Денсаулық сақтау министрлігі

Жедел жәрдем бригадаларының республикалық чемпионаты басталды

Ақтауда жедел жәрдем бригадаларының республикалық чемпионаты басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы мен Жедел медициналық көмек қауымдастығы өткізіп отырған дода 19 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Чемпионаттың мақсаты - жедел медициналық жәрдем қызметі қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, төтенше жағдайларда практикалық дағдыларды пысықтау және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу. 

Жарысқа Қазақстанның 20 өңірінен құралған бригадалар, сондай-ақ Ресей, Беларусь және Әзірбайжаннан келген халықаралық командалар қатысуда. 

Айта кетсек, биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанда жедел медициналық көмек қызметі 4 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Табысты реанимация көрсеткіші 60,1%-ға дейін өсті, бірқатар өңірлерде бұл көрсеткіш 70%-дан асады. 

Кеш орындалған шақыртулардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық - 4,3%-дан 2,6%-ға дейін төмендеді. 

Инсульт және инфаркт сияқты өмірге қауіп төндіретін жағдайларда шұғыл көмек барған сайын жедел көрсетілуде. Қалалардағы инсультпен ауыратын пациенттердің 98%-ға жуығы алғашқы 40 минуттың ішінде - өмірді сақтау және функцияларды қалпына келтіру үшін маңызды «алтын сағат» шегінде мамандандырылған орталықтарға жеткізілді . Сондай-ақ, бригадалар жедел миокард инфарктісімен 14 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетті, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі. 

Өтініштердің негізгі себептері: тыныс алу ағзаларының аурулары, жүрек-қан тамырлары және неврологиялық аурулар, жарақаттар, улану, инфекциялық және акушерлік жағдайлар.

Ел бойынша шұғыл қызметтің жұмысын 1 579 көшпелі бригада қамтамасыз етеді, оның ішінде қалаларда 979 бригада, ауылдық жерлерде 600 бригада жұмыс істейді. Қосымша емханалар жанынан шұғыл 3-4 санаттағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 882 бригада ұйымдастырылды.