Жаңалықтар

Жекенің қолындағы университеттерді тартып алудан білім сапасы жақсара ма?

Жекенің қолындағы университеттерді тартып алудан білім сапасы жақсара ма?
Фото: © El.kz 11.08.2023 15:00 4830
Өткен айда күтпеген жерден премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің жоғары оқу орындарын мемлекеттік меншіктен жеке қолға беру туралы құжаттарды тексеруді тапсырды. Әрине, соңғы кездері көптеген жекеменшік оқу орындарына қатысты сын көбейген.  Біразы «диплом фабрикасына» айналып кеткені де жасырын емес. El.kz ақпарат агенттігі осыған қатысты мамандардың пікірін білген еді.
Пікір білдірушілердің көзқарастары екі түрлі. Бірінші топ білім сапасының төмендеуіне жекеменшік университеттердің көбейіп кетуі себеп десе, екіншілері жоғары оқу орындарының мемлекетке масыл болуы экономикамызға салмақ екенін айтады.
 
Еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алғанда небәрі 61 жоғары оқу орны ғана болған екен. Арада 10 жыл өткенде бұл сан үш есеге артты. 2001 жылы жоғары білім беру ордаларының саны 182-ге жеткен. Қазір де университеттердің саны аз емес, 122 университет пен бірнеше академия бар. Оның 72%-ы жеке университеттер.
 
2016-2020 жылдар аралығында жеке меншік университетте білім алушылардың саны 53,8%-ға өскен. Қазіргі уақытта елімізде жалпы 127 жоғары оқу орны бар, оның ішінде 70-і – жеке меншік. Сол оқу орындарында 624 263 адам біліп алып жүр. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 55%-ы жеке меншік ұйымдар.
 
Жеке меншік университеттердегі білім алушылардың саны жыл сайын өсуі байқалады. Мысалы, 2016-2020 жылдар аралығында 53,8% өскен. Контингенті ең көп жеке меншік жоғары оқу орындары: Шымкент университеті – 15 527, Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университеті – 12 717, «SilkWay» университеті – 9 320 және олардың барлығы бір өңірде орналасқанын ескеру қажет. Яғни, іс жүзінде бірқатар жекеменшік университеттерді өз контингенті бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ сияқты ұлттық университеттермен салыстыруға болады.
2030 жылға қарай ЖОО түлектері екі есеге көбейіп, саны 301 602 адамға жетеді деп болжам жасалып отыр.

Университеттерді жекешелендіру жақсы,бірақ...

Ұлттық, мемлекеттік, жекеменшік университеттерде ұзақ жылдар бойы оқытушы болып еңбек еткен экономист Сапарбай Жобаевтың өз айтары бар.

Жекенің қолындағы университеттерді тартып алудан білім сапасы жақсара ма?

Білім сапасын батыс елдерінде түлектердің жұмысқа орналасуы мен білім бағдарламасын игеруіне қарап бағалайды. Ұлттық университтеттегі студенттердің білім деңгейі, сабаққа келуі, ынтасы көш ілгері. Ол тек университеттің беріп жатқан білімінің жоғарылығына ғана байланысты емес. Мемлекеттік университеттің студенттерін «сабаққа келіңдер, оқыңдар» деп ешкім қинамаса да, уақытысында келіп, білім алады. Бірнеше әсер етуші фактор бар. Біріншіден, ұлттық, мемлекеттік университеттерге студенттер сайдың тасындай іріктеліп келеді. Республиканың түкпір-түкпірінен түлектердің ішінен қалқыған қаймақтарын сүзіп, жинап алады. Бірақ теоретиктердің бәрі мықты маман болып шығады деп айта алмаймыз. Қайнаған еңбек майданында піскен маман теорияны жатқа соғатындардан әлдеқайда сапалы кадр болуы мүмкін, - деді оқытушы.
Ол сондай-ақ бір университеттің барлық факультеттері ең үздік бола бермейтінін айтты.
Әр мамандықтың өз мықтылары бар. Мысалы, мен экономист-бухгалтермін. Өз баламды осы мамандыққа түсіретін болсам, ұлттық университеттерді емес, Алматыдағы Narxoz-ды таңдайтын едім. Өйткені Narxoz осы мамандық бойынша маман дайындауды жетік меңгерген, тарихы тереңдегі университет. Кадрлары да мықты. Білім саласында көп дүниені кадр шешеді. Кейбір мамандықтарды дайындауда мемлекеттік оқу орны жақсы болса, кейбірінде жекеменшік озық тұрады, - деді Сапарбай Жобаев.
Сондай-ақ ол университеттердің жеке болуынан қашудың қажеті жоқ екенін айтты. Бұл жерде маңыздысы – министрлік тарапынан бақылаудың болуы деп отыр.
Жоғары білім беру саласын жекешелендіруден қорқудың қажеті жоқ. Еліміз дамыған сайын университеттер жекешелендірілетін болады. Бірақ ол бір күнде орнай қоятын процесс емес. Кезең-кезеңімен өтеді. Қазір министрлік осыны қолға алып жатыр. Ең алдымен жеке универсиеттерді тазалау процесі басталып кетті. Талапқа сайлары ғана қатарда қалатын болады,- деді экономист.
Ол осы ретте қандай университет болмасын сапалы менеджмент, білікті басшы болмаса бәрі бекер екенін айтты. 
Сапалы жоғары білім берілу үшін сәтті менеджмент керек. Жеке университет сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Оған не кіреді? Біріншіден, студенттердің материалдық-техникалық базасының жақсы болуы: зертхана, практикалық кабинет, кітапхана, заманауи техника, асхана, жатақханамен қамтамасыз етуі. Екіншіден, білікті оқытушылар құрамы. Олардың арасында ірі ғалымдар, профессорлар, практиктер болуы керек. Үшіншіден, білім беру бағдарламасы. Төртіншіден, тәртіп болуы керек. Біздегі жеке университеттер осы үдеден шыға алмай жатыр, - дейді оқытушы.
Бұған олардың сапаға жұмыс істемеуі – себеп екен. Сапарбай Жобаев бір жағынан ата-аналардың баласының жоғары білімі бар деген мақтан сөз үшін жеке университеттерге құжатын тапсырып қойып, бір рет те төбе көрсетпей дипломын алатыны – қоғам шындығы деп отыр.
 
Халық арасында жеке университеттерді диплом басып шығаратын фабрикаларға айналды деген көзқарас та бар. Оны несін жасырып, жабамыз? Сұраныс болған жерде ұсыныс болатыны – экономика заңы. Бірақ білім саласы – жай ғана табыс көзі, кәсіп қана емес. Білім беру – мемлекет бақылайтын маңызды салалардың бірі. Меншік нысаны қандай болғанына қарамастан, мемлекет жоғары оқу орнының талапқа сай немесе сай емес екенін бақылай алады. Сондықтан мемлекеттік университеттерді мемлекет бақылауында, жекелер білгенін істейді деген болмауы керек, - деді ол.
Оқытушының сөзінше, екі түрлі басқару да болуы тиіс.Қазақстан үшін қазіргідей аралас формат дұрыс. Бірақ жайлап мемлекеттіктерді азайтып, жекелерді көбейту керек деп отыр. 

Жекеменшік университеттер форматына толықтау көшу ерте

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Ғайнижамал Боранбаева Қазақстан жағдайында жекеменшікке толық өту әлі ерте екенін айтады.

Жекенің қолындағы университеттерді тартып алудан білім сапасы жақсара ма?

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында жекешелендіруді сәтті жүргізіп жатқандар өте сирек. Өңірлердегі көп жеке университеттердің білім сапасы стандартқа сай емес. Министрлік осындай білімі мен білігі сәйкес келмейтін кадрлар даярлап жатқан жоғары оқу орындарын лицензияларынан айырып, жауып жатыр. Әрине, шетелде жекеменшік университеттер көп. Олар табысты әрі сәтті жұмыс істеп жатыр. Мәселен, әлемдегі ең үздік университет – Гарвард университеті жекеменшік басқару нысанында. Бірақ бұл бізде де жекешелендіру керек деген сөз емес. Біздің еліміздегі жоғары білімді осындай аралас форматта қалдырған дұрыс деп есептеймін. Егер жас ғалымдар жаңа технологияның дамуына үлес қосып, жаңалық ашсын десек, білімге бірінші кезекте мән беруіміз керек. Білім – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Білімге салынған инвестиция – ең пайдалы инвестиция, - деді ол.

Жекеменшік оқу орындары бәсекеге қабілетті ме?

AlmaU университетінің проректоры Әсел Арынның сөзінше, жекеменшік университеттердің кампустары, зертханалары қазіргі заман сұранысына сай.

Жекенің қолындағы университеттерді тартып алудан білім сапасы жақсара ма?

Көптеген жекеменшік ЖОО (КИМЭП, КБТУ, AlmaU, KAZGUU, СДУ т.б) университеттік рейтингтердің жоғары орындарында орналасқан. Бұл жеке сектордың қарқынды дамып, саны бойынша ғана емес, сапасы жағынан да алдыңғы қатардан көрініп жүргендігін көрсетеді. Жекеменшік уни-верситеттердің қазіргі заманға сай оқу кампустары, инновациялық білім бағдарламалары, оқытудың озық техноло¬гиялары, зертханалары және түлектерге деген жұмыс берушілер тарапынан жоғары сұраныстың болуы жекеменшік универ¬ситеттердің беделін арттыра түседі, - деді ол.
Проректордың сөзінше, мемлекеттік университеттердің ішінде де, жекеменшік университеттерде де мықтылары да, сапасыздары да бар.
Бұған әсер ететін бірнеше факторды айтып өткім келеді. Біріншісі қаржы мәселесі. Көптеген мемлекеттік университеттер аймақтарда орналасқан. Оларда студенттердің басым бөлігі мемлекеттік гранттарда оқиды, ал ақылы бөлімнің ақысы ірі қалалардағы университеттер ақысынан 2-3 есе төмен. Жекеменшік университеттерде студенттің көбі өз қаражаты есебінен оқиды. Егер мемлекеттік грант есебінен оқитын әрбір студентке мемлекет жылына орташа есеппен 750 мың – 1 миллион 100 мың теңге төлесе, жекеменшік университтерде оқу ақысы мемлекеттік грант мөлшерінен 2 есе артық. Осылайша, жекеменшік университеттердің өз дамуына көбірек инвестиция жұмсауға, озық технологияларды сатып алуға, білікті оқытушыларды тартуға, студенттерге артығырақ жағдай жасауға мүмкіндіктері бар, - деді ол.
Оның сөзінше, екінші фактор – басқару жүйесі. Жекеменшік университеттер корпоративті басқару жүйесін пайдалануы арқылы мықты менеджменті арқасында инвестицияларды тиімді жұмсап, қызметін тиімді атқарады екен.
 
Мысалы, AlmaU-да Қамқоршылар кеңесі – күрделі шешімдерді қабылдайтын ең жоғары тәуелсіз орган болып отыр. Аталған орган университеттің даму стратегиясынан бастап жылдық бюд-жетін бекітуге дейінгі өзекті сұрақтарды қарастырады. Бұл университетке нарықтағы беделді сарапшылардың университет өміріндегі маңызды сұрақтарына қатысты ашық, тәуелсіз, тиімді, озық шешімдер қабылдауға септігін тигізеді, - деді Әсел Арын.
 
Оның айтуынша, үшінші фактор академиялық еркіндік, оқу процесіне инновацияларды енгізу. Академиялық еркіндіктің артуы еліміздегі ЖОО-ға әлемдік деңгейде бәсекеге түсуге мүмкіндік береді деп отыр.
 
Көптеген жекеменшік ЖОО-ның сапалы білім беруі осы академиялық еркіндіктің арқасында мүмкін болып отыр. Академиялық еркіндік ЖОО-ға айрықша инновациялық бағдарламаларын әзірлеуге, халықаралық ынтымақтастықтарын дамытуға, оқытуда озық технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді. Академиялық еркіндік ЖОО-ға оқу сапасын арттыруға және оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға, жұмыс берушілердің, кәсіби қауымдастықтардың сұра-нысына сәйкес әзірлеуге септігін тигізеді. Жекеменшік университеттер академиялық еркіндікті тиімді пайдаланып, өзінің оқу процесіне инновациялық шешімдерді тиімді енгізіп жатады. Мемлекеттік университеттерде бюрократиялық процесстердің көп болуы салдарынан инновациялық шешімдерді қабылдау баяу жүргізілуі мүмкін, - деді проректор.
 
Сондай-ақ ол ұлттық, мемлекеттік университеттер көп жағдайда мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға көбірек ие болатынына қынжылды.
Мәселен, министрліктің көп қолдау бағдарламалары тек ұлттық не мемлекеттік университеттерге ғана қол жетімді. Бұл жағдайда жекеменшік университеттер бұндай мүмкіндіктерден тыс қалып жатады, - дейді ол.
Сарапшыларымыздың пікіріне сүйенсек, жоғары білім беру саласында ең маңыздысы – құрылтайшысының кім екендігі емес, академиялық адалдық пен еркіндік.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға