Жаңалықтар

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Астана қалалық «Жедел медициналық жәрдем» стансасы 1932 жылы ашылған. Қазір мұнда 1700-ге жуық адам қызмет етеді.
20.06.2016 03:04 13827

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Фототілші екеуміз Астана қалалық «Жедел медициналық жәрдем» стансасына баруды көптен жоспарлап жүргенбіз. Дәрігерлерге қандай сұрақтар қоямыз, кімдерді суретке түсіреміз, «Жедел жәрдем» көлігімен қандай жерлерге барамыз? Бәрін алдын-ала ойластырып қойғанымызбен, стансаға сәрсенбінің сәтінде аяғымыз жетті. Онда бізді бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сұлушаш Әбілқасымова қарсы алды.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Стансада 22 жылдан бері істеп келе жатқан Сұлушаш Жарылқасынқызы өз ісінің білгір маманы. Телефоны бір сәт дамыл көрмейді. Күндіз де, түнде де аға дәрігерлерден «мына ауданда бір әйел үйде босанып қалды, мына ауданда инфаркт алған кісіні өлім аузынан алып қалдық» деген мәндегі смс-хаттар тоқтаусыз келіп жатады. Бас дәрігер мен оның орынбасары соның бәрінен хабардар болуы тиіс. Таңертеңгілік жиналыста кешегі кезекшіліктің есебі егжей-тегжейлі талқыланады.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

«Жедел жәрдемде» жедел, педиатриялық, 3 фельдшерлік бөлім және арнайы бригада бар. Ұжымда жалпы саны 1700-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 97 пайызы  – ­фельдшерлер. Ал, дәрігерлер саны – 129.

– Бізге дәрігерлер жетіспейді. Өйткені, жұмыс ауыр. Дәрігерлердің көпшілігі тәжірибе жинаған соң, емхана мен ауруханаларға ауысып кетеді. Өз басым «Жедел жәрдемде» жігіттердің көп болғанын қалаймын. Өйткені, бұл – қыз балалар үшін физикалық жағынан да, рухани жағынан да қиын жұмыс, – дейді Сұлушаш Жарылқасынқызы.

«Жедел жәрдемнің» жұмысы расымен ауыр екеніне стансаға барған кезде көзіміз жетті. Диспетчерлер жұмысының қауырттығы сондай, олардың тіпті бір ауыз пікір білдіруге мұршасы болмады.  

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Ел арасында «103» деп аталып кеткен жедел бөлімде 11 адам пультте отырады. Оларға қоңыраудың әрқайсысына жауап беруі үшін небәрі 30 секунд беріледі.

Диспетчерлердің жұмысы осы бағдарламадан көрініп тұрады

Қабылданған қоңырау рацияға жіберіледі. Рацияда отырған 4 диспетчер науқастың мекен-жайын бригадаларға хабарлайды.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Біз барған сәтте қала мектептерінің бірінен қоңырау түсті. Әлдебір мұғалімнің қан қысымы көтеріліп кеткенге ұқсайды. Фельдшер науқастың жасын, тегін сұрап, шақыртудың 3-деңгейге жататынын айтты. Өйткені, бұл – жеке үй емес, қоғамдық орыннан түскен қоңырау. Жалпы, «Жедел жәрдемге» түсетін шақыртулар маңыздылығына қарай 6 түрге бөлінеді. 1, 2, 3 деңгей – шұғыл қоңырау. Ең бірінші деңгейге далада болған апаттарда зардап шеккен кісілер жатады. Шұғыл қоңырау түскенде, диспетчерлік қызметке 5 минут, межелі мекен-жайға жетуге 15 минут беріледі. Өлім аузында жатқан жандарға дәрігерлер мейлінше тез жетуі тиіс. Дене қызуы көтерілген, басы ауырып, балтыры сыздаған кісілердің шақыртуы 4, 5, 6 деңгейлерге жатады. Алдыңғы деңгейлерге қарағанда бұлардың жарасы жеңілдеу.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Ең бірінші кезекте аяғы ауыр келіншектер мен бір жасқа толмаған балаларға көмек көрсетіледі. «Олар сәл түшкірсе де, ауруханаға апарамыз» дейді дәрігерлер.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Таныс болыңыз, бұл – науқастарға кеңес беруші дәрігер Гүлшеһра Ахметова. Ол үй жағдайында өз бетінше емделу жолдарын сұрап хабарласқан тұрғындарға телефон арқылы кеңес береді. Қандай дәрі ішу қажет, дене қызуы немесе қан қызуын түсіру үшін не істейсіз, бәрін-бәрін айтады.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Ал, аға дәрігерлер кезектесіп тәулік бойы істейді. Науқасты қарап жатқан фельдшерлер қиын мәселе туса, осы аға дәрігерлерге хабарласып, кеңес сұрайды. Қай ауруханаға апару керектігін ақылдасады.

«Жедел жәрдемді» қандай кезде шақыру керек?

Осы тұста ескере кетерлік бір нәрсе, халық бұл қызметті тек шұғыл көмек керек болған кезде ғана шақыру қажеттігін ұға бермейді. «Жедел жәрдем» деген тіркестегі «жедел» деген сөзге назар аударыңыз! Тұрғындар фельдшерлерді шұғыл жағдайда ғана шақыруы тиіс. Науқастың жай ғана басы ауырып, қан қысымы мен дене қызуы көтерілсе, емханаға немесе өзінің учаскелік дәрігеріне қаралғаны жөн. Фельдшер оған барған күннің өзінде тек қан қысымын түсіріп бере алады. Ары қарай ем жасауға оның мүмкіндігі жоқ. Өйткені, қобдишасындағы дәрілер мен құралдар тек шұғыл шақыртуларға арналған. Ал, науқас дене қызуы көтерілгеннен селкілдеп жатса немесе қан қысымы көтеріліп, оның арты инсультке апарып соғатын болса, онда әңгіме бөлек.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Сұлушаш Жарылқасынқызының айтуынша, «Жедел жәрдемге» хабарласып, жалған шақырту жасайтындар жоқ. Бірақ, дәрігерлерді үйіне қайта-қайта шақырып, мазаны алатын тұрғындар жиі кездеседі екен. Мәселен, желтоқсан айында Григорян деген азамат «Жедел жәрдем» қызметін 72 рет шақырыпты! Ол бірде фельдшерлерді дәріге жұмсап, тағы бірде «тамағым бітіп қалды, маған қытай лапшасын әкеп бер» деген екен.

– Кезекті бір жиналыста әрбір дәрігерді орнынан тұрғызып, «Григорян сендерді қандай себеппен шақыртты?» деп сұрадым. Сөйтсе, ол кісі іші пысса болды, бірден есіне біз түседі екенбіз. Қазір бұл проблеманы шештік. ­ Ара-тұра қан қысымын өлшету үшін мазалайтын жалғызбасты әжелер де бар. Біз оларға түсіністікпен қараймыз. Жалғызілікті жандар ғой, олар да біреумен қауқылдасқысы келеді,– дейді дәрігер.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Күн-түн демей жұмыс істейтін станса тәулігіне шамамен 1500-2000 шақырту қабылдайды. Ауа райы күрт жылынып кетсе, дәрігерлердің жұмысы көбейеді. Мәселен, осыдан бірер апта бұрын тұмау індеті өршіген кезде күніне 4 мыңға дейін қоңырау түсіпті. Ондай сәттерде қызметкерлердің жөндеп тамақтануға да уақыты болмайды. Заң бойынша,  «Жедел жәрдем» қызметкерлері күндіз-түні тынымсыз жұмыс істейді. Бұйрықта ұйықтауға рұқсат қарастырылмаған. Тек аяқ созып, аздап демалып отыруға мүмкіндік бар.

Осы тұста Сұлушаш Жарылқасынқызының тұрғындарға айтар назы бар екен:

– Жөпелдемеде жол бойындағы дүкендерден тамақ сатып алып тұрған фельдшерлерді көрген әжейлер бізге шағым айтып, хабарласады. Кейбіреулер тіпті енді ғана тоқтап, дүкеннен шай, су алып жатқан дәрігерлерді видеоға түсіріп, бізге жібереді. Сосын сансыз шақыртулардың арасында апыл-ғұпыл тамақтанғанын біле тұра, ол қызметкерлерге ескерту жасауымызға тура келеді. Осы ретте тұрғындар қызметімізге түсіністікпен қараса екен деймін. Басқа мамандық иелері түскі асқа бір сағат уақытын арнаса, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Үнемі аттың жалында, түйенің қомында жүріп, қызмет етеміз. Дәрігерлер науқастардың шағымын, өтінішін тыңдайды, әрқашан алғашқы көмек көрсетуге әзір. Сонда да, олардың ісінен тек негатив көргісі кеп тұратын жандардың көптігі қынжылтады.

Жақында жас фельдшеріміз бір үйге барған кезде күйеуі әйелін ұрып жатыр екен. Олардың бірі екеуін ажыратпақ болып ұмтылған фельдшердің басынан темір саптыаяқпен қойып қалыпты. Сөйтіп, ол ауруханаға жатып шықты.

Міндетімізді мінсіз орындап жүрміз деуден аулақпын. Дегенмен, жұмыс істемеген адамда ғана қателік болмайтынын ескерсеңіздер екен.

Көліктердің қай көшеде кетіп бара жатқанын осы бағдарлама арқылы бақылауға болады

Көшеде себепсіз сирена қосқан жүргізушілердің де мәселесін майшаммен қараймыз. Кейде көшені басына көтеріп бара жатқан «Жедел жәрдем» көлігін көргенде дереу жұмысқа хабарласамын. «Талтүсте безек қағып қайда бара жатыр анау көлік?» деймін. Сөйтсем, 9 қабаттан құлаған жанға көмектесуге немесе 4 мәшине соғысып қалған жерге асығып бара жатқан болып шығады. Яғни, жүргізуші шұғыл шақырту болмаса, сиренаны қоспайды. Бірақ, кейбіреулерге мұны түсіндіре алмайсың. Олар «көліктің алдында отырған дәрігер кезекшілікке немесе түскі асқа асығып бара жатыр» деп ойлайды. Олай емес, қызмет бабын асыра пайдаланған ақ халаттылар қатаң жазаланады. Жүргізуші де ақымақ емес, сиренаны орынды-орынсыз қоса берсе, адамдардың соған еті үйреніп кететінін біледі. Бір күні шын мәнінде ауыр халдегі науқасты әкеле жатқанда өзгелер жол бермей қоюы мүмкін ғой?!

Кейде жолда келе жатқан «Жедел жәрдем» қызметкерлерінен полиция немесе тұрғындар жол апатына ұшыраған жандарды, аяғы ауыр келіншектер мен балаларды, егде жастағы кісілерді қарап беруін өтінеді. Ондайда дәрігерлер көлік ішінде жағдайы ауыр науқас болмаса, тоқтай алады. Негізі, «Жедел жәрдем» көлігі полиция тоқтатса, тежелуге міндетті. Ал, жеке тұлғалар қол көтерсе, тоқтауға міндетті емес. Бірақ, қысылтаяң шақта дәрігерлер көмекке зәру кісілерді елеусіз тастап кетпейді. Оларға рация арқылы арнайы бригада шақыртып береді.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Енді «Жедел жәрдем» стансасына әкімдік тарапынан жасалып жатқан көмекке тоқталайық. Қазір стансада жөндеуде тұрғандарынан бөлек, 58 көлік бар. Денсаулық сақтау басқармасының ұйғарымымен, кейінгі кездері қаладағы барлық емханалар мен станционарлық ауруханалар қызметтік көліктерін күндізгі сағат 12-00-ден кешкі 22-00-ге дейін және кешкі 18-00-ден түнгі 01-00-ге дейін «Жедел жәрдемге» беретін болды. Ал, жол полициясы кептеліс уақытында дәрігерлер шұғыл бір жерге жету қажет болғанда, оларды рациямен өткізіп жібере алады. Сондай-ақ, 3-4 айдан бері «Жедел жәрдем» көлігіне шұғыл жағдайда сары жолақпен жүруге рұқсат берілді. Таяуда қала әкімдігінің өкілдері лифт карталарын тегін таратты. Енді фельдшерлер бұрынғыдай 15-қабатқа жаяу көтеріліп жүрмейді.  

Есілдің сол жағалауында жаңа орталық стансаның құрылысы басталды. Сондай-ақ, биыл қызметкерлерге 30 пәтер беріледі деп жоспарланып отыр. Жақында мамандардың жағдайы ескеріліп, олардың балаларына мемлекеттік балабақшалардан 94 орын бөлінді.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Кезекті бір шақыртуға шыққан педиатриялық бригадаға біз де ілестік.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

11 жасар Роберттің бірнеше күннен бері іші ауырып жатыр екен. 91-бригаданың педиатр-дәрігері Ольга Волкова баланы бастан-аяқ тексеріп шығып, «копростаз» деген диагноз қойды.   

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Фельдшер Гауһар Кашанова баланың туу туралы куәлігін алып, медициналық картасын толтырды.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Науқастың диагнозы анықталған соң, дәрігер оны балалар ауруханасына жеткізетінін айтты.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Дәрігер көлік ішінде баланы еркелетіп, тыныштандырумен болды. «Балақайдың жанында қазір анасы жоқ. Ол бізді жатырқап отырғандықтан, жылы сөздер айттық» дейді. 

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Біз балалар ауруханасына барған кезде артымыздан Роберттің анасы да келіп жетті.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Тиісті құжаттар толтырылып болған соң, балақай хирургке көрініп, ары қарай емдеуге жіберілді.

Бұған дейін біраз жыл перзентханада жұмыс істеген Ольга Волкова дәрігерлердің есінде көбіне халі тым мүшкіл науқастар мен алғысын жаудырған ақжүрек жандар ерекше сақталатынын айтты.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

– Балалар ақ халатты дәрігерлерден де, көк халатты дәрігерлерден де қатты қорқады. Әдетте кішкентай балалар бізді көрген бетте-ақ жылай бастайды (күлді). Бірнеше күн бұрынғы кезекшілікте бір бүлдіршіннің біз кетерде рахмет айтып, құшақтағаны есімде қалып қойыпты. Мен оны тексеріп болған соң, бүлдіршін «дәрігер, рахмет сізге!» деді. Осы сәтте фельдшер екеуміз қатты әсерлендік. Демек, оны ата-анасы жақсы тәрбиелеген, дәрігерлерден қорықпауды үйреткен.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Ал, мұнда жеті жылдан бері қызмет ететін фельдшер Гауһар Кашанованың басқа жұмысқа ауысу ойында жоқ.

– Кейде қатты шаршаған кезде қолды бір-ақ сілтеп, кетіп қалғымыз келетіні рас. Бірақ, бір демалып алған соң, бәрін ұмытып кетеміз. Әлдебір кісіні өлімнен аман алып қалған кезде үстімізден ауыр жүк түскендей болады. Айналасына жанашыр және қайратты кісі ғана мұндай жұмысқа шыдайды. Өзіміз қызмет барысында сезінетін адреналинді сізге сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – деді Гауһар.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Педиатриялық бригада 1 жастан 14 жасқа дейінгі балаларды қарайды.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Жүргізуші Жанат Тұрғымбаевтың осында істегеніне биыл оныншы жыл.

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Сөз соңында Сұлушаш Жарылқасынқызына көкейімізде жүрген бір қызық сұрақты қойдық. «Дәрігерлердің қолы неге түсініксіз? Науқас өзіне қойылған диагноздан шошымасын деп, әдейі солай жазасыздар ма?» деген сауалымызға Сұлушаш апайымыз күле жауап қатты:

Жоқ, олай емес. Дәрігерлер көбіне асығыс жазғандықтан, жазуы түсініксіз болып қалады. Өз басым алдыма ондай түсініксіз мәтінді әкелген адамның қағазын сызып тастаймын. Қайтадан көшіріп жазуын талап етемін. Бір-екі рет көшірген соң, олар әдемілеп жазуға тырысады. Ал, жазуын өзге түгілі, өзі де түсінбейтін дәрігерлер, амал жоқ, компьютермен теріп әкеледі. 

«Жедел жәрдем»: алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Дәрігер кеңесі:

Оқырмандарға Қазақстанда құс тұмауы, шошқа тұмауы деген аурулардың жоқ екенін ескерткіміз келеді. Халыққа ғаламтор арқылы жалған ақпарат тарап кетті. Бізде тек тұмаудың асқынған түрі жиі кездеседі.

Қымбатты оқырман, егер сіз ауырып қалсаңыз, тіркелген мекен-жайыңыз бойынша емханаға барыңыз! Болмаса, учаскелік дәрігеріңізді үйге шақырған жөн. Қазір – тұмаудың өршитін кезеңі. Сондықтан, үйдің ішін желдетіп, уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтанып жүріңіз! Мұрынға оксолин мазін жиі жағып тұрғаныңыз абзал.

"Жедел жәрдем" қызметінің бір күнін мына жерден қарай аласыздар! 


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға