«Жеңіл өмір сүрудің сыры»: Минимализм өмірді қалай жеңілдетеді?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Бүгінде минимализм сәнге айналған ұғым ғана емес. Бұл – экологияны сақтаудың, қаржыны үнемдеудің, уақытты бағалаудың және шынайы бақытты табудың заманауи формуласы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тұтынушылықтың шектен тыс артуы адамдарды ойландырмай қойған жоқ. Соның нәтижесінде қоғамда оған қарсы жаңа құндылықтар пайда болды: саналы тұтыну мен минимализм. Бұл бағытты таңдағандар үшін бастысы – заттың көптігі емес, өмірдің жеңілдігі мен еркіндігі. Олар ең қажет дүниемен ғана шектелуді үйреніп, артық нәрседен бас тартады. Тіпті жолға жиналуға жарты сағат жеткілікті болуы – олардың өмір салтының айқын көрінісі. Мұндай таңдаудың түп негізінде жайлылықтан бұрын уақытты бағалау, табиғатқа зиянды азайту және рухани тепе-теңдікті табу ниеті жатыр.
Жапон мәдениетінде ежелден қалыптасқан минимализм дәстүрі бар. Бүгінде тұтынушылықтан кейінгі заманда бұл құндылықтарға қызығушылық қайта жанданды. Әңгіме тек Мари Кондоның «Сиқырлы тазалығы» арқылы кеңінен таралған «артықтан арылу» жайлы емес. Келесі қадам – мүлде затқа байланбай өмір сүру.
Фумио Сасаки өзінің «Қош бол, заттар» атты еңбегінде артық дүниеден арылу тек үйді тазарту ғана емес, ойды да ретке келтіретінін айтады. Оның пайымынша, әр зат бізге үн қатады: «мені тазала», «мені жина», «мені жөнде», «жаңаға ауыстыр». Сондықтан үй кітапқа, техникаға, киім-кешекке толып кеткенде, миымыз осы «үндердің» шуынан қажиды. Артық дүниенің көптігі назарды шашыратып, адамның шын мәнінде маңызды істерге көңіл бөлуіне кедергі жасайды. Соңғы жылдары Сасаки өз өмірін түбегейлі өзгертті: киім-кешегін, ыдыс-аяғын азайтты, теледидар мен қосымша гаджеттерден бас тартты. Қазір ол кез келген сәтте бар затын жинап, жарты сағат ішінде басқа қалаға, тіпті басқа елге қоныс аудара алады. Ең бастысы – осы қарапайым өмір салты оның ішкі еркіндігі мен жайлылығын еш кемітпейді.
Артық дүниеден қазір-ақ арылыңыз
Көпшілігіміз «мына жобамды бітірген соң жинастырамын», «бәрі орнына келгенде артық заттардан құтыламын» деп өзімізді алдап жүре береміз. Бірақ шындық мынадай: бізді билеп тұрған – сол заттардың өзі. Олардан құтылмайынша ешқашан «қолайлы уақыт» тумайды.
Көпшілік «алдымен өмірім бір жүйеге келсін, содан кейін минимализмге көшемін» деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде бұлай емес. Өмірді ретке келтірудің алғашқы қадамы – артық заттардан арылу. Қажетсіз дүниелерді жинап ұстау тек кеңістікті емес, уақытымызды да тарылтады. Ал олардан құтылған сәтте бос кеңістік қана емес, бұрын жетпей жүрген уақыт та пайда болады.
Сондықтан ертеңге қалдырмай, дәл қазір бастаңыз. Артық заттарды тастау үшін арнайы білімнің керегі жоқ – тәжірибе барысында үйреніп кетесіз. Кітапты толық оқып бітіруді күтіп отырмаңыз, ең дұрысы – қазір бір затты қолыңызға алып, ойланбастан шығарып тастау.
Есіңізде болсын: «бос уақыт пайда болғанда кірісемін» десеңіз, ол уақыт ешқашан келмейді. Ал бүгін жасаған алғашқы қадам – сізді еркін әрі жеңіл өмірге бастайтын ең үлкен өзгеріс.
Тасталған заттарға өкініш тудырмайды
Минимализм тәжірибесін бастан өткергендердің айтуынша, артық дүниеден арылған кезде адам ештеңеге өкінбейді. Мәселен, кей адамдардың өмірінде сақталған мүліктің мөлшері бұрынғыдан бірнеше есе азайған. Мың заттың тоғыз жүз елуін тәрк еткеннен кейін де олардың ешқайсысы өкінерлік құндылық болып шықпайды. Алғашында белгілі бір нәрсеге қимастық туындауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе ол сезімнің ізі де қалмайды. Бұрын аса қажет сияқты көрінген заттар кейіннен мәнсіз болып, тіпті есіңізге де түспейді. Бұл құбылыс артық дүниенің адамның өміріндегі рөлі қаншалықты болмашы екенін айқын көрсетеді.
Көп жағдайда адамдарды артық заттан арылудан ұстап қалатыны – болашақта өкінеміз бе деген қорқыныш. Бұл табиғи сезім, әрбір жанға тән. Дегенмен он жыл бойы шкафтың түбінде жатқан ескі пальто немесе бала кезінде теңіз жағасында жиналған қабыршақтар сияқты дүниелер өмірлік маңызға ие емес. Олар көбіне тек иллюзия ретінде сақталады.
Сондықтан минимализм идеясы қарапайым бір қағидаға сүйенеді: «Тастаған ешбір затыңыз өкінуге тұрмайды». Бұл қағиданы түсінгенде ғана адам шын мәнінде артық нәрседен құтылып, ойын жеңілдете бастайды. Үйді қажетсіз заттардан тазарту – тек кеңістікті ашу ғана емес, ішкі дүниені де ретке келтірудің жолы. Әр артық зат миға белгі береді: «мені жу», «мені жөнде», «мені жаңаға ауыстыр», «мені жина». Ал бұл «шулардан» босап шыққанда ғана адам шынайы маңызды істерге көңіл бөлуге қабілетті болады.
Артық дүниелерден арылу адамның уақытын, күшін және назарын босатады. Бұл қадам адамның еркіндігін арттырып, рухани тыныштық табуына ықпал етеді. Сондықтан минимализм – жай ғана сән емес, өмір сапасын жақсартудың сенімді құралы.
Артық заттардан арылуды әдетке айналдыру – минимализм жолындағы ең сенімді тәсілдердің бірі. Әдет қалыптастыру үшін уақыт пен жүйелілік қажет. Мәселен, сіз таңертең жүгіруді дағдыға айналдырғыңыз келсе, алғашқы күні тек ерте тұрып, есікке дейін барумен шектелесіз. Келесі күні үстіңізге кроссовки киесіз. Осылайша кішкентай қадамдар арқылы үлкен нәтижеге біртіндеп жетесіз. Жапон мен америкалық бейсболдың аңызы саналатын Итиро Судзукидің айтуынша, кез келген ұлы жетістік осылайша шағын әрекеттерден басталады.
Заттардан арылу да дәл осы қағидамен жүреді. Алдымен ең айқын, ешкімге қажеті жоқ дүниелерден бастаңыз. Кеше ғана тастауға қимай жүрген ескі тәпішке немесе көптен бері тозған саптама етік – алғашқы қадамға жарайды. Ертеңінде көгерген плащтан құтыласыз. Күн сайын жаңа қадам қосқан сайын батылдық артып, артықтан арылу оңайырақ бола түседі.
Бастапқы кезеңде ешкім дау айтпайтын, нағыз қоқыс саналатын заттардан бастаған дұрыс. Үйде тұрған бос банкаларды, қажетсіз контейнерлерді, тоңазытқыштағы мерзімі өтіп кеткен тағамды шығарып тастаңыз. Жыртылған киімдерді, істен шыққан техниканы да ұстаудың қажеті жоқ.
Яғни, ең әуелі айдан анық рухляны тазалау арқылы өзіңізге жеңіл жол ашасыз. Осыдан кейін ғана артық заттардан арылу дағдылы әрекетке айналып, өміріңіз жеңіл әрі реттелген бола бастайды.
Бірнешеу емес, біреу жеткілікті
Минимализмге бет бұрудың ең оңай жолдарының бірі – қайталанатын заттардан арылу. Әдетте біз ойланбастан бірдей нәрсені бірнеше рет сатып аламыз да, олардың қаншасы бар екенін өзіміз де білмей қаламыз. Үйде екі-үш қайшы, қалта-қалта жиналған қаламдар, қажетсіз екінші немесе үшінші дана тұрмыстық заттар кез келгеннің үйінен табылады. Мұндай көбейіп кеткен ұсақ-түйектер – кеңістіктің тез арада қоқысқа айналуына басты себептердің бірі.
Ең қиыны – қаншама артық заттың ішінде нағыз қажет затты табу. Бір үйде зат көбейген сайын олардың барлығын есте сақтау мүмкін болмайды. Шын мәнінде ойлансақ: адамға не үшін үш қайшы немесе он қалам қажет? Әдетте бір-екеуі-ақ жеткілікті. Сондықтан алғашқы қадам ретінде пайдаланбайтын, сапасы нашар немесе көңіліңізге ұнамайтын қайталанатын заттарды шығарып тастаңыз.
Өмірге еш кедергі болмайтынын өзіңіз де байқайсыз: аз қаламмен де жазуға болады, аз қайшымен де барлық қажеттілікті өтеуге әбден болады. Қажетті заттардың әрқайсысы бір данадан ғана қалса, үй де, ой да жеңілдеп, артық дүниелерден туған бей-берекетсіздіктен арыласыз.
Бір жыл бойы қолданбаған заттан арылыңыз
Мүлікті азайтудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – соңғы бір жылда қолданылмаған дүниелерден бас тарту. Әрине, сөздің төркінін дұрыс түсіну маңызды: жазда қыстық көрпе немесе қалың күртешені лақтырудың қажеті жоқ, олар маусымдық қажеттілікке жатады. Дәл сол сияқты, жазғы купальник қыста қолданылмаса да, жаз келісімен міндетті түрде қажет болады. Бірақ егер бір зат төрт мезгіл бойы қолданысқа түспесе, демек ол сіздің өміріңізде мүлде керексіз.
Бұл ережеден тек ерекше жағдайлар ғана тыс қалады — мысалы, төтенше жағдайға арналған құралдар немесе сақтық қорлары. Ал қалғанының бәрі – «өлген жүк». Шаң басқан заттарға назар аударыңыз: олардың үстіндегі қалың шаң – тек тазалық мәселесі ғана емес, ол сіздің сол дүниені пайдаланбағаныңыздың нақты белгісі. Шаң неғұрлым қалың болса, заттың қажетсіз болғаны соғұрлым айқын.
Өткен жылы қолданысқа түспеген дүниенің алдағы жылы да қажет болу ықтималдығы аз. Ал егер бір нәрсені екі-үш жылда бір рет қана қолданатын болсаңыз, оны сақтап отырудан гөрі қажет кезде жалға алған әлдеқайда орынды. Бұл тәсіл үйіңіздегі артық жүктен арылуға ғана емес, сонымен бірге уақыт пен энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Себебі біз көптеген күшімізді мәнсіз заттарды сақтауға, оларды жөндеуге немесе жинақтауға жұмсаймыз.
Артықтан бас тарту – бос кеңістік құру ғана емес, өмірді жеңілдетіп, маңызды істерге көбірек көңіл бөлуге жол ашады.
Көрсету үшін сақталған дүниелердің құны жоқ
Адамдар көбіне заттарды өзінің нақты қажеттілігі үшін емес, өзгелердің көзқарасына әсер ету мақсатында ұстайды. Бұл – табиғи нәрсе: біз бәріміз сырт көзге қалай көрінетінімізге мән береміз. Кейбірі қымбат сағат пен сәнді автокөлік арқылы мәртебесін көрсеткісі келеді, енді біреулер қымбат жиһаз, заманауи техника немесе сәнді киім арқылы өзін «сәтті өмір сүріп жатқан» адам ретінде танытқысы келеді. Тағы біреулер шығармашылық тұлға кейпін қалыптастыру үшін музыкалық аспаптар мен өнер туындыларын жинайды.
Алайда шын мәнінде бізге қуаныш сыйлайтын нәрсе – күнделікті пайдаланатын қарапайым дүниелер ғана. Олар артық күтімді қажет етпейді, уақытымызды да көп алмайды. Ал өзгелерге әсер ету үшін жиналған заттар уақыт өте келе босқа орын алып, күш пен энергияны текке жояды.
Сондықтан өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Мен бұл затты шынымен жақсы көремін бе, әлде оны өзгелерге ұнау үшін ғана сақтап отырмын ба?» Егер жауап екінші нұсқаға жақын болса, одан құтылғаныңыз дұрыс. Өйткені адамның құндылығын қымбат жиһаз да, сәнді сағат та айқындамайды. Сізді нағыз көрсететін нәрсе – іс-әрекетіңіз, көзқарасыңыз және уақытыңызды қалай бағалайтыныңыз.
Артық дүниелерден арылған сайын өміріңіз жеңілдеп, нағыз маңызды құндылықтарға орын босайды.
Қалау мен қажеттіліктің арасы – жер мен көктей
Көп жағдайда біз шын мәнінде қажет дүниені емес, жай ғана қалаған нәрсені сатып аламыз. Бұл екеуінің айырмасын түсіну – минимализмнің басты қағидасы. Мәселен, тауға шыққанда ауа райы суытып, жауынға қалып, тоңып бара жатсаңыз, өміріңізді сақтап қалатын жалғыз зат – жылы көрпе. Ол – нақты қажеттілік.
Алайда тұрмыста жағдай басқаша. Бізді дүкен сөрелеріндегі жаңа тауарлар, сәнді киімдер мен заманауи гаджеттер үнемі қызықтырады. Үйге оралған соң бір көрпемен шектелмей, тағы да екіншісін, тіпті үшіншісін сатып алғымыз келеді: біреуі сапалырақ, біреуі әдемірек, біреуі түсі ұнағаны үшін. Осылайша бізге «қажет» болып көрінетін дүниелер шын мәнінде тек қалау болып шығады.
Бұл тұста қарапайым сұрақ қою маңызды: «Мен осы затсыз өмір сүре аламын ба?» Егер жауабы «иә» болса, онда ол – шынайы қажеттілік емес. Буддист монахы Рюноскэ Койкэ мұндайда ерекше әдіс ұсынады: қалаған затыңызды елестетіп, қолыңызды жүрек тұсына қойыңыз. Егер жай ғана иеленгіңіз келіп, бірақ онсыз да еркін өмір сүре алатыныңызды сезінсеңіз – ол сізге қажет емес, тек артық қалау ғана.
Көп жағдайда біз өзімізді алдаймыз: «маған бірдеңе жетіспейді» деп ойлаймыз. Бірақ іс жүзінде ең керекті дүниелердің бәрі қазірдің өзінде бар. Қалауды қажеттіліктен ажырата білу – артық шығыннан құтылудың, ойды жеңілдетудің және өмірді шынайы бағалаудың кілті.
Естелікті емес, артық затты тастаңыз
Кейбір заттармен қоштасу оңай емес. Олар бізге жай ғана тұрмыстық бұйым ретінде емес, белгілі бір естеліктермен, өткен сәттермен байланысты қымбат дүниедей көрінеді. Мұндай жағдайда артық заттан арылуды жеңілдетудің қарапайым әдісі бар — оны суретке түсіріп алу. Фотосурет арқылы заттың өзі болмаса да, оған байланысты сезім мен естелік сақталып қалады.
Көптеген адамдар мұндай суреттерді кейін қайта-қайта қарап отырмайды. Бірақ бастысы — ол сурет бізге: «Бұл естелік жойылған жоқ, қажет болса оны еске түсіре аласың» деген сенім сыйлайды. Бұл психологиялық тұрғыдан адамды жеңілдетіп, затты ұстап отырудың қажеті жоқ екенін түсіндіреді. Өйткені материалдық дүниеден арылу — өткенді жоғалту емес, оны жүректе сақтап қалу.
Бұл тәсіл әсіресе балалық шақтағы суреттер, жақындар сыйлаған заттар, саяхаттан әкелінген кәдесый сияқты қимас дүниелерге қатысты пайдалы. Заттың өзін сақтап, шаң жинап қоюдың орнына, оның бейнесін фотоға түсіріп, сандық жадта сақтауға болады.
Әрине, уақыт өте келе ондай суреттерді ашып қарау сирек кездеседі. Дегенмен олардың бар екенін білу — адамға сенімділік береді. Ол сізді өткенге байланып қалудан арылтып, қазіргі сәтке көбірек мән беруге үйретеді.
Сондықтан, егер бір затпен бірден қоштасу қиын болса, алдымен оны суретке түсіріп көріңіз. Бұл артық заттардан арылудың жұмсақ әрі тиімді жолы ғана емес, сонымен бірге естелікті жүректе сақтаудың да тәсілі.
Естеліктерді цифрлық форматқа көшіру жеңілдік әкеледі
Көптеген адамдар үшін фотосуреттер мен жазбалар – өткен өмірдің қымбат естеліктері. Дегенмен оларды қағаз күйінде сақтау әрдайым ыңғайлы бола бермейді. Пленкалы суреттерді басып шығару қымбатқа түседі, ал қағаз фотолар мен хаттар уақыт өте келе жиналып, ретсіз шашылып кетеді. Қайда сақталғанын, қашан түсірілгенін табу қиынға соғады. Ақыры осындай байлық шаң басқан күйде шкафтың түбінде ұмыт қалып жатады.
Минимализмге бет бұрған кезде ең тиімді шешімдердің бірі – барлық материалды цифрлық форматқа көшіру. Фотосуреттер мен ескі хаттарды сканерлеп, компьютерде сақтау арқылы оларды реттеуге, хронология бойынша жүйелеуге мүмкіндік туады. Сандық форматтағы мұрағатты қалта-қалтаға бөліп, қажет кезде жылдам табуға болады.
Сонымен бірге бұл тәсіл материалдық кеңістікті босатып қана қоймай, оларға кез келген уақытта, кез келген жерде қол жеткізуге жол ашады. Бұлттық сақтау жүйелері арқылы барлық естеліктер әрдайым қол астыңда болады. Жеке альбомдарыңызды шетелде жүрсеңіз де ашып көруге мүмкіндік бар.
Осылайша цифрлық формат – артық қағаз бен заттан арылуға, бірақ сонымен бірге өмірдің маңызды сәттерін сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең сенімді әдіс. Ол естеліктерді реттеп қана қоймай, оларға қайта оралуды әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы етеді.
Артық зат – үйдегі көрінбейтін «жалға алушы»
Жапондар адамға бар болғаны бір татами көлеміндегі орын жеткілікті дейді: жартысы – отыруға, жартысы – ұйықтауға. Бұл – қарапайым өмір сүру үшін аса көп кеңістіктің қажет еместігінің дәлелі. Ал біз болсақ, үлкен үйде тұрғымыз келеді. Өзімізге емес, артық заттарға көбірек орын беріп қойғанымызды байқай бермейміз.
Шын мәнінде әрқайсымыздың үйінде үндемей бірге «тұратын» көршілер бар. Олар – заттарымыз. Біздікі сияқты жалдау ақысы олардың мойнында емес, бәрін біз төлейміз. Олар бізге көмектеспейді, қайта қосымша жұмыс жүктейді: шаңын сүрту, тазалау, реттеу, жөндеу. Уақыт, күш пен қаражаттың бәрін біз соларға арнаймыз.
Демек, мәселе мынада: біз өзіміздің жайлылығымыз үшін емес, заттардың «жайлы өмірі» үшін ақша төлеп, еңбектеніп жатырмыз. Ал бұдан біз не ұтамыз? Ештеңе. Сондықтан ақылға қонымды шешім – қажетсіз заттарды «үйден шығару». Артық дүниеден арылған сайын кеңістігіміз де, өміріміз де еркіндей түседі. Үйіңіз сізге қызмет еткенде ғана ол шын мәнінде жайлы болады.

