Жаңалықтар

Жеңсік ас - "Жаужүрек"

Қазақ ұлттық тағамы
Жеңсік ас - "Жаужүрек"
27.02.2017 16:47 14412

Қазақ ұлттық тағамдарын сөз еткенде жаужүрек тағамы ұмтылып бара жатқан ас ретінде жиі еске алынады. А.Құралұлының құрастыруымен шыққан «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі» еңбегінде «жаужүрек» сөзіне бірнеше мысал келтіріледі. Көбіне «жаужүрек жауынгерлер» деген тіркес ретінде қолданылып, батыр, ержүрек, батыл деген мағынаны білдіреді деп көрсетілген. Одан бөлек, аңшылардың атып алған аңынан жасалатын тағам делінген. Яғни, атып алған аңның сауыр еті мен майын орап, қақтап, далада пісіріп жеген. 

Сонымен, бүгін сіздерге үй жағдайында жаужүрек тағамын қалай дайындауға болатынын түсіндірмекпіз. Біріншіден, тағамға керек ингриденттер оңай табылады. Әзірлеу үшін сүт, бауыр, қойдың шар майы, тұз және сұйық май қажет. Алдымен бауырды 1-2 сағат бойы сүтке жібітіп аламыз. Өн бойына сүт сіңіп, жібіген бауырды тілімдеп, майды төртбұрыштап тураймыз. Бауырға тұз әбден сіңген соң, оны шар майдың ішіне орап, арнаулы таяқшалармен түйреп қоямыз. Артынша қазанға салып қуырамыз.

Қазақ халқы көшпенді дәуірде ұл балаларды кішкентайынан батырлыққа, батылдыққа баулыған. Сонымен бірге осы «Жаужүрек» тағамын жиі жегізіп тұрған. Құнарлы да, дәруменге бай бұл тағамның құрамында гепарин деп аталатын дәрумен мол. Қазіргі клиникада «гепарин» деп аталатын дәрі қан жұмысын жақсарту мақсатында пайдаланылатыны белгілі. Бұл гепарин элементі өзге малдардан гөрі осы қой бауырында көп жиналған. Бұл жүрек жұмысын жақсартып, жүрек талмасының алдын алады. Әрі қан жұмысын жақсартып, ағзадағы зат алмасу процесін реттейді. Ал, бұл өз кезегінде бет терісінің жасара түсуін қамтамасыз етеді. Бұрынғы қазақтардың алтын асықтай ұлдары мен күміс қасықтай қыздарының екі беті алмадай болып шырайланып тұруының бір сыры осы болса керек. Май мен бауыр бірге қуырылатындықтан сөлді, шырынды болып піседі. Кезек өздеріңізде, кешкі асқа пісіріп, жақындарыңызды қуантыңыздар!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға