«Жеңімпаз боласыздар деп сенемін». Президент спортшыларға сәттілік тіледі
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
10.07.2024 12:47
589
Мемлекет басшысы бейбітшілік және ынтымақтастық саясатына еліміздің қашанда бейілді екеніне назар аударды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өткен аптада Астанада ШЫҰ саммиті табысты ұйымдастырылды. Бұл маңызы зор шараның басты мақсаты мемлекеттер мен халықтар арасындағы диалогты, достық пен сенімді нығайту болды. Мұндай басымдықтар күллі спорт әлеміне де тән. Өйткені кез келген спорт сайысы, ең алдымен, ынтымақтастықты, алға ұмтылысты және адамдардың бірлігін көрсетеді. Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түседі. Ол – жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі.
Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады. Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға