қалған екі поселкадағы 700 үйді көшіру ретін тағы таба алмайды. Ақырында жолдан тысқары жан басына 5 десятинадан жер кесіп берген. Қазақтар өздері қондырмаса, сол екі поселкаға берілген жерлер – даусыз қазақта қалатын жерлер.

Қостанай  уезінде  Меңдіғара  волосында  норма  бойынша «излишке» жоқ еді. Оған да орыс займкаларын қазақтардың өздері түсірді, мысалы, Гребенкин займкасы оғайрилары. Оларға да жоғарғы екі поселка сияқты жер берілді.

Мінеки, біздің қазақтың ісі! Құты переселен чиновниктері: артығы жоқ, қалай аламыз деп қысылып, қызаратын жерлерден қазақтар ұялмай, қызармай, жер сатып отыр. Осыны істеп отырып, жеріміз аз, мұжыққа берерлік артық жер жоқ деп, ұялмай, қызармай, дауласпақшы. Ол дауды кім тыңдамақшы? Қазақтың ондай дауын тыңдар еді, қазақ арыз еткен мекемелер қазақтың жоғарыда айтылған сырларын білмесе. Оны білмейді деп айта алармыз ба, осы хабарлардың бəрін сол мекемелерден алып отырып?

Бұлардың бəрі өткен іс. Енді оларды түзету болмайтын жұмыс. Болары болып, бояуы сіңіп қалды. Бұларды қопарып жазып отырғандағы мақсат: өткен істің қатесін  байқап,  ілгері істерге істемесін деген. Қазақ көшпелі нормамен болсын, отырықшы нормамен болсын – қайсысымен жер алса да, бұрынғыдай кеңшілік болмайды. Кең жердегі əдетін тар жерге де істеп, сатудан тыйылмаса, қазақтың күні қараң: жерден айрылады. Кең жердегі əдетін тар жерге істегенін жоғарғы екі поселка турасында айтып өттік. Онан да сорақы істі тағы естіп отырмыз. Ақтөбе уезінің Борлы болысының 8-ші ауылының қазағы Бакеш Дүйсенбай баласының 15 десятинадан алған жерден арендаға жер сатқанын төменде газетаға жазып отырмыз. Жер сатып əдеттенген бір Дүйсенбай баласы емес, неше мың Дүйсенбай балалары бар шығар. Бəрі де əдетін тастамай, нормамен өлшеп берген жерге де істей бастаса, қазақ жерден айрылмай, кім айрылады? Артығы жоқ тар жерге орнаған орыстарды көшірмей, сол жерден жер кесіп берген жайын жоғарыда сөйледік қой. Өздерің шақырып қондырған орыстарға ортаңнан ойып, өлшеп алған жерлеріңнен жер кесіп бересің. Бір жағынан, 15 десятина аз, онымен күн көре алмаймыз деп, зарлап жатып, бір жағынан, 15 десятина көп деп, артығын сатып жатса, 15 десятина көп екен деп оны да кемітер. Ол кеміткен жерді қазақ тағы сатар. Солай болған соң, қазақ жері қалай өзінде қалар?

Қазақ жері өзінде қалуға жол тауып бермейсіңдер деп өкпе- лейтіндер жұртты  айтқанымызға көндіріп отырып  өкпелесе екен. Біз көрген-білгенімізді аяп қалмай, халыққа айтамыз, оған құлақ салмай жұрт өз білімінше істесе, оған біз не істерміз? Қазақ пен мұжық бірігіп іс қылғанада, Колпаковский бұйрығы да далада қалған. Осы күнгі қазақ жеріне келіп орналасып жатқан мұжықтарды хүкімет келтірмеске бұйрық шығарса, бəрін болмаса да, көбін қазақтың өзі шақырып қоныс берер еді. Өйткені мұжықтарға жер керек. Қазақтарға еңбексіз тегін табылған мал керек. Екі жақтың керегі бір жерден табылған соң, қазаққа мұжық қоңсы қонбай тұрар ма?

Əркім жалғыз өзім демей, өзгелер жайын да ойлап, пейілін кеңге салып іс етпесе, жұрт жұмысы түзелмейді. Жұрт пайдасын аяғына басып, бетімен жайылатындарын қайырып, үйірге кіргізіп отырмаса, бір қойдың қотыры мың қойға жұққан сияқты, бір адамның кесірі мың адамға тимекші.

(1913 ж.)

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға