«Жеңуі де мүмкін»: депутаттар «Қайрат» пен «Реал» арасындағы ойынға болжам жасады
30 қыркүйекте алматылық «Қайрат» футбол клубы 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойынында әлемнің ең атақты командаларының бірі – мадридтік «Реалға» қарсы алаңға шықпақ. Алдағы кездесуге қатысты Мәжіліс депутаттары өз болжамдарын айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Депутат Еділ Жаңбыршин «Реалды» жеңу оңай болмайтынын, дегенмен мүмкіндіктің де бар екенін айтты.
Егер қарсылас негізгі құрамын емес, екінші құрамның ойыншыларын шығарса, сенсация болып, «Қайраттың» жеңіп кетуі де мүмкін, – деді.
Ал Айдарбек Қожаназаров бұл тарихи ойынды стадионға барып, баласымен бірге тамашалайтынын жеткізді. Ал мінберде спорт тақырыбын жиі көтеріп жүрген депутат Нартай Аралбай отандық клубқа зор сенім артып отыр. Оның айтуынша, «Қайрат» бұл матчта жанкүйерлерін қуанта алады.
Сонымен қатар спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов та «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы кездесуді стадионнан көруге ниетті екенін мәлімдеді.
Спортта алдын ала болжау қиын. Дегенмен «Қайраттың» жеңіске жетуі де әбден мүмкін. Сондықтан барша жанкүйерлерді командамызға қолдау көрсетуге шақырамын, – деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл матчты тамашалауға шамамен 4-5 мың шетелдік жанкүйер келуі мүмкін.
Бүгінде біздің футбол қарқын алып келеді, инфрақұрылымымыз барлық стандарттарға сай. Ойын алаңы дайын, стадион УЕФА бағалауына сәйкес төртінші категорияға жатады. Біз спорттың адамдарды біріктіретінін, оларға үміт сыйлайтынын көрдік. Бұл әсер басқа спорт түрлеріне де ықпал етеді. Егер біз әлемдік тәжірибені қолданып, спортшыларымызға инвестиция құйып, академиялар ашсақ, халықтың рухы мен спортшыларымыздың қайсарлығының арқасында жоғары жетістіктерге жетеміз, - деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, алматылық «Қайрат» өз алаңында аңызға айналған «Реал Мадридті» 30 қыркүйекте қабылдайды. Клубтың өзі матч билеттерінің бағасына қатысты мәлімдеме жасаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

