Жаңалықтар

Жеңілдетілген автонесие қайта беріле ме? Министр жауап берді

Жеңілдетілген автонесие қайта беріле ме? Министр жауап берді
Фото: ©El.kz 29.10.2024 12:20 722

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жеңілдетілген пайызбен берілетін автонесиенің енді болмайтынын айтты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Министр бұл бағдарламаның тиімсіз екенін алға тартып, бүгінде көлік сататын салондардың өзі бөліп төлеу жағын қарастырғанын қоса кетті.

Жеңілдетілген несиеге ешкімнің көңілі толып отырған жоқ. Себебі түсінікті, ниет білдірушілер көп, ал бөлінетін ақша аз. Бірақ автоөндірушілер де, қаржы нарығы да бір орында тоқтап тұрмайды. Мысалы, қазір Үкімет заңнамалық тұрғыда жеке тұлғаларға лизингті енгізу тетігін қолдап отыр. Екіншіден, автокөлік сататын компаниялардың өзі әртүрлі қаржылық құралдарды пайдаланып, көлікті бөліп төлеуге болатын жағдай жасады, – деді министр.

Қанат Шарлапаев жеңілдетілген несиеге бөлініп келген қаражат қоғамдық көліктердің сапасын арттыруға жұмсалып жатқанын тілге тиек етті.

Жеңілдетілген автонесиеге бөлінген қаражат өте дұрыс болды деп ойлаймын. Қаражат қалалар мен облыс орталықтарда қоғамдық көліктерді қолдауға бағытталды. Біз қалаішілік қана емес, ауданаралық көліктерге де жұмсадық. Мұндай ұстаным дұрыс деп есептеймін. Автокөліктерге жеңілдетілген несие берудің орнына қоғамдық көліктердің сапасын арттыруға жұмсап отырмыз. Себебі оны халық көбірек пайдаланады. Жеңілдетілген автонесиені біз бір жарым жыл бұрын жаптық. Қазір ол қаражат қоғамдық көліктерді дамытуға бағытталып отыр, - деді Қанат Шарлапаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға