Жаңалықтар

Жекеменшік мектеп: бизнес пен билік арасындағы әріптестіктің жаңа формасы

2019-2021 жылдары 94 696 орынды 287 жекеменшік мектеп ашылды
Жекеменшік мектеп: бизнес пен билік арасындағы әріптестіктің жаңа формасы
Фото: El.kz 07.11.2022 19:23 4663

Елдегі урбанизация және демографиялық өсім көрсеткішіне сүйенсек, 2025  жылға қарай мектептегі орын тапшылығы миллионға жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде екі-үш ауысымды мектептер мәселесі өзектілігі жоймай тұр. Бұл қажеттілікті шешуде Президент жекеменшік секторды қызықтыруды атап, кәсіпкерлерге әлеуметтік жобаға белсенді қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 800 мектеп салуға тапсырма бергенін, мұны 1000-ға жеткізуді міндеттеймін дегені есімізде. 

Инвестор қаржысымен мектеп салуда Түркістан облысы көш басында тұр, онда 56 жеке мектеп пайдалануға берілді. Келесі орында тұрған Шымкентте – 52, Алматыда – 41, Астанада – 29, Жамбылда – 30, Алматы облысында – 17, Қызылорда облысында – 16, Маңғыстау облысында – 14 және Ақтөбе облысында – 8 білім ордасы жекеменшік сектордың үлесімен салынды.

Кез келген ата-ана баласының жақсы білім алуын қалағандықтан, ақылы білімнің перспективасы жоғары деп санайды. Сонда ата-ана жеке мектептің білім деңгейіне үлкен сенім артады ма? Әлде ақылы мекеменің сабақ беру тәсілі өзгеше ме?

Мемлекеттік мектеп екі-үш ауысымда білім берсе, жекеменшік мектепте оқушылар таңнан кешке дейін білім ордасында болып, күніне уақытылы үш рет тамақ ішіп, түрлі үйірмелерге қатысады. Яғни жұмысбасты ата-ана үшін тиімді жоба деуге болады. Өйткені баланың сабағын дайындауға да басын ауыртпайды. Бәрі жеке мектептің міндетіне жатады. Бұл ретте «QAZBILIM» жобасының авторы Аятжан Ахметжанұлы аталмыш екі мектепті бөліп қарастыру дұрыс еместігін жеткізді.

«Саналы әрі сапалы ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп дайындау функциясында мемлекеттік және жеке деп бөліп қарасытыруға болмайды. Бірінші кезекте, сараптама жасау қажет. Ақылы білімнің нәтижесі тегін білімнен қарағанда төмен екеніне көзіміз жетіп жатады. Барлығына бір стандартпен қарау керек. Себебі меншікті болса да оқитын халықтың баласы. Әрине, бала саны мен сағат саны арасында артықшылықтары бар.  Алайда, білім бағдарламасы бірдей», – дейді ол.

Кез келген мектеп бір ғана мемлекет бекіткен бағдарламамен оқытады, пәндері мен сабақ бөлінісі де ұқсас. Кейбір бағыттарда мазмұн мен педагогиканың жаңа форматы бағытында қызық идеялар ұсына алады. Білім беру саласындағы жаңа өзгерістер, ұсыныс, технология, робототехника, жаңа модельдеу бойынша мүмкіндігі жоғары. Оқушы барлық пәнді оқуға міндеттелмейді, яғни өздері таңдап алатындай жағдай жасады. Бұл білім беру жүйесіне еркіндік береді.

JOO High School директоры Нұрғали Елшібектің айтуынша, жекеменшік мектеп тек орын тапшылығы мәселесін ғана шешпейді. Білім берудің сапасын көтеруде халықаралық үздік тәжірибелер мен стандарттарды бірінші енгізуде маңызды рөл атқарады. Ақы төленіп отырғаннан кейін, ұстаздың да жауапкершілігі артады.

«Біздің мектеп тек білім берумен ғана шектеліп қалмайды. Баланың шығармышылық әрі сыни ойлау қабілетін ашуға мол мүмкіндік жасаймыз. Шетелде жүріп білім берудің түрлі бағытын көрдім. Ол жерде бәріне ортақ ұқсастық – сананы ояту. Біз осы стандартты өзімізге құндылық етіп алдық. Басты мақсат – оқушыға таңдау бере отырып, оның саналы азамат, толыққанды тұлға болуына ықпал ету. Оқушы пәндерді, тақырыптарды, бағдарлама деңгейін өзі таңдай алады. Сонда әрбірі өзінің үлгерімі мен мінез-құлқына сай таңдау жасап, өз өміріне деген жауапкершілікті сезінеді. ҰБТ-ға кірмейтін пәндерді жоба ретінде үйретеміз. Оның өз әдістемесі бар. Белгілі бір тақырып бойынша қалай мағлұмат жинауды, кейс талдау үйренеді. Бұл дағдылар тек университетте ғана емес, баланың бүкіл өміріне азық болады. Тіпті бизнес ашса да, бұл – машықтар көмектеседі», – дейді Нұрғали Елшібек.

Таңдау жасағанда сапалы біліммен қатар оқу бағасына көңіл бөлінетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын ақы мөлшері әртүрлі. Аймақтық жерде айына 50 000 теңгеден басталады. Ірі мегополистер – Алматы мен Астанада жылына бір миллион теңгеден асады. Мамандар қаржының тиімділігі, баға мен сапа сәйкестігін өлшейтін белгілі бір өлшем жоқ.

Білімді бағалау көрсеткішін жаңа технологияны қолданысқа енгізу форматы бойынша бақылауға болады. Ақпараттық технологиялар заманында туған балаларды тақырыпқа қызықтырудың бірден-бір жолы digital форматтағы дүниелер. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы Нұрғали Елшібек:

«Гибридті форматта білім береміз. Қазіргі таңда тек офлайн форматта мұғалімнің дәрісін тыңдау аздық етеді. Біз ҰБТ-да тапсыратын пәндерді офлайн және JОО.kz платформасының көмегімен  қосымша ретінде онлайн оқытамыз. Сабақта алған білімін платформада қайталап, қосымша тапсырма орындайды. JОО.kz базасындағы digital ақпараттар тез қабылданады. Ал оның цифрлы бағалау жүйесі балалардың үлгерімін объективті бағалап, жасанды интеллекті қай тақырыптар бойынша ақсаңдап қалғанын анықтауға көмектеседі. Соған қарап мұғалім қосымша түсіндіреді. Бұл адаптивті әдіс деп аталады».

Бүгінде жеке мектептер қалада ғана емес, елді мекендерде де көптеп салына бастады. Мәселен, Қызылорда облысы Жаңакорған кентінде соңғы екі жылда жеті жекеменшік мектеп ашылды. Соның бірі – 220 оқушы тәрбиелеп отырған «Заңғар» интеллектуалдық мектебі. Білім ордасының өкілі Әбдісамат Әбіштің айтуынша, жеке мектептердің артықшылығы бар. Біріншіден, ауылдық жерде робототехника үйірмесі мен ментальді арифметика үйірмесі бар. Екіншіден, білімге ынталандыру мақсатында оқушыға степендия бөлінеді. Озат оқушылардың санына қарай, құрылтайшылар ішкі бюджетті бағамдай отырып, ортақ бір сумма белгілеп, үздік оқушыға табыстайды.

«Интеллектуалдық мектеп болғандықтан, оқушының креативті, сыни ойлау қабілетін дамытуға күш саламыз. Телефоннан көріп жүрген роботтарды қолмен құрастыруға мүмкіндік беретін, бір данасы 250 мың тұратын арнайы алты техника алдық. Жаңақорғандағы жеке жеті мектептің ішінде біздің білім ордасында ғана мұндай мүмкіндік бар. Бұл бәсекелстікті арттырады. Бүгінде отыз оқушы робототехниканың қыр-сырын үйреніп жатыр», – дейді Әбдісамат Әбіш.

Бір жыл бұрын бой көтерген «Заңғар» мектебінің жетістігі аз емес. Былтырғы оқу жылының өзінде Республикалық шығармашылық онлайн байқау, пәндік олимпиададан 30 жүлде, аудандық, облыстық байқаулардан 10 жүлде еншіленіп, үш оқушы Қазақстанның «100 дарынды оқушысы» Алтын кітабына енді. Оған қоса, мектеп жанындағы би, робототехника үйірмелерінен шәкірттердің жетістігі бір төбе болып тұр. Білімді шәкірт дайындап отырған ұстаздар да тыс қалмады. ТМД мемлекеттерінің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің 7-ші съезінде білім саласында 37 жылдың тәжірибесі бар Азиза Абилбашарова еліміздің  білім беру саласына қосқан үлесі үшін "Ы.Алтынсарин" атындағы төсбелгімен марапатталды. Күні кеше  Астанада менталды арифметикадан халықаралық жарыстан екінші, үшінші орын иеленді.

Түйін. «Ауылдық мектептердің әлеуетін арттыру» бағдарламасы бойынша заманауи технологиямен жабдықталып, қайта жөндеу жұмысынан өтіп жатқан мектепдерді көріп жатырмыз. Бұл арқылы тек оқушы ғана емес, мұғалімнің де ынтасы артады. Жаңа технология, жаңа тыныс, жаңа серпіліс. Бұл білім берудің сапасын арттырып қана қоймайды, оқушының тәжірибелік біліктілігін шыңдайды.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға