Жаңалықтар

Жеке тұлғалардың банкроттығы: Заңда қандай шектеулер болады

Өтінім берушінің қарызы 5 млн 520 мың теңгеден аспауы керек
Жеке тұлғалардың банкроттығы: Заңда қандай шектеулер болады
Фото: atameken.kz 09.03.2023 20:00 4075

3 наурыздан бастап банкроттыққа өтінім қабылдау басталды. Бүгінге дейін өзін банкротпын деп өтінім бергендердің саны 7 мыңнан асқан. Бұл заңға қатысты қандай шектеулер бар және артықшылығы қандай? Осы және өзге де сұрақтарға  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі мамандардан сұрап білді.

ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтінім бергендердің саны 7 мыңнан асқан.

«Оның 6645-і egov электронды үкімет порталы арқылы тапсырылса, 500 өтінім «E-salyq-Azamat» мобильді қосымшасы арқылы қабылданды. Азаматтар өтінімді үш түрлі әдіспен бере алады. Бұл жаңағы egov электронды үкімет порталы, «E-salyq-Azamat» мобильді жүйесі және ХҚКО арқылы», – деді ол.

Жаңағы айтқан статистика бұл соттан тыс банкроттыққа берілген өтінімдер саны болып табылады. Заңға байланысты аталған жүйе бойынша үш рәсім қарастырылғанын айтты.

Жеке тұлғалардың банкроттығы: Заңда қандай шектеулер болады

«Ол жаңағы соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Азаматтардың арасында көп сұранысқа ие – соттан тыс банкроттық рәсімі. Себебі, оған микронесие, тұтынушылық несиелер және кепілге жылжымайтын мүлкін қоймай алынған несиелер жатады. Соттан тыс банкроттық рәсімнің талабы да осындай. Бұған жүгіну үшін азаматтар сол талапқа сай болу қажет. Ең алдымен бұл банктер, микроқаржы ұйымдар мен коллекторлық қызметтердің алдындағы қарыздың бәрін қосқанда, 2023 жылы 5 млн 520 мың теңгеден аспауы тиіс және қарыз 12 ай ішінде өтелмеген болуы керек. Белгілі бір несие түрлерін бір жылдан астам уақыт төлемеген болса немесе бір несиесін жүйелі түрде төлегеніне алты ай болса, онда ол бұл шартқа сай келмейді», – дейді.

Бұдан бөлек, өтінім беретін азаматтың атында тіркелген бірде-бір мүлік болмауы керек. Мүліктің ішіне пәтер, жер учаскесі немесе автокөлік кіреді. Сондай-ақ, рәсімді қолдану үшін екі түрлі санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер де қарастырылған екен.

«Алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар болса, осы адамдарға қатысты 12 ай төлем болмау керек деген критерий қолданылмайды. Яғни, атаулы әлеуметтік көмекті алты ай қатарынан алып отыр ма, демек ол қарызын бір жыл төлемесе де осындай соттан тыс банкроттық рәсімге жүгіне алады деген сөз. Одан басқа тағы бір санаттағы адамдар бар. Бұлар қарызын бес жылдан астам уақыт төлей алмай отырғандар. Бұл жағдайда, азаматтардың атында мүлкінің бар-жоғын тексермейді және берешек сомасына байланысты қойылған талап ескерілмейді. Оның қарызы 5 млн 520 мыңнан көп болса да, аталған азамат соттан тыс банкроттық рәсімге жүгіне алады», – деп тілге тиек етті.

Сондай-ақ, өкіл банкроттық рәсімде қандай шектеулер болатынына тоқталды. Айтуынша азаматтардың соңғы шарасы ретінде қарастырылғанын дұрыс деп санайды. Яғни, белгілі бір шектеулері бар. Азаматтар осыған дайын болған жағдайда ғана банкроттыққа барғаны жөн деген пікірде.

« Ал қаржылық мүмкіндіктері болып, қарызын уақытылы төлегенге не жетсін. Ең алдымен азамат бес жыл бойы несие ала алмайды. Бірақ ломбардтардың алдында алынатын микронесиелерге шектеулер қойылмаған. Сонымен қатар қайтадан банкроттыққа тек жеті жыл өткеннен кейін ғана жүгіне алады. Үшінші шектеу тағы бар. Қаржылық жағдайы үш жыл бақылауға алынады», – дейді сарапшы.

Қаржылық жағдайы үш жыл бойы тексеріледі дегенді қалай түсінуге болатынын сұрадық. Сөзінше, өзін банкротпын деп жариялаған азаматтар сол жыл аралығында ірі мүлік сатып алса, оның ішінде  қымбат автокөлікке қол жеткізіп, қаржылық жағдайы кенеттен жақсарып, мүліктерді сатып алуға жұмсалған қаражаты белгісіз бір көздерден алынса, сол адамға қатысты сұрақтар туындайтынын айтты.

«Егер азамат банкротпын деп танылғаннан кейін жаңадан кәсіп ашып, оны жақсы дөңгелетіп жүргізіп отырса және заңды кәсібінің арқасында қаржылық жағдайы биік деңгейге көтерілсе, ол адамға ешқандай сауал туындамайды. Ал банкроттыққа алдын ала дайындалып, мүліктерін басқа адамдардың аттарына аударып қоятын азаматтарға қатысты ескерту айтамыз. Олардың банкроттыққа дейінгі үш жылы да қаржылық бақылауда болады және құйтырқы әрекеттерге бармау керек. Барлығы тексеріледі. Өтінім бермес бұрын жан-жақты ойланған дұрыс», – деді ол.

Азамат өзін банкротпын деп жариялағаннан кейін қарызы кешіріледі. Алайда оның рәсімдері оңай емес. Бұған жеңіл-желпі қарамау қажет. Салдары мен ауыртпашылықтың барын жоққа шығармады.

«Егер азамат шынымен қиын жағдайға тап болып, қарызын төлей алмайтын болса, сол адамдар үшін осындай заң шығып, қолданысқа енді. Бұл жерде егер сот шешімімен банкрот деп тану рәсімі бойынша азаматтың атында мүлкі болса, сот үкімімен оның мүлкі саудаға салынады. Яғни, сауда-саттыққа салынғаннан кейін одан түскен қаражат кредиторлар, соның ішінде берешегі бар тұлғалардың алдында қарызы жабылады. Мысалы, мүлкі 5 миллионға сатылып, өзінің қарызы 10 млн болса, онда қалған үстіндегі 5 млн теңгесі кешіріледі. Сол себепті, әр банкроттық рәсімнің өзінің ерекшеліктері бар. Кейбір азаматтар банкрот деп жариялау рәсімін жаппай кредиттік амнистия сияқты қабылдап жатқан көрінеді. Бұл ондай емес. Азамат тек қана өзі өтінім беру арқылы қаржылық жағдайына байланысты салмақты шешім қабылдайды. Болашақта салдарына да дайын болған жөн», – дейді.

Мұндай заң елімізде алғаш рет қолданысқа еніп отыр. Бұл заңның кемшін тұстары болса, алдағы уақытта қоғамның сұранысы мен сарапшылардың пікірімен сараптай келе өзгерістер енуі әбден мүмкін. Ал қазіргі нормаларға сәйкес, біраз берешегі бар азаматтар жинақталып қалған қарызынан құтылып, экономикалық тұрғысынан белсенділігін дамытып, қарқынды жұмыстар жасауға мүмкіндік алуда. Яғни, жаңа өмірді бастауға себепкер болып отыр деуге негіз бар.

Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, аталған заң халық үшін өте керек. Қазіргі кездегі азаматтардың банк алдындағы қарызы 14 трлн-нан асып жығылады. Яғни, 90 күннен асқан несиенің үлесі 1,5 трлн-ға жетеді. Былайша айтқанда, 10 пайыздан асады деген сөз.

Жеке тұлғалардың банкроттығы: Заңда қандай шектеулер болады

«10 пайыздан кешіктірілген несиенің асуы банк өз қызметінің дұрыс жүргізбегенінің және халықтың қаржылық сауаттылығының қандай деңгейде екендігінің көрсеткіші болып табылады. Сол себепті, мұндай заң жобасы бізге ауадай қажет. Екінші жағынан ерте ме, кеш пе бұл ақшаны қаржылық жағдайыңыз жақсарған кезде оны міндетті түрде қайтару керексіз. Бес жыл ішінде сіз ешқандай несие ала алмайсыз және алғашқы үш жылыңызда қаржылық мониторинг агенттігі қаржылық деңгейіңізді тексеріп отырады. Табыстың қаншалықты деңгейде екенінен бастап бәрін бақылауға алады. Былайша айтқанда, өзіңіздің арнайы табысыңызды жасыра алмайсыз. Сізге арнайы шот беріледі. Сол бойынша қызметіңізді жасап жүре бересіз», – дейді.

Ешқандай ақша кешірілмейді. Ол мемлекетке бәрібір қайтарылады. Заң бойынша үш негізгі талап бар. Соттың қатысуымен өзін банкротпын деп жариялауға болады. Ескерте кететін бір жайт бар. Бұл жағдайда бүкіл мүлік тәркіленеді. Яғни, барлық затым мен меншігім қолымда қалады деген сөз жоқ.

«Сатылымға қойылғаннан соң, қарыздың бір бөлігін өтеп, өзіңізді банкрот ретінде жариялай аласыз. Үшінші жағдайда азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру бойынша банкроттық туралы заңға кіргенімен, адам өзін банкрот деп өтінім бере алмайды. Банк тарапымен келісе отырып, төлейтін соманы азайтып ақырындап қайтаруға тырыса бастайды», – деді.

Қаржыгердің сөзінше, аталған үш критерий бойынша ең тиімді нұсқасы қайта сауықтандыру. Неге десеңіз,бірінші мен екінші жағдайдың өзінде өзіңізді банкротпын деп жариялайсыз. Яғни, алдағы бес жылыңызға балта шабасыз. Ешқандай жерден қаржы ала алмайсыз. Өз мүмкіндігіңізді өзіңіз шектейсіз.

«Азаматтарға айтатыным, қайта сауықтандыру жолы бұл ретпен бірінші бәрібір қайтару керегін білу керексіз. Неге оны қазір немесе аздап болсын қайтармасқа деген секілді. Тағы бір кері тұсы бар. Азаматтардың бір ғана үйі болуы қажет. Ол адам өзін банкрот деп таныған болса, сол үйді сондай бағада қоя алады. Ал үй проблемасы елімізде өзекті мәселенің бірі. Азаматтың соңғы пәтерін алып қоятын болса, қал-жағдайы мүлдем нашарлап кетуі әбден абзал. Сондықтан да осы бір ұсынысқа арнайы хат жолдадық. Бірақ нақты шешім әлі шықпады», – дейді қаржыгер, экономист Жалғасбек Ақболат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға