Жаңалықтар

Жеке мектептің лицензиясы болмағаны үшін қызметі тоқтатылды

Жеке мектептің лицензиясы болмағаны үшін қызметі тоқтатылды
Фото: © Pixabay.com 11.10.2023 20:39 757

Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің хабарлауынша, Атырау облысындағы жекеменшік мектептің лицензиясы болмауына байланысты қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектепке бұған дейін де айыппұл салынған болатын. Алайда, білім беру ұйымының басшылығы лицензия алу бойынша әрекеттенбеген.

Мектептер өз жұмысын бастамас бұрын білім беру қызметін атқаруға рұқсат алуы керек. Лицензия алу үшін мектеп рұқсат беру бақылауынан өтуі тиіс, яғни оның біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық демартаменттері мектептердің өз қызметін заңдастыруы және олардың рұқсатсыз жұмыс жасауын болдырмау мақсатында барлық шараларды қабылдауда. Өткен оқу жылында лицензиясыз қызметі үшін 30 мектепке айыппұл салынды, - деп атап өтті комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.

Білім беру ұйымын лицензиялау барысында қойылатын негізгі талаптар: мектептің тиісті материалдық-техникалық базасының, педагогикалық құрамының, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қорытындысының, білім алушыларға медициналық көмек көрсету қызметінің болуы.

Бұл талаптарды орындамау заңнаманы бұзу болып табылады және әкімшілік жауапкершілікке тартуға, тіптен білім беру қызметін іске асыруға тыйым салуға негіз бола алады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта комитеттің аумақтық департаменттері лицензиясыз жұмыс жасап отырған мектептерді анықтау және бұл бойынша сотқа жүгіну шараларын жүргізуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға