Жаңалықтар

Жеңіс сыйлаған соңғы минуттар

«Астана» тартысты кездесуде «Яблонецтен» басым түсті
Жеңіс сыйлаған соңғы минуттар
11.11.2018 20:04 5136

 

8-қараша күні «Астана Аренада» өткен ойын Еуропа лигасының К-тобындағы біраз мәселені шешуге ықпал етті. Григорий Бабаян шәкірттері тағы да соңғы минутта бар өнерін ортаға салды. Міне, енді төрт клубтың қайсысы плей-оффқа жолдама алатыны белгілі болғандай. Сонымен, таласқа толы футбол «тойы» қалай өтті екен?

Ойын алдындағы баспасөз отырысында қос команданың бапкерлері өз ойларымен бөлісті. «Астана» командасының бас бапкер міндетін атқарушы Григорий Бабаян:

– Бұл кездесудің маңызы өте жоғары. Қиын болатынын сезіп отырмыз. Чехиядағы ойын бізде біршама қиындықтар барын көрсетіп берді. Онда өте мықты, агрессивті ойын өрнегін жүргізетін командамен тіке-тірестік. Бірінші таймды тактикалық жоспарымызда аздаған қателіктер орын алды. Бұл қарымта матчта ұйымдасқан футбол көрсетеміз деп ойлаймын. Стадионға көптеген жанкүйерлер жиналып,  жақсы атмосфера сыйлайтынына сенімдімін. Сонымен қатар, бізге ойынды өз бақылауымызда ұстап, басымызды жоғалтып алмағанымыз да маңызды болмақ. Жанкүйерлер біздің алға қарай жүгіргенімізді қалайтыны белгілі. Бірақ, бәрін ұмытып, ессіз алға ұмтыла беруге де болмайды. Себебі, чехтардың шабуылдаушы ойыншылары өте мықты. Олар кез келген уақытта жазалап кетуі мүмкін. Бізге ұйымшыл ойын өрнегін көрсетіп, оларға бос кеңістік бермеу керек.

Ертеңгі ойыннан Шомко, Логвиненко, Щеткинді көре алмайсыздар. Ал Эрич (соңғы Қазақстанның прьемер-лига ойындарында жарақат алып, алаңды тастап кетуге мәжбүр болған еді – авт.) қызу жаттығу өткізіп жатыр.  Ілгеріде айтып кеткенімдей қорғаныста мығым ойнауға тырысамыз. «Яблонец» Чехия біріншілігіндегі соңғы екі сырт алаңдағы ойында 12 гол салған команда. Олардың шабуылдау шебі бізді де жазалауға дайын екенін ұмытпаймыз. Футболшылар еуропалық деңгейдегі ойындар басталғанда, гол салудан көптеген қиындықтарға тап болған-ды. Команданы бірнеше жаңа легионерлер толықтырған еді. Олар командаға сіңісіп кету үшін біршама уақыт керек болды. Голдың кім салғаны емес, маңыздысы команданың жеңіске жеткені, – деді.

«Яблонец» клубының бас бапкері Петр Рада бірден жасанды төсеніштің алаң иелеріне басымдық беретінін айтты:

– «Астана» еуропалық турнирлерде бірнеше рет жеңіске жеткен өте тәжірибелі қазақстандық ұжым. Олар тағы да Қазақстан чемпионатын жеңіп алғанына еш таң қалуға болмайды. Қазір менің шәкірттерім ойынға дайын. Бізде әзірге 2 ғана ұпай барын білемін. Әлі турнир кестесінде ештеңе нақты шешімін тапқан жоқ. Сол үшін барымызды саламыз. «Астана» қорғаныстан шабуылға өте жылдам өтетін команда. Олардың шабуылдаушы шебі мықты легионерлерден жасақталған. Қандай нәтиже боларын ертеңгі ойын көрсетеді.

«Астана» (Қазақстан) – «Яблонец» (Чехия) – 2:1 (1:1)

Голдарды салған: 1:0 Педро Энрике, 18, 1:1 Зайнутдинов, 40 (автогол), 2:1 Постников, 88

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Зайнутдинов, Маевский, Кляйнхайслер, Томасов, Алмейда (Мұжықков, 71), Педро Энрике (Муртазаев, 80), Кабананга (Янга, 61).

«Яблонец»: Хрубы, Голеш, Говорка, Лишка, Ганоушек, Хюбшман, Йовович (Кубиста, 89), Травник, Поважанец, Соболь (Кратохвил, 72), Долежал.

«Астана» командасының коучы Григорий Бабаян Чехияда алғашқы минуттан қосқан «сарбаздарын» алаңға өзгеріссіз жіберуді жөн санапты. Өткір шабуыл өтінде Кабананга, «ондық» рөлінде бразил-азербайжандық Ришард Алмейда,  ал Зайнутдинов сол қапталдың қорғанысына жауап береді. Ал қақпада «Қайратпен» өткен ойында аздап жарақат алып қалған Эрич тұрды. Оның тез айығып қатарға қосылғаны көңіл қуантады. Қонақтар командасының бас бакпері Петр Рада бас құрамның негізгі аяқдопшысы Масопустың көмегіне жүгіне алмайды. Оның орнын черногорлық Йовович басқан екен.  Сонымен қатар, сол қапталда ойнайтын Акоста да бұл матчта төбе көрсетпеді. Оны украиналық жас жартылай қорғаушы Эдуард Соболь алмастырды (ойын соңындағы баспасөз отырысында бапкер бұл ойыншының көрсеткен өнеріне көңілі толмағанын айта кетті). Соболь қаншалықты Томасовтың жолын бөгейтінін ойын барысында көре жатармыз. Бұл жақты жақсы қорғай алатын Икауниекс те ойынды алаң жиегінен тамашалап отырды. Әрине, бас бапкердің құрамды осылай өзгертуінің астарында не жатқанын түсіну қиын. «Яблонецтің» шабуылдаушы рөлін Мартин Долежал атқарды. Ол алдыңғы ойында тер төккен Храмостаның орнын басқан екен. Алғашқы минуттан-ақ Мартин өзін жақсы қырынан көрсете бастады. Ол Аничичтің соңына түсіп, доптан айырылуын қадағалап тұрды. Бірақ, біздің қорғаушы қателікке бой алдырмай, Эричті ойынға араластырды. Ал Ненад әупірімдеп жүріп, допты өз иелегінде сақтай алды. Ендігі, астаналықтар алда жүрген Кабанангаға доп жеткізбек болған. Жуниор болса, офсайдта қалып қойып, шабуыл ұйымдастыра алмады. Сәл кейінірек Маевский орта дистанциядан соққы жасаған, бірақ қақпаны дәл көздей алмады. Алғашқы он бес минуттықта допқа иелік ету «Астана» ойыншыларында болғанымен, қонақтар өте қауіпті шабуылдармен жауап қатып жатты. Олардың алғашқысы Йововичке тиесілі. Ол Эричтің шеберлігін бір сынап көрді. Ненад қарсылас соққысын сәтті қайтарып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Алаң иелері сол сәтте-ақ шабуылмен жауап қатты. Тағы да Кабананга чех қорғаушысынан айласын асыра алмаса, көмекке келген Томасовтың соққысына Грубы лайықты жауап қатты. Сақалды кипер Мариннің көзге түсуіне жол бере қойған жоқ. Бұл алғашқы голдың дайындығы болған екен. Араға минут өтпей, ойында есеп ашылды. Алмейда корнер көтеріп, доп жолай Зайнутдиновтың басына тиген. Қақпа алдында ашық қалған Педро Энрике допты қақпаға бағыттай салудан басқа амалы қалмаған еді. Бразилиялықтың бұл «Яблонецтің» қақпасына салған екінші голы. Әрине, қарсыластар бұрыштамада қателікке бой алдырғандарын мойындайды. Еуропа лигасының келесі кезеңіне өтуді ойлаған командада мұндай қателіктер болмау керек.  Десе де қонақтар да оп-оңай таразы басын теңестірудің аз-ақ алдында қалды. Долежал Постниковты өзімен ала кеткенмен, Евгений шабуылшыдан көз жазып қалды. Мартин бірден спорттық снарядты Собольға асырған. Эдуард Рукавинада оңай құтылып, соққы жасады. Бірақ, сол аяғымен тепкен доп қақпаның сыртына барын жанасты. Одан кейін яблонецтықтар стандарт орындауға мүмкіндік алды. Елордалық ойыншылар бірінші толқынмен жасалған шаубылдың бетін қайтара алғанымен, келесісінен көз жазып қалды. Біздің бағымызға орай, Поважанц допты маңдайшадан биікке жіберді. Әйтпегенде, таблода 1:1 есебі жанып тұрар еді...  Қонақтар қалайда есепті теңестіруді ойлады. Астаналықтардың да матч басындағы белсенділігі төмендей бастады. Мәселен, қонақтар қорғаушысы Голеш бірінші кезеңнің аяқталуына он минуттай қалғанда, шабуылды түйіндеуге тырысқан. Оның добы қақпа торының сыртынан табылды. Астаналықтар да ес жинап, қарымта шабуылға шықты. Алмейда жоғарыдан Томасовтың жолына доп лақтырған. Марин алдынан шыққан Грубыдан айласын асыра алмады. Хорватқа допты жерге түсірмей соққы жасау керек пе еді?! Әрине, айту оңай. Доп бұрыштамаға кетті. Одан да аса қауіпті шабуыл бола қойған жоқ. Чехтардың белсенді қорғаушылары қауіптің бетін қайтарып тастады. Ойын тартысты бола түсті. Себебі, қонақтар анық жеңілуге келмеген секілді. Олар гол жіберіп алған соң, астаналықтарға қысым жасап, қалайда допқа көп иелік етіп, есепті теңестірудің амалдарын жасады. Ойын басында допқа Григорий Бабаян шәкірттері көбірек иемденсе, алғашқы таймның бел ортасынан ауа бастағанда, бұл көрсеткіш теңесе бастады. Біздің футболшылар алға ұмтылуын азайтып, үзіліске осы басымдықпен кетуді ойлағандай. Бірақ, Петр Раданың ойыншылары онымен кеспейтіндіктерін мәлімдеді. Голештің алғашқы соққысына Аничич бөгет бола білсе, корнерден басталған шабуыл ақыры нәтижесін берді. Қақпа алдында таласта Лишка Маевскийден жоғары секірген, одан келген доп Зайнтудиновтың басына тиіп қақпа ішінде тулады. Доп бағытын Эрич бақылап тұрған. Бірақ Бахтиердің басы қақпашыны жұмыссыз қалдырды. Жас қорғаушы керек емес жерден табылып, командасының жағдайын қиындатып қойды. 1:1 есебі алғашқы таймның қорытындысы болды. Бір жеті бұрын Чехиядағы ойында да осындай сценарий қайталанған. Алаң иелері есеп ашқанымен, қонақтар дереу теңестіріп, ойындағы тартысты қыздыра түскен. Бұл жолы да сол футбол кешінің қайталамасы бола ма екен? Қос команда да жеңістен дәмелі екендерін көрсетті. Екінші таймда да бізді талай қызықтар күтіп тұрғанына күмән келтіру қиын.

Екінші ойын бөлігі де тартысты басталды: Педро Энрике дубль авторы атануға аз қалды. 55-миунттары астаналықтар «4-ке 2» шабуылын ұйымдастырған. Бірақ, Алмейда сол қапталға пасты дұрыс жеткізе алмай, керемет шабуылды тұншықтырды. Ал ойын бойы көріне алмай жүрген Жуниор бұл жолы да сәтсіз қимылдады. Педро Энрикенің кросынан кейін, допты айдалаға жіберді. «Яблонец» те дәл осындай қауіпті шабуылдармен жауап қатты. Орта дистанциядан Поважанц соққы жасған. Доп Эричтің сол бағанасының жанынан өте шықты. Содан соң, Соболь асатаналықтардың қорғаныстағы кем-кетігін оңай «кешірді». Рукавина Постниковпен қатар жүріп, украиналыққа допты "сыйлай" салды. Ал Эдуард тамаша сәтті жіберіп алды. Жас ойыншыға шеберлік жетіспегені анық. Мұнымен қоймай, Чехиядан келген ала доп шеберлері астаналықтардың қақпасын торуылдаумен болды. Йововичтің соққысы бір ойыншыға тиіп, корнерге кетті. Сосын Голеш пен Кляйнхайслер ойын барысында қақтығысып қалды. Біздің бағымызға орай, ешқандай стандарт орын алған жоқ. Қорғаныстағы тағы бір кемшіліктен кейін чехтар алда жүрген Долежалды паспен қамтамасыз еткісі келген. Зулаған доп, зулап өте шықты. Оған Мартин қанша тырысса да, жете қойған жоқ.

Григорий Бабаян алаңдағы ойыншылар басымдықты қонақтарға беріп қойғанын ескеріп, ойынды құтқару үшін бірден екі футболшыны ауыстырды. Янга мен Мұжықов тартысты ойынға тың серпіліс беру керек болды. Рангело ойынға арласа сала, бір мүмкіндікті жіберіп алды. Ол Алмейданың пасынан кейін спорттық снарядты қақпаға бағыттаған. Оның жолына Поваженец кедергі болды. Чех аздап жарақат та алып қалған сияқты көрінген. Бірақ ол дәрігерлердің көмегінсіз-ақ аяқтан тұрып кетті. Одан соң, Янга допты жерге қондырмай соққы жасады. Бірақ, оған Роналдудың жақында МЮ-ге салған голын қайталау бұйырған жоқ. Форвардтың добы Грубыдың қолынан табылды. Қалайда, Астанадан үш ұпай әкетуді ойлаған чехтардың шабуылдары оқтын-оқтын ұйымдастырылып, Эричтің басына "қара бұлт үйірілді". Осындай сәттің бірінде алға ұзап бара жатқан Долежалды әдейі тоқтатқан Аничич сары қағазбен жазаланды. Сол нүткеден орын алған стандарт қонақтарға ешқандай пайда әкелген жоқ. Астаналықтар сапында соңғы он минуттықта тағы да тыңнан Муртазаев қосылды. Ол алғашқы гол авторы Педроны алмастырды. Тағы ескерте кетерлігі, бразилдық жартылай қорғаушы қарсыласқа қауіпті ойнап, сары қағазбен жазаланған еді. Роман ойынға қосыла сала, Зайнтудинов пен Томасовтың шабуылына ат салысты. Алайда, Бахтиер командаласына сәтті пас жеткізе алған жоқ. «Астана» ойын соңында күш алып, ес  жинап, допты өз қолында ұстауға көшті. Грубы алдындағы тартыс чехтардың алаңдауына жол берді. Қонақтар қорғанысы сыр бере бастағанда, «Астана» үстін-үстін шабуылдар ұйымдастырып жіберді. Қайта-қайта орындалған корнерлер ақары өз нәтижесін берді. Томасовтың сол қапталдан берген пасын Постников сәтті пайдаланып, Грубыға ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. «Астана Аренаға» жиылған жанкүйерлер мен тікелей эфирден тамашалаған миллиондаған қазақстандықтар бөріктерін аспанға атты. Ойын барысында 2:1 есебімен жеңіске жетеміз десе, ешкім сенбес еді. Бабаян шәкірттеріне ойынның қалған 5-6 минутында сәтті қорғану ғана қалған. Венгр қазысы Иштван Вад негізгі ойын бөлігіне бар болған 3 минут қосты. Бұл уақытта Муртазаевта тамаша мүмкіндік болған. Оның жеңіл жасалған соққысы Грубы қолғабынан кері қайтты. Сол сияқты қонақтардың бір шабуылы да өз нәтижесін берген жоқ. 4 ойыннан кейінгі 8 ұпай жинау жақсы көрсеткіш.

«Астана» қатарынан екі жыл бойы плей-оффта ойнау мүмкіндігіне ие болуы ықтимал. Бастысы – қалған екі ойында жеңілмеу. Бұл ойын астаналықтардың әлі де шешілмей жатқан көп қателіктері барын білдіреді. Шабуылдаушы Кабананга бірнеше рет офсайдта қалып қойды. Одан күткеніміз көп еді. Қорғаныста да қателіктер көп. Қайта-қайта чех ойыншылары алға өтіп кетіп, Эрич қақпасын қарс айыруға дайын болды. Бір Собольды бірнеше рет жіберіп алды. «Яблонецтер» де Астананың жасанды төсенішінде соншалық сапалы ойын өрнегін көрсете алмағандай. Олардың ойын осңындағы статистикасы өздеріне де ұнаймайтыны анық. Соған қарамастан, чехтар бұл матчтан ұпай алып кетуіне әбден болар еді. Ойын стилі ерекше Рада шәкірттері өз алаңында француздың «Реннін» ұтуға шамасы жеткілікті. Ал «Динамоға» лайықты қарсылас атанып, «Астананың» плей-оффқа жолдама алуына жол ашады деп сенеміз.

«Астанаға» бұл жеңіс оңай келген жоқ. «Яблонец» өз алаңында өткізген кездесуге қарағанда «Астана Аренада» өз ойындарын көрсете алған сыңайлы. Чехиядағы ойында олардың құрамы негізгі ойыншыларынан тұратындығына қарамастан, берілген тапсырманы біздің бағымызға қарай бестікке орындай алмады. Ал Астанада жарақат алған Масопустаның жоқтығы еш білінген жоқ. Черногорлық Йовович өзінің мансабындағы сәтті кездесулердің бірін өткізді деп айтуға негіз бар. Сол секілді алғашқы минуттан  ойынға араласқан Эдуард Собольмен бірлесе жүріп, екі ойыншы «Астананың» қорғанысына көп қауіп төндірді. Ян Храмостың орнын алмастырған Мартин Долежал да біздің қорғаушыларды бірнеше рет қапы қалдырды. Жылдам әрі техникалық шеберлігі толысқан ойыншы өзін Еуропа лигасының қалған қос ойынында көрсетеді деп ойлаймыз. 

Қонақтар қазақстандық команданы барынша зерттеп үлгермеген сыңды. Әйтпесе, олар «Астана Аренада» соңғы минуттары неше гол соғылғанын жақсы білуші еді. Соңғы минуттар... Шешуші голдар... Қаншама команданың соңғы сәттегі үмітін өшірген еді. Алысқа көз тастамай-ақ, АПОЭЛ мен «Реннді» айтса жеткілікті. Дәл осы ситуация «Яблонецтің» де басынан өтеді деп ешкім болжамаса керек. Чех командасының қуанышына орай, олар гол сала білді (көмекке Зайнутдиновтың «басы» келсе де). Қаншалық белсенді ойнап, өз шамаларын көрсетсе де, Эрич қақпасын алудың сәті екінші рет түсе қойған жоқ. Петр Рада ойыншылары осы ойында ұтылса, плей-оффтық кезеңдер туралы мүлде ұмыту керектегін жақсы білді. Сонда да, қазақстандықтардың бұрыштамаларына дайындық жүргізбеген сынды. Әрине, ол қателіктер бүгін бізге қол болды. 4-турды артқа тастаған командалардың шабуылдау шебін салыстырсақ, «Яблонец» кәдімгідей алда болды. Олардың өткірлігі өз алдына. Футболда шабуылдың нәтижесі голмен ғана өлшенетінін ұмытпау керек. Сол секілді футболдың жазып қалдырмаған заңы бар: сен салмасаң, саған салады. Бұл қағида осы ойынға дәл айтылғандай. Қазақстан чеммпиондары бірнеше шабуылдардың бетін қайтарып, соңғы минутта күш табуға тырысты. Соның арқасында өз дегендеріне қол жеткізген сыңайлы. Тағы бір қызығы, «Астана» салған қос голға да қорғаушылардың сіңірген еңбегі көп. Педро Эниркенің аяғына жеткен доп бірінші Зайнутдиновтың басына тиген еді. Одан кейінгі гол орталық қорғаушы Евгений Постниковке тиесілі. Бұл кездесудің қаһарманы деп бұрынғы ресейлікті айтуға әбден болатын секілді. Оның шабуылшылар секілді тепкен соққысын Грубы сезіп те үлгерген жоқ. Әйтпесе, сақалды киперді анау-мынау соққымен алу қиындау. Оны «Астана» ойыншылары өте жақсы біледі.  Бұл ойын осыдан үш жыл бұрын чемпиондар лигасының аясында болған кездесуге қатты ұқсайды. Ол кезде де финляндиялық ХИК-пен теке-тіресте Евгений Постников шешуші гол салып, қазақстандықтардың келесі кезеңге өтуіне өз септігін тигізген еді. Қорғаушы сирек, бірақ шешуші голдар салады. Біздің чемпион мінезді команда екенін тағы да танытты. Ел атын осылай шығарып жүрген команданы мақтан тұтамыз.

Еуропа лигасының 4-кезеңінде «Динамо» өз алаңында француздың «Реннін» оңай ұтты. Ол матчтағы есеп 3:1-ді көрсетті. Біздің топта 8 ұпай еншілеген команда екеу. Ал болжаушылар негізгі фоварид ден санаған «Ренн» бар болғаны үш ұпаймен 3-сатыға жайғасқан. Аутсайдер «Яблонецтің» еншісінде сол баяғы екі ұпай тұр.
Ойын аяқталған соң, қос бапкер бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді:

«Астана» командасының бас бапкер міндетін атқарушы Григорий Бабаян стадионға жиылған жанкүйерлерге алғыс айтуды ұмытқан жоқ:
– Ойынды өте тамаша бастадық.  Одан кейін чехтар өз схемасын өзгертті де, бізге көптеген проблема тудырды. Үзіліс кезінде аздап ойынға өзгеріс енгізу керектігін айттым. Мүмкіндіктер болып жатты. Кездесу соңына дейін өте қарқынды күрес жүргіздік. Бұл командадан ерекше мінез күтуге болады. Біз жеңіске лайық ойнадық. Соңғы он минутта қарқынды қысым көрсетіп, соның нәтижесіне үш ұпайға қол жеткіздік. Стадионға келген жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олар жақсы атмосфера құрып, ойыншылардың алға ұмтылуы үшін бәрін жасады. Бұл  кездесуде біздің команда Қазақстан чемпионатынан кейін сылбыр өткізді деген пікірлермен толықтай келіспеймін. Алғашқы жиырма минуттықта жақсы ойнап, кейін қарсыластардың күш қосуына орай, шегінгеніміз рас. Зайнтудиновке келер болсақ, бүгін жақсы ойын өткізді. Бұл позицияға оны талай ойнатып көрдік. Сол қапталда туындаған проблемаларға оның қатысы жоқ. Ал Кабананганың гол сала алмай жүргені емес, офсайдта қалып қоя беретіні ойлантатын нәрсе. Біз де оның сұрмергендік қабілеті ашылып, қуантқанын қалаймыз. Бәрі, ойын ситуациясына байланысты ғой. Ел чемпионаты аяқталып жатқаны ойыншылардың қарқынын жоғалтуына алып келе ме деген күдігіміз бар. Көп ойыншылар чемпионат аяқталған соң, кетіп қалады. Әр түрлі нұсқаларды қарастыратын боламыз. Біздің К тобында көш бастап келе жатқанымызға таң қалуға болмайды. Оның артында атқарылған көптеген жұмыс, төгілген тер жатыр. Ол ойланбаған жерден алға шығып кеттік дегенді білдірмейді.

Ал «Яблонец» командасының бас бапкері Петр Рада төрешілер жұмысына разы емес екен:

– «Астананың» орындаған бұрыштамасы дұрыс емес деп есептейміз. Алғашқы гол соғылғанға дейін ойын тең дәрежеде өтіп жатты. Бір Собольдің өзінде бірнеше мүмкіндіктер болды. Екінші таймда біздің мақсатымыз басқа болатын. Жүзпайыздық қос мүмкіндікті жіберіп алдық. «Астана» қорғаушысы біздің ойыншыны шалып жыққанда, қызыл қағаз көрсетілу керек еді деп санаймын. Қосымша бес минуттық, «Астана» үшін өте сәтті болды. «Реннмен» өткізген ойындағыдай соңғы сәтте гол жіберіп алдық. Командама өткізген ойыны үшін рақмет айтамын. Менің командам әлсіз үжым емес. Өздеріңіз білесіздер, Чехия құрамасы да Еуропадағы өте қарқынды құрамалардың бірі. Қай командамен өткізген ойын қиындық туғызды дегенге келер болсам, ойланбастан «Астананы» айтар едім. Себебі, команда жылдам әрі ұйымдасқан футбол ойнай алады. Қалған матчтарда өзімізді көрсетуге тырысатын боламыз.

Сол секілді «Яблонец» командасының капитаны Томаш Гюбшман өткен ойын туралы өз пікірін білдірді: «Өте қиын ойын өткіздік. Бізде гол салатын сәттер жеткілікті болды, бірақ, оны орындай аламадық. «Астанада» да жақсы мүмкіндіктер болып жатты. Олар бізге қарағанда, дәл соққыларды артық жасады. Сол себепті, ойын соңында осындай нәтиже тіркелді. Олардың басымдығы – бір голды артық салғандығында. Ойын алдында да Марин Томасовты ерекше атап өткен едім. Бұл матчта да хорват жақсы ойын өрнегін көрсетті. Сонымен қатар, Ришард Алмейда да техникасы жоғары ойыншы екен. «Астана» – еуропалық алаңдарға төселген, тәжірибелі ұжым екеніне көзіміз жетті. Біздің ойыншылардың Еуропа турнирлерінде ойнаған тәжірибесі жоқ. Соңғы он минуттықта қарсыласқа өз шабуылын ұйымдастыруға жол беріп қойдық. Соның зардабын тартып отырмыз. Жасанды төсеніш алаң иелеріне басымдық беретіні белгілі. Олар әр апта сайын осы жерде ойын өткізеді. Бірақ, 20 минуттан соң-ақ біз де тез бой үйретіп кеттік. «Астана» командасының жанкүйерлері өте қатты ұнады. Олар өз командасына сеніп, 90 минут бойы алға жетеледі. Осындай атмосфера сыйлаған жанкүйерлерге алғысымды айтамын. Аздап тынығып алған соң, қай жерде қателікке жол бергенімізді саралайтын боламыз. Өз алаңымызда өтетін ойынға барынша дайындаламыз. «Реннді» жеңуге қауқарлымыз. Себебі, Франция жерінде өте жақсы ойын өрнегін көрсеттік». 

Жеңісті голдың авторы Евгений Постников:

– Ойын жүйкені жұқартарлықтай өтті. Гол салатын мүмкіндіктер қос команда да болып жатты. Нағыз ашық ойын, ашық айқас. Матч соңында өте маңызды гол салғанымыз жақсы болды. Бұл жеңістің біз үшін маңызы жоғары. «Яблонец» командасы маған қатты ұнады. Олар әлі өз сөздерін айтатын болады. Алдағы ойындарына сәттілік тілеймін. Маңызды кездесуде маңызды гол салғаным үшін қуаныштымын! - деді.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға