Жаңалықтар

Жекеменшік балабақшаларға лицензия берілуі мүмкін

Балаларды қорлау мен зорлық-зомбылықтың өрескел оқиғалары бізге сабақ болуы керек.
Жекеменшік балабақшаларға лицензия берілуі мүмкін
Фото: vezha.ua 15.08.2022 23:33 1096

Қазақстанда жекеменшік балабақшалардың иелері мен жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың республикалық бірлестіктерінің өкілдері лицензия беруді енгізуді қолдады, деп хабарлайды EL.KZ министрлікке сілтеме жасап.

Олар мұны қажетті шара санайды. Себебі ол балаларды мектепке дейінгі ұйымдардағы зорлық-зомбылықтан қорғап, балабақша тәрбиеленушілеріне жайлы және қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтанда өткен брифингте жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың иелері мәлімдеді.

Балаларды қорлау мен зорлық-зомбылықтың өрескел оқиғалары бізге сабақ болуы керек. Балаларымыздың жастайынан зорлық-зомбылыққа, психологиялық соққыға ұшырауына жол бермеуіміз керек. Бұған заң жүзінде нүкте қоятын кез келді. Лицензия беру жекеменшік және мемлекеттік балабақшалардың толық сәйкестігін тексеруге көмектеседі, - деді «Әділет» жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының жетекшісі Динара Құдайқұлова.

Ал «Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ мүшелері лицензия беруді қолдайтынын айтты.

Бұл біздің ұстанымымыз. Лицензия беру – ол әлемдік тәжірибе. Бизнесті жүргізу үшін қажетті талаптарды ескере отырып, балабақшалардың қызметіне лицензия жүргізу қажет. Уақыт балалардың қарапайым  білімді де алмай отырғанын көрсетіп отыр. Біз бизнестің заңды түрде жүргізілгенін қолдаймыз. Сондай-ақ бұл меншік нысанына қарамастан білім берудің барлық деңгейіне қатысты болуы керек. Егер балабақшалар ең төменгі талаптарды орындамаса, оларды ашуға тыйым салу қажет, - деді ұйым жетекшісі Роза Садықова.

«Bilim Invest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының президенті Күләнда Батырбекова да лицензия беру балабақшалар қызметінде тәртіпті қалпына келтірудің тиімді құралы екенін атап өтті.

«Bilim Invest» Ұлттық республикалық қауымдастығы 538-ден астам балабақша мен 17 мектепті қамтиды. Өзім бірнеше балабақшаның құрылтайшысымын. Алматы облысында 802 жекеменшік балабақша бар, олардың барлығы жақсы жұмыс істеп жатқанына күмәнім бар. Кейбір жекеменшік балабақшалардың жалдамалы коттедждерде жұмыс істейтінін көріп отырмыз, оларда балалардың қауіпсіз тұруы үшін ең төменгі жағдайлар да жоқ. Осыдан қаншама бала зардап шегеді. Әлеуметтік желілерде тәрбиешілердің балаларға қол көтерген видеосын көріп шошыдық. Балабақшаларға лицензия беруді енгізу керек, бұл уақыт талабы», - деді «Bilim Invest» білім беру инвесторлары ұлттық қауымдастығының президенті Күләнда Батырбекова.

«Қазақстанның ерекше балалары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері ерекше балаларға ерекше қамқорлық керегін алға тартты.

Біз ерекше балалардың ата-аналарының мүддесін қорғаймыз. Мен өзім ерекше баланың анасымын, сондықтан көп мәселені сырттай білемін. Кейбір ерекше білім беруді қажет ететін балалар сөйлеспейді, естімейді, біреудің ақыл-ойы кемістігі бар, сол себепті балаларымыз үшін алаңдаймыз. Баршаңызды парасатты, саналы болуға шақырғымыз келеді.  Лицензия беру - бұл ең алдымен мектепке дейінгі білім беру саласында сапалы қызмет көрсету, бұл білікті қызметкерлердің, тәрбиешілердің құрамы, бұл тиісті үй-жайлар.  Балабақшалар жертөлелерде, тұрғын үйлердің биік қабаттарында болмауы керек. Жеке ойын алаңдары болуы керек. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Біз лицензия беру балабақшалардағы бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға септігін тигізеді деп есептейміз, - деді басқарма төрағасы Рауана Сағадиева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға