коллаж El.kz

Желіде енесімен контент түсіретін келін

04.08.2025 13:35

Регина Абенова – қазаққа келін болған фотограф әрі блогер. Ол отбасымен, әсіресе ата-енесімен бірге түрлі бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желіде отбасылық құндылықтарды насихаттайтын ерекше контент ұсынады. El.kz интернет порталының тілшісі келін мен ене арасындағы қарым-қатынасты шынайы әрі жеңіл әзілмен жеткізіп, жазылушыларының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Регинамен сұхбаттасқан еді.

Регина – қазақтың келіні

Регина Абенова – Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ұлты – татар. Анасы – орыс, әкесі – татар болғандықтан, өзі де аралас отбасында тәрбиеленген.

Желіде енесімен контент түсіретін келін

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ұлтымыз аралас болғанымен, отбасымызда ешқашан ұлтқа бөліну болған емес. Біз үшін ең маңыздысы – адамгершілік пен сыйластық, – дейді Регина.

Желіде енесімен контент түсіретін келін

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жас келін қазіргі таңда қазақ жігіті Арсланмен отбасын құрып, ұлы Эмирханды тәрбиелеп отыр. Кәсіби фотограф және «мамский» блог авторы ретінде әлеуметтік желілерде белсенді.

«Көк көздері мені баурап алды»

Регина фотограф ретінде қызмет етіп жүрген кезінде болашақ жарымен танысқан. Ол сәтті әлі күнге дейін ұмытпаған.

Бір күні мені баннерге түсірілім жасауға шақырды. Сол жерде алғаш рет Арсланды көрдім. Көк көздері мен әзілге бейімділігі бірден баурап алды, – дейді Регина.

Жас келін «Махаббат ұлт талғамайды» деген қарапайым қағиданы ұстанған. Бірақ ұлтаралық некеге қатысты қорқыныш сезімі де болған.

Желіде енесімен контент түсіретін келін

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Басында, әрине, қорқыныш болды. Қазаққа келін болдың ба – міндетті түрде ауырлық күтіп тұр, ұрысады, жәбірлейді деген стереотип бар. Алайда мен заманауи әрі түсіністігі мол отбасына келдім, – деп еске алады ол.

Регина Абенова ұлт емес, адамның ішкі мәдениеті мен жүрек тазалығы маңызды екенін айтады.

Қазаққа күйеуге шыққаныма ешқашан өкінген емеспін. Өйткені жаман ұлт жоқ, тек жаман адам бар. Кімді жақсы көрсең – соған тұрмысқа шығу керек. Ұлт емес, махаббат маңызды, – дейді ол.

«Енем «жастар өздері өмір сүруі керек» деді»

Регинаның айтуынша, оның отбасы да, жары Арсланның отбасы да некеге қарсы болмаған. Керісінше, қолдап, жаңа өмірге ақ тілектерін білдірген.

«Енем заманауи. Ол алғаш танысқанда-ақ: «Жастар бөлек тұрғаны дұрыс» деді. Біз жеке тұрамыз. Бірақ туыстық байланыс мықты – жиі кездесеміз, бір-бірімізге қолдау көрсетеміз, – дейді ол.

Жас отбасының бүгінде Эмирхан есімді ұлы бар. Регина христиан дінін ұстанса, Арслан – мұсылман. Бұл айырмашылық та олардың отбасылық өміріне кедергі келтірмейді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ФОТОГРАФ ТАЛДЫКОРГАН•МАТЕРИНСТВО•РЕГИНА (@halitova_regina)

Эмирхан әкесі сияқты. Бірақ біз екі діннің де мейрамдарын атап өтеміз. Мәселен, сәуір айында ұлымызбен Пасха мейрамын тойладық. Оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарияладық. Контентіміз жазылушыларға ұнаған сияқты, – дейді блогер ана.

Қазақтың дәстүрі мен тілін құрметтейді

Көпшілік үшін қазаққа келін болу – өзіндік сынақ секілді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, үлкенге құрмет, тіпті тілдік кедергілер де бар. Бірақ Регина мұның бәріне жеңіл бейімделген. Себебі өзі де осы елде дүниеге келген.

Мен Қазақстанда туып-өстім. Сол себепті қазақтың дәстүрі, менталитеті, тілі жат емес. Тіл мәселесінде әлі толық жетілмегенім рас. Тұрмыстық деңгейде сөйлей аламын. Бірақ акцентпен сөйлегенім үшін кейде күлгендер болды. Бұл кішкене барьер қалыптастырды. Бірақ баламның арқасында бұл қиындықты жеңетініме сенемін, – дейді ол.

Регина ұлы Эмирханмен көбіне қазақ тілінде сөйлесуге тырысады. Болашақта оны екі тілді толық меңгерген азамат етіп тәрбиелегісі келеді.

Әлеуметтік желідегі контент – көпке ой салады

Регинаның Instagram, Tiktok желісіндегі басты ерекшелігі – отбасы мүшелерімен бірге түсіретін контенті. Әсіресе, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа қатысты әзіл мен шындықты астастырған бейнероликтері көпшіліктің назарын аударады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ФОТОГРАФ ТАЛДЫКОРГАН•МАТЕРИНСТВО•РЕГИНА (@halitova_regina)

Кей адамдар келінді қызындай көрмей, араға шекара қояды. Біз соны видеода көрсетеміз. Адамдар қарап отырып, өз әрекетін түсініп жатады. Оған қоса жақсы қарым-қатынастың да үлгісін көрсетеміз. Жазылушыларымыздың арасында: «Мен де келініме сіз сияқты қараймын», «Өзімді көрдім, қателіктерімді енді түсіндім» деп пікір жазатындар өте көп, – дейді Регина.

Оның айтуынша, мұндай әлеуметтік бағыттағы видеолар келін мен ене арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге шығуына ықпал ете алады. Бұл – отбасылық гармония мен өзара құрметті қалыптастырудың заманауи құралы.

Айта кетейік, бұған дейін «Бәйтерек» тобының «Сен», «Ханшайым» әндері қалай хитке айналғаны жайлы жазған едік.