Желідегі лайк пен қаралымға тәуелділік: Бұл психологиялық дерт пе?
Жақында TikTok әлеуметтік желісінің пайдаланушысы бір тәулік жер астында, табытта жатып, тікелей эфирге шығуы қызу талқыланып, қоғамда екіұдай пікір туғызды. Қалың көпшілік блогердің әрекетін сынға алып, аталған келеңсіздік құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмауы тиіс екенін ескертті. Керісінше «батыл қадам» деп қолдағандар да болды. Бұл әлеуметтік ахуал ма, әлде психологиялық дерт пе?
«Терін сатпай, телміріп, көзін сатқан...»
Жалпы қоғамда кейінгі кезде жастар арасында әлеуметтік желідегі лайк пен қаралым үшін шектен шығу қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны рас. Өлімнің өзін ойыншыққа айналдырып, аяулы ұғымдарды арзан хайпқа құрбан ету – құндылықтардың құлдырауын білдіре ме?
Тұрақты табыс таппайтын, өзін мойындата алмай жүрген жастар назар аудартудың ең оңай жолын іздейді. Абай айтпақшы, «терін сатпай, телміріп, көзін сатқан» жас ұрпақ еңбекпен, білім-ғылыммен, өнермен емес, қысқа әрі жылдам жолмен танылуды жөн көреді. Осы орайда әлеуметтік желіге тәуелділік мәселесі өте өзекті болып отыр. «Цифрлық дофаминге» зәру кейбір блогер үшін аудитория назарын аударту – күнделікті өмірдегі ең басты қуаныш көзіне айналған. Адамның табиғи қажеттілігі – мақтауға, мойындауға ұмтылыс – әлеуметтік желіде еселеніп, шектен шыққан формаға ие болды.
Есірткіге тәуелділіктен кем емес
Отбасылық психолог, «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Мөлдір Болатқызы лайк пен қаралымға тәуелділік есірткіге, құмар ойынға, ішімдікке тәуелділікке ұқсас екенін айтады.
Әрбір лайк, пікір, қаралым – мида дофаминнің бөлінуіне себеп болады. Уақыт өте келе адам осы «цифрлық марапатқа» үйреніп, әдеттегі өмірден қанағат алуды тоқтатады. Бұл классикалық тәуелділіктің механизміне өте ұқсас, есірткі, құмар ойын, алкоголь сияқты. Бірақ айырмашылығы – әлеуметтік желідегі тәуелділіктің басты себебі көбіне өзін-өзі бағалаудың әлсіздігі мен сыртқы мойындауға деген мұқтаждық. Яғни адам «мен құндымын ба?» деген сұрақтың жауабын ішінен емес, сыртқы реакциядан іздейді, – дейді психолог.
Жастардың «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге әуестеніп алғанының басты себебін – біреу отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен көрсе, енді бірі қоғамда жалпы идеологияның жоқтығынан дейді. Психолог мамандар мұндай келеңсіздікті қоғамның өзі реттеуі, тоқтатуы тиіс екенін айтады. Егер аудитория мәнсіз, қауіпті әрекеттерге қолдау көрсетпесе, оны ары қарай таратпаса, хайп та азаяды. Керісінше, біз көріп, бөлісіп, пікір қалдырған сайын ондай әрекеттерге сұраныс арта береді. Демек, блогердің әрекеті көрерменнің талғамына тәуелді.
«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі»
Тағы бір жолы – заңдық және этикалық реттеу. Моральға қайшы немесе қоғамға зиянды «контент» үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Бұл – сөз бостандығын шектеу емес, қоғамды азғындық пен арсыздықтан қорғау амалы.
Психолог Мөлдір Болатқызының айтуынша, жауапкершілікті отбасына немесе мектептің міндетіне ысырып қоя салуға болмайды. Жастарды жан-жақтан қолдау қажет.
Әрине, бірінші кезекте отбасындағы тәрбие өте маңызды. Баланың өзіндік құндылығын ерте жастан қалыптастыру керек. «Сен бар болғаның үшін құндысың» деген сезімді беру – негізгі психологиялық қорғаныш. Сонымен қатар, мектептің де ролі орасан зор. Білім ордасында жастардың медиа сауаттылығын арттыру қажет. Яғни оларға ақпаратты тұтыну ғана емес, өндіру мәдениетін үйрету керек. Бұл дағды – қалайда танылуды, көрінуді емес, қалай танылуды, яғни, білімімен, еңбегімен, өнерімен көрінуді, мойындатуды маңызды басымдық ретінде сезіндіреді. Сол сияқты қоғамның үлгісі де маңызды. Егер қоғамда еңбекпен, біліммен жеткен адамдар көбірек насихатталса, хайпқа сұраныс азаяды. Жастар трендті қайталайды, сондықтан трендті өзгертетін орта қажет, – дейді М.Болатқызы.
Маманның айтуынша, «лайк үшін бәріне дайын» болу – деградацияның да, әлеуметтік дағдарыстың да, психологиялық тәуелділіктің де көрінісі. Оның тамыры тереңде жатқанымен, қоғам болып тоқтатуға болады. Яғни, біз талғамымызды түзесек, блогерлердің яки жастардың әрекеті де өзгереді.
TikTok-ты шектесек мәселе шешіле ме?
Биыл ақпанда Парламентте TikTok секілді әлеуметтік желілерді елімізде шектеу туралы мәселе көтерілген еді. Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Елнұр Бейсенбаев, Аманжол Әлтай, Қазыбек Әлішевтің айтуынша, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойған. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттесе, Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеген.
Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, тик-токты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес, - деді Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.
DataReport (Kepios) дерегіне сәйкес, 2024 жылғы қаңтарда Қазақстандағы ересек (18 жастан жоғары) интернет-қолданушылардың 77,5%-ы, яғни шамамен 14,1 миллион адам ұялы телфонына TikTok қосымшасын орнатқан. Әрине, миллиондаған аудиториясы бар әлеуметтік желіні шектеу, тыйым салу – күрмеуі қиын күрделі мәселенің түпкілікті шешімі бола алмайтыны да түсінікті. Керісінше, өршітіп алуымыз да ғажап емес.
Психолог Мөлдір Болатқызы контент жасауда этика шекарасын бұзбай-ақ назар аудару үшін қандай психологиялық дағдылар қажет екеніне тоқталды.
Мұнда басты үш дағды керек. Өзін-өзі тану: «Мен кіммін? Нені жеткізгім келеді?» деген сұраққа жауап берген адам сыртқы хайптың құлы болмайды. Эмоцияны басқару: ашу, реніш, жалғыздық сияқты ішкі күйді хайппен емес, сауатты әдіспен шығара білу. Сонымен қатар шығармашылық ойлау: назарды этиканы бұзбай тарту – креативтің ең жоғары формасы. Ол үшін адам сыни ойлау мен ассоциативті ойлауды дамытқаны жөн, - дейді маман.

