Жаңалықтар

Желтоқсан оқиғасы желтоқсаншы көзімен...

Желтоқсан оқиғасы желтоқсаншы көзімен...
Фото: Коллаж El.kz 16.12.2023 17:00 7931

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан Баян Бопаева қанды күндер шындығын жан баласына айтпағанын баяндады. Тіпті, ата-анасынан да жасырған. Желтоқсаншымен бірге Желтоқсан оқиғасы болған күнді бір еске алып көрдік...

1986 жылы Қаскелең қаласындағы педучилищеге оқуға түстім. Училищеде комсомол комитетінде хатшы болдым. Қоғамдық жұмыстарды қызыға атқаратынмын. Сол 16 желтоқсан күні группаның старостасы құрбым Салтанат Қалыбаева екеуміз күзгі ауыл шаруашылығы жұмысы науқанында еңбек етіп жатқан едік. КИЗ,КАЗМИС деген жерде жұмыс жасап тапқан еңбек ақымыз менің атымда сбербанк карточкама түсуі керек еді. Соны кассадан алуға Алматыға жолға шықтық. Сағат шамамен 3-4 тер кезі еді. Ақшамызды алған соң сыртқа шықсақ, бір дауыс естіліп тұрды. Алаң жақын болғандықтан ұрандар шығып жатты. Кешкі сағат 6-7 лер шамасы. Жас емеспіз бе? Кетіп бара жатқан бір топ жастан жөн сұрадық. «Қыздар, сендер естімедіңдер ме? Бүгін 18 минуттық пленумда Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, бірінші хатшылыққа республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ, қайдағы бір орысты қойыпты. Колбин дей ме, біреу» деп айтқанда, жарылардай болдық. «Мұндайға жол бермейміз» деп, бейбіт жиын өтіп жатқан алаңға қарай бет алдық.  Мұндай бассыздық біздің жанымызды өртеді. Патриоттық әндер әр жерден шырқалып жатты, ұрандатқан айқай шу. Бейбіт түрде жастардың талабын естір құлақ болмады. Түнгі 10:30, 11:00-лерге дейін алаңда жүрдік.

Сосын құрбым екеуміз такси ұстап, Киров 236-дағы жұмысшылар жатақханасына қайттық. Сол күнгі Алматының суығы естен кетпес, түнделетіп келгенімізге вахтер ағай ренжіді, әзер дегенде кірдік. Ол кісілер де хабардар екен. «Жап-жас баласыңдар, ондайға араласпаңдар» деп біраз ақылдарын айтты.

Таңертең сабаққа барамыз деп қайта шықтық, онымыз енді шыңдық емес еді. Үлкендерді алдадық. Алаңға жетіп, шеруге ілестік. СХИ, КазГУ, ЗООВЕТ институт, НарХоз-дың студенттері «Әр ұлттың өз басшысы болуы керек» деген плакаттар ұстаған, «Әр халыққа өз көсемі», «Қазақстанға қазақ басшы», «Долой  Колбину» деген транспоранттар көтерген жастармен қосылып кеттік. Ойымызда еш жамандық жоқ. Брежнев аланыңдағы шеру, қанды оқиғаға айналарын ешбіріміз білмедік. «Атамекен», «Менің елім» әнін шырқаған жастар тоқтаусыз келіп жатты. Талабымызды айтып жеткізе алмай қанымыз қайнады. Бір-бірімізді танымасақ та береке бірлігіміз мықты болды. Жігіттер қыздарға қамқорлық танытып жатты. Қыздар жігіттерді қайрап, қолдап жігерлендіріп жатты.

Сол күні бірінші рет жазушы Софы Сыматаев ағаны көрдім. Жазушы жастарға ақылын айтып-ақ жатты. «Қайтыңдар, айналайындар, босқа арандап қаласыңдар, мына әскерлер сендерді аямайды. БТР-лар, өрт сөндіруші машиналар, мұздай қаруланған орыс әскерлері келіп жатты. Көрдіңдер ме? Талаптарыңды естір құлақ болса, баяғыда мінберге шығар еді» деп, жазықсыздан күйіп кеткелі тұрған жастарға жаны күйіп, араша болуға тырысты. Бірақ намыстан өртеніп кетердей болып тұрған біз оны естімедік. Ызғарлы күнді де елемедік, тоңып, жаурап, тұрсақ та түрлері сұсты әскерлерге қарсы тұрдық. Бір уақытта су шаша бастады, жазықсыз ұрып соқты. Бір-бірімізден айырылмай қол ұстасып бірге тұрдық, бірге қозғалдық. Бір-бірімізді танымасақ та, солай қолдадық. Достық, бірлік, адамгершілік деген сезімдер басым еді. Намыс оты лаулап тұрған жастар едік. Айнала азан-қазан шу. Қыс кеші ерте түседі. Жан-жақтан прожекторлар жанып тұр. Әбден тоңып дір-дір етіп тұрсақ та, кетпедік. Бір кезде «тез қашыңдар»  деген дауыс шықты. Бұрылып та үлгермедік. Бірнәрсе арқа тұсымнан қатты тиді, ұмар жұмар ұшып түстім. Салтанат орта жақта тұрған. Тағы бір жігіт қолымнан тартқан кезде пальтомның жағасы дар етіп жыртылды. Еңбектеп тұра алмай жатыр едім. Бір ер адам мен қыз  мына жаққа қарай жүгір деп белгі берді. Салтанат екеуміз тура жүгірдік, тайып құлап, иттердің соңымыздан қуып келе жатқанын көрдік. Сол екпінмен 28 панфиловшылар паркінен қарай жүгірдік. Тағы бірталай студенттер бізбен бірге қашуға үлгерген екен. Саяхат автовокзалына жақындағанда бір есік ашық тұр екен. Подвал сияқты көрінді, асығып кіргенімізде, есіктен домалап кеттік. Пол жуып жүрген әйел «О боже» деп қорқып кетті. «Былай жүріңдер» деп бізді алға бастады, сүйретіліп сол кісінің пол жуатын саймандары тұратын қуысқа келдік, сол жерге тығылдық. Жүгірген дыбыстар азайғандай болды, қатты шаршап қалыппыз, үн жоқ отырмыз. Жылы жер екен, трубаға киімдерді жайып қойдық. Апай «тыныш отырыңдар» деп кетті, арқам удай ашып, басым мең зең. Салтанат та оңбай таяқ жепті,  аяғын  уқалап отыр. Сол жерде ұйықтап қалдық. Таңғы 6-ларда апай оятты, тынышталған екен. «Солдаттар менен сұрады. «Жоқ, көрмедім деп айттым». Сөзіме сенді де кетіп қалды» деді. Сол әйелдің жақсылығын әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Үсті басымызы тазалап, көзге түспес үшін басымды ұзын шарфпен орап алдым.

Апамыз 7:30-да автобусқа билет алып келді. Автобусқа отырдық, Қаскелеңге келе жатырмыз. Жол бойы тексерумен болды. «Студентпіз, сабаққа бара жатырмыз» деп студенттік билеттерімізді көрсетеміз. Қазақ милиция жігіттері үндемейді, қазақша «абайлаңдар» деп кетті. Ол кезде қазақша сөз айтудың өзі ерлік еді.

Аман-есен училищеге жеттік. Абыр-сабыр, у-шу. Кім қайда кеткен? деген тексеру басталыпты. Сол кездегі 36 «А» группасының кураторы Майра Валиевна «Сендер қалаға ақша шешіп алуға бардыңдар, солай айтасыңдар» деп,  келісіп алдық. Сол бір жапырақ  банк чегі бізді құтқарып қалды. 2-3 күннен кейін КГБ-дан адамдар келіп, сұрақтың астына алды. Кураторымыз ортаға түсіп, аман қалдық. Пальтоны қоқысқа тастадым. Сол бір ызғарлы желтоқсан айын еш ұмыта алмаймын. Жеген таяқ, көк мұз, аяз жүректе мәңгі қатып қалды. Кейіннен маған былай қарай қаш деп, қорғап қалған ер адам кім екен деп іздедім, генерал М.Қалматаев екен. Кездесудің сәті түспеді. Ағамыз  марқұм болып кетіпті.

Тәуелсіздік дегенде сол уақыттағы ауыр оқиғалары көз алдымда деректі фильм сияқты келеді. Қазақ жастарының қайсар мінезі, қыздар мен жігіттердің намысқойлылығы, орыс әскерінің сұсты түрлері. Қанмен келген тәуелсіздік...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға