Жаңалықтар

Жемқорлық туралы хабарлағандарға 13 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі

Жемқорлық туралы хабарлағандарға 13 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 02.10.2023 22:13 461

Былтыр 134 қазақстандық сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін сыйақы алды, оның төртеуі - Маңғыстау облысының тұрғындары. Белсенді азаматтық ұстанымы үшін оларға 800 мың теңгеден астам қаржы төленгенйлы. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Маңғыстау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллинның айтуынша, Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін 700-ден астам ақпараттық түсіндіру шаралары өткізілген.

Үш мемлекеттік орган қызметінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіліп, нәтижесінде мамандар 98 ұсыным әзірлеген.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы 13 мониторинг өткізілген. Соның негізінде 49 ұсыныс әзірленіп, олар мемлекеттік органдарға сәтті енгізілген.

Республика бойынша 7 983 нормативтік құқықтық актінің жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтіп, 17 170 тәуекел анықталған.

Аяқталған сотқа дейінгі тергеу бойынша өтелген залалдың жалпы сомасы — 108 млрд теңге.

Агенттік сондай-ақ жалпы сомасы 653 млрд теңгеге мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтарған.

2023 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдескен адамдарды ынталандыру қағидасы күшіне енді.

Құжатқа сәйкес, бопсалау фактісі туралы хабарлағандарға берілетін ынталандыру қаржысының көлемі мемлекетке келтірілуі мүмкін болған залалдың жалпы сомасына байланысты анықталады.

Сыбайлас жемқорлық туралы әкімшілік іс жүргізілсе, төлем сомасы — 30 АЕК. Егер қылмыстық іс ашылатын болса, ынталандыру көлемі — қылмыстың ауырлығына байланысты 40-тан 100 АЕК-ке дейін.

Егер параның немесе келген залалдың мөлшері 1000 АЕК-тен асса, онда біржолғы ақшалай сыйақы — соманың 10%-ын құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.

Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы 1424 нөміріне хабарлауға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға