Жеңіл атлетика: Азия чемпионатынан бір алтын, бір қола медаль түсті
6–8 ақпан күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XII Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл турнирде ел намысын 10 спортшы қорғайды. Жарыстың бірінші күні құрамамыз құр алақан қалған жоқ.
Сонымен, Нора Джеруто Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ол 1500 метрге жүгіруде үздік үштікке еніп, мәреге 4:20.04 уақыт көрсеткішімен жетті. Алтын мен күміс медаль Жапония және Қытай спортшыларына бұйырды.
Ал бессайыста сынға түскен Алина Чистякова алтыннан алқа тақты. Ол құрлықтық жарыста қытайлық спортшыларды артта қалдырды.
Осы турнирге Asian Athletics құрамына кіретін 24 елдің спортшылары қатысады. Чемпионат бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында 26 спорт түрі кіреді: жүгіру және кедергілер арқылы жүгіру, 4×400 м эстафетасы, секіру түрлері, ядро серпу және көпсайыс (жетісайыс).
Жеңіл атлетика федерациясының хабарлауынша, олар чемпионатқа мықты әрі бәсекеге қабілетті құраммен аттанған. Көптеген спортшы іріктеу нормативтерін сенімді түрде орындаған. Осы турнирде ел намысын қорғайтын спортшылар тізімі төмендегідей:
- Давид Ефремов – 60 м кедергімен жүгіру;
Ольга Сафронова – 60 м;
Надежда Дубовицкая және Кристина Овчинникова – биіктікке секіру;
Нора Джеруто – 1500 және 3000 м қашықтықтары;
Мария Ефремова – үш қарғып секіру; Михаил Литвин, Эльнор Мухитдинов, Мария Шувалова, Милана Зубарева – 400 м және эстафета
Жалпы, жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионаты екі жылда бір рет өтеді. Қазақстан құрамасының кейінгі үш чемпионаттағы нәтижесін салыстырып көрелік:
- 2023 жыл, Астана (Қазақстан) – 12 медаль (6 алтын, 3 күміс, 3 қола), жалпыкомандалық есепте 2 орынға тұрақтады;
- 2018 жыл, Тегеран (Иран)– 10 медаль (6 алтын, 3 күміс, 1 қола), жалпыкомандалық есепте 1 орын алды;
- 2016 жыл, Доха (Қатар) – 10 медаль (4 алтын, 2 күміс, 4 қола), жалпыкомандалық есепте 3 орынға табан тіреді.

