Жаңалықтар

«Желқайықтың» ерекшелігі – кез келген тұсынан оқып, түсіне аласыз

Жазушы Тұрысбек Сәукетаев оқылымды кітап жазудың сырын айтты
«Желқайықтың» ерекшелігі – кез келген тұсынан оқып, түсіне аласыз
Фото: kk.unansea.com 26.10.2022 20:02 2762

Жазуында өзіндік тартымдылығы бар, салмақты да, салиқалы ой өрбітетін Тұрысбек Сәукетаевтың мейлі әңгімесі болсын, мейлі повесі болсын, мейлі романы болсын, үнемі өн бойында халықтық салт-дәстүр, ұлттық идея өзек тартады. Ол «Желқайық» романы үшін Абай атындағы Мемлекет сыйлықтың лауреаты атанды. Біз қаламгерді құттықтап, қазақ әдебиеті төңірегіндегі мәселелерді талқыладық.

Бір романды 6-7 жыл жазудың өзіндік қиындығы болатыны ақиқат. Қаншама түнгі арпалыстың нәтижесінде заман ағымындағы тұтас ұлттың басынан өткен оқиғалар баян етіледі.

Жазушы Дәурен Қуат: «...Әсірелеп, әрлеуден аулақпыз, романнан мұңлы қоңыр әуен еседі. Кей тұста қоңыр әуен аза жырындай аңырап кетеді. «Желқайықтан» «елімайлап» келе жатқан халықтың зары естіледі. Бахтияр – туған анасын ғана білетін шата. Зухра – тұл жетім, Биназар – Абыралыдағы сынақтардан дерт жұқтырған сырқат жан, Аманбаев – ғылымға келген құбыжық, Қосымхан – Сібірге тауар тасып, Тайгада орыстардың аяғын итше жалап жаны қалған қуыс кеуде, тірі өлік. Сыған – Барон қылмыс әлемінің тұтқыны. Бахтиярдың анасы – «Амур толқындарына» жалғыз өзі билейтін қосүрейлі мұңлық. Тұрар – Чернобыль апатына ұрынып, еркектік қабілетінен айрылған азбан. Әйелі Роза – еріксіз жезөкше. Профессор Ахметовтың ұлы дауасыз наркоман. Қызы – зәңгіге алданып байға тиіп, ақыры ес-ақылынан айрылып тынған елірме-ауру. Осылай кете береді. Және осының бәрі – ХХ ғасырдың қазаққа тартқан «сыбағасының» жемісі...», – деп бағасын береді.

Осы тұрғыда алғанда, Тұрысбек Сәукетаевтың шығармасы оза шабуы заңдылық, әрі әділдік дер едік.

Тұрыспек аға, марапатыңыз құтты болсын! «Желқайық» романының ұзақ жылдық еңбектің жемісі. Оқырман арасында сұранысқа ие болуының сыры неде?

– Әр жазушының жазу стилі әрқалай ғой! Қазіргі тынымсыз тіршілік заманында том-томдап кітап оқып отыратын уақытта жоқ. Оқырманға барлық жағдайды қарастыра отыра жаздым. Бастысы, әр тараулардың тақырыьын қоюда қателеспедім деп ойлаймын. Басқа романдар сияқты көлемге емес, оқиғаның мәнін ашуға басымдық бердім. Яғни кез келген беттен өзіңе ұнаған тарауды таңдап оқып бастасаң да, оқырман үшін түсінікті әрі мағыналы. Яғни романды соңынан басына қарай парақтап, бел ортасынан кері бұрылып, тіпті әр тараудағы бөлімдерді жеке-жеке жіліктеп те оқып, тұтас романның мән-мағынасын түсінуге әбден болады.

Мемлекеттік сыйлықты алмай тұрып, оқырмандарыңыз әлеуметтік желіні бір шулатқан еді. Сол жайлы айта кетсеңіз?

–  Біріншіден мені қолдаған, тілекші болған әдебиеттің қадірін білетін барша азаматқа ықыласымды білдіремін. Мұндай мәртебелі сыйлыққа мені лайық көрген оқырмандарым болды. Расында мен екінші кезеңнен өтпей қалған едім. Бірақ, оқырмандарымның толассыз жазған пікірлері биліктің құлағына жетіп, сол арқылы осы сыйлыққа ие болып отырмын. Бұл жазушы үшін марапаттан да үлкен құрмет.

Білуімізше, «Желқайық» бұл «Қилы тағдыр» атты үлкен бір романдардар циклының үшінші кітабы. Неліктен осы том марапатқа лайықты деп есептелді?

– Иә, негізінде сіз айтып отырған тарихи маңызы бар роман циклы үш кітаптан тұрады. Біріншісі – «Ай қараңғысы», екіншісі – «Ұлағай», үшіншісі – «Желқайық». Бұл туындыларда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан бүгінгі өмірімізге дейінгі тарих қамтылады. Алғашқы нұсқасы журнал бетінің алты нөмірінде жарық көрді. Кейін 2019 жылы кітап болып басылып, оқырман назарына ұсынылды.

– «Желқайық» атауын алуының себебі неде?

– ХХ ғасырдың соңғы жылдарындағы әлеуметтік жағдай, руханиятдағы атмосфера, адамдардың қарым-қатынасы және т.б. түйдек-түйдек мәселелерді шама-шарқым келгенше қамтыдым. Оқырманға қызықты болғаны осы деп ойлаймын. Өткен мен бүгінді салыстыру кімге болса да қызықты ғой!

Шығарма жазуда қандай да бір қағидаңыз бар ма?

– Мен жазған романдар жиыны үлкен бір тарихи маңызы бар дүние. Бүгінгі күн де ертең тарихи кезеңге айналады. Аға буын мен жас ұрпақ арасындағы көзқарас қайшылығын зерделей отырып, барлық аудиторияны қамтитын кітап жазу – басты қағидам.

Бүгінде жазылу үстіндегі туындыларыңыз жайлы айта кетсеңіз?

– Әрине, шығармашыл адам бір орында тұрмайды. Қазір шығарма  жазу үстіндемін.  Осы уақытқа дейін 9 роман жаздым. Бұл туындыларда қазіргі заманның өзекті мәселелері қамтылады. «Құм сарай», «Сайтанның түсі» атты шығармамның атауы айтып тұрғандай басқаша форматта жазылды. Сол сияқты «Мен – жындымының» екінші кітабын жазып біттірдім. Атауы – «Өлгендер қайтып келеді». Өте қызықты, әрі стилі де бөлек туындым оқырман қолдауын табады деген үміттемін.

Көптеген шығармаларым баспа бетін көрмей жатыр. Кітап шығару қазіргі заманда қиынның қиыны. Үкіметтік қолдау жоқ! Өз қаржыңмен шығару керек, менің оған шамам келмейді. Демеушілер табылып жатса әрине  жарыққа шығады деген үміттемін. Алға қойған жоспарлар әрине көп. Әртүрлі мәселені қозғау да ойда бар. Мұндай ойлар негізінен қоғамға үн қату талабынан туындайды. Ал енді орындалып орындалмауын уақыт көрсетеді.  

Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға