El.kz

“Жеңілдік болмасын”: депутаттар жол бұзатындарға қатаң шара ұсынды

27.03.2026 09:02

Алматыдағы кезекті қайғылы жол апаты тәртіп мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Әл-Фараби даңғылы бойында көлік қағып кеткен әйел қаза тапты. Бұған дейін де дәл осы көшеде ауыр апат тіркеліп, бірнеше адамның өмірі қиылған еді. Осы жағдайлардан кейін жол ережесін елемейтін жүргізушілерге қатысты жазаны күшейту мәселесі көтерілді. Сенат депутаты Марат Қожаев қауіпті жүргізушілерге (лихач) қатаң шаралар қажет екенін айтты.

Жүз және одан да көп құқық бұзушылық жасайтын адамдар бар. Осындай жүргізушілерге жеңілдік болмауы тиіс. 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау керек. Егер адам үнемі заң бұзса, айыппұлды толық төлесін. Мұндайларды тәртіпке келтіру үшін жүргізуші куәлігін алып, қайта емтихан тапсыруға жіберу қажет, – деді сенатор.

Оның сөзінше, жүргізушілердің басым бөлігі ережені сақтайды. Бірақ аз ғана топ үнемі заң бұзып, жолда қауіп тудырып отыр. Кейбірі жүздеген рет айыппұл арқаласа да, рульге қайта отыра береді. Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты қоғамда да сын күшейіп отыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жолдағы тәртіптің әлсіреуін бақылаудың жеткіліксіздігімен және жемқорлық тәуекелдерімен байланыстырды.

Үлкен жылдамдықпен жүретін, қымбат көлік мінетін адамдарды неге тоқтатпайды? Қарапайым жүргізушіні тоқтату оңай, ал кейбіреулер заңды үнемі бұза береді. Мұндай жағдайда әрбір адам өліміне қатысты жауапкершілік мәселесі көтерілуі тиіс. Президент заң мен тәртіп туралы айтты, бірақ ол тек қарапайым адамдарға ғана қатысты емес қой, – деген пікір айтылды.

Сенатор Марат Қожаев шетелдік тәжірибені де мысалға келтірді. Германияда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер арнайы тексеруден өтеді. Оны халық арасында «идиотентест» деп атайды.

Германияда мұндай тест бар. Бізде де осындай қатаң шараларды енгізу керек, – деді ол.

Полиция мәліметінше, соңғы уақытта қауіпті жүргізу жағдайлары көбейген. Тіпті кейбір жүргізушілер қала ішінде 250 км/сағ жылдамдықпен жүргені анықталған. Осыған байланысты Алматы полициясында да тексеріс басталды. Үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін ішкі қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов мәлімдеді.

Полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Олардың әрекетіне нақты құқықтық баға беріледі. Егер кінәсі дәлелденсе, ең қатаң шаралар қабылданады, – деді ол.

Айта кетейік, 21 наурызға қараған түні Алматыда Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігіндегі үш адам қаза тапты.