Жаңалықтар

Жеңіс Қасымбек Астананың су тасқынына дайындығы туралы айтты

Жеңіс Қасымбек Астананың су тасқынына дайындығы туралы айтты
Фото: Астана қаласы әкімдігі 15.03.2024 06:21 511

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында су тасқынына дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл қыста қар ерекше мол жауды. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңінде 3 млн 800 мың текше метр қар шығарылса, биылғы қысқы маусымда 6 млн 200 мың текше метрден астам қар шығарылды. Яғни екі есе көп! Қазгидромет болжамы бойынша, наурыз бен сәуір айларында да жауын-шашын мол жауады. Жалпы, жыл басынан бері жауын-шашын мөлшері нормадан 2 есе көп болды. Осыған байланысты қалада су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізіліп жатыр, - дейді әкім.

Өткен жылдармен салыстырғанда су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 20-ға дейін азайды. Олар – Алматы ауданындағы 5 учаске, Байқоңырдағы 4 учаске, Нұрадағы 6 учаске, Сарыарқадағы 3 учаске, Есіл ауданындағы 2 учаске.

Қазіргі уақытта шамамен 45 мың погондық метрден астам арық-науа желісі, 2 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдайтын құдық тазартылды, 8 мың погондық метрге жуық коллектор жуылды. Сонымен қатар, «Нұра-Есіл» каналы мен «Майбалық» көлі арасында орналасқан каналды қардан тазарту жұмысы, нөсерлі кәріз жүйелеріне заңсыз кірме жолдарды анықтау және т.б. жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстың бәрі жүріп жатыр. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер және т.б. тұрақты дайындықта. Елді мекендер мен су тасқыны қаупі бар учаскелерге ерекше көңіл бөлінеді, - деп жазды Астана әкімі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға