©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Жер бетіндегі құрлықтар құрғап барады – ғалымдар дабыл қақты

Соңғы жиырма жылда жерсеріктер арқылы алынған мәліметтер Жер континенттерінің бұрын-соңды болмаған қарқынмен құрғап бара жатқанын көрсетті. El.kz интернет порталының хабарлауынша, 2002 жылдан бастап су тапшылығынан зардап шегетін аумақтардың көлемі жыл сайын екі есеге артып келеді.

Science Advances журналында жарияланған жаңа зерттеуде бұл дағдарыс тек өзен-көлдер сияқты жер үсті су көздерінің ғана емес, ауызсудың маңызды көзі болып саналатын жерасты сулардың да азаюын қамтитыны айтылған.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда Жердің солтүстік жартышарында қуаңшылықтан қатты зардап шеккен аймақтар көбейген. Бүгінде әлем халқының шамамен 75%-ы тұщы су тапшылығы бар өңірлерде өмір сүреді.

Бұл жағдай ауыл шаруашылығына, санитарияға және климаттың өзгеруіне бейімделу қабілетімізге теріс әсер етеді. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, жауын-шашын аз түсетін аймақтардың шөлге айналуы жылдамдай түсуі мүмкін, – деп ескертеді зерттеу авторлары.

Зерттеуде ең көп зардап шеккен аймақтар ретінде Солтүстік Американың батыс және оңтүстік-батыс жағалауы, Орталық Америка, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия атап өтілген.