Жаңалықтар

​​Женевада Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты жиын өтті

​​Женевада Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты жиын өтті
Фото: gov.kz 18.12.2023 21:27 918

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Женевадағы "Қазақстанның адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы бойынша міндеттемелері: имплементация және шындық" атты қазақстандық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының сайд-ивентіне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Талқылау Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімованың, Ұлттық демократиялық қордың президенті, азаматтық қоғам сарапшысы Үсен Сүлейменнің, «Хартия адам құқықтары жөніндегі» қоғамдық қоры атқарушы директоры, адам құқықтары жөніндегі сарапшы Жеміс Тұрмағамбетова мен Қазақстан интернет қауымдастығының президенті, цифрлық адам құқықтары жөніндегі сарапшы Шавкат Сабировтың тікелей қатысуымен өтті.
 
Олар мемлекет тарапынан адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ спикерлер халықаралық сарапшыларды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған адам құқықтары саласындағы екі іс-шаралар пакетін, адам құқықтарын қорғау саласындағы іс-шаралар жоспары туралы Жарлығы мен заң үстемдігін талқылауға шақырды.
 
Іс-шара мүдделі тараптарға пікір алмасуға, қол жеткізілген нәтижелерді ортаға салуға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес халықаралық адам құқықтары стандарттарын ұлттық заңнамаға одан әрі енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға