ЖИ

Жазушы мен жасанды интеллект арасындағы бәсеке

23.07.2025 15:13

Қазір Қазақстан Жазушылар одағының мыңнан астам мүшесі бар екен. Кейде халық санына шаққанда Қазақстан үшін мың жазушының тым көп екендігі де айтылады. Бірақ алдағы уақытта жазғыштар саны әлі де көбейе түсуі бек мүмкін.

Себебі жазушы болуды армандайтындар үшін көмекке жасанды интеллект келді. ChatGPT мен Claude сынды жасанды интеллекттер тек тілді меңгеріп қана қоймай, өлең жазып, әңгіме құрап, поэтикалық өлшем мен стильді де меңгеріп алған. Егер жазған дүниеңіз ойыңыздан шықпай жатса, өзіңізге ұнайтын қаламгердің стилінде қайта жаздырып алуыңызға әбден болады.

Бір күндері тамсанып оқыған кітабыңыздың авторы адам емес, ЖИ болып шықса таңқалмаңыз. Өйткені жыл басынан бері ағылшын тілінде жарық көрген 200-ден астам кітап ChatGPT көмегімен жазылған екен. Тіпті Claude жазған әңгімелер кәсіби сыншыларды да жаңылдыруы мүмкін дейді. Кейде осы техниканың дамығанына не қуанарыңды, не үрейленеріңді білмей қаласың. «Егер шығарма оқырманға әсер етсе оны кім жазғанының қандай маңызы бар?» деген де сұрақ туындайды. Бірақ бұлай деуге тағы болмайды.

Жазушы мен жасанды интеллект арасындағы бәсеке

Әу басында қазақ қаламгерлері үшін ЖИ техниканың ермегі секілді көрінгенмен соңғы уақытта баспа нарығы жаңа заман «авторлармен» шындап есептесе бастады. Олай жасамасқа болмай барады. Рас, ЖИ әңгімені де, өлеңді де жап-жақсы жазады. Барлық өлшемін сақтап, рифмасын үйлестіріп, тіпті образ бен эмоцияны да бере алады. Бірақ өлеңнің бойында жан болмайды. Сезім болмайды. Әдебиет деген тек мәтін емес – автордың ішкі дауысы ғой. Бір қуанарлығы әзірге Claude мен ChatGPT-де жан мен сезім жоқ. Болмайтын да шығар деп үміттенеміз. Олар өз шығармаларында шынайы қайғы мен қуанышты сезініп, оқырманға жеткізе алмайды. Сосын олар шығарманы шабытпен, сезіммен емес, ықтималдықпен ғана жазады. Қазір адам мен ЖИ дің бар айырмашылығы осы ғана болып тұр.

Меніңше, жасанды интеллект жазушыға тек көмекші бола алады, идея береді, құрылымын құрып, сөз тіркестерін әрлеп, редактор бола алады. Шығарманың жылдамырақ жазылуына септігін тигізер. Бірақ автор бола алмайды. Себебі жасанды сана қазақтың мәдениетін, менталитетін әлі толық түсіне қойған жоқ. Дегенмен жақын болашақта адам мен ЖИ бірігіп жазатын гибрид туындылар дүниеге келуі мүмкін. Бәлкім ол қазір де  бар шығар.

Алғашында мүмкін еместей көрінгенмен уақыт өте келе машиналар да жаза алатынын дәледі. Бұл да жазушы мен ЖИ арасындағы бәсекелестікті байқататындай.

Жазушы мен жасанды интеллект арасындағы бәсеке

Ақын, Дүйсенәлі Әлімақын «Әлем әдебиетінің болашағы және ChatGPT» деген мақаласында қазір шетелдерде жасанды интеллект әдебиетте бірнеше жолмен қолданыла бастағанын айтады.

Меніңше, болашақта әдебиетте жаңа жанрлар пайда болуы мүмкін. Бұған да ЖИ көмектесуі әбден ықтимал. Енді ЖИ-дің өзі шығармашылық процеске қатысу арқылы «ЖИ үлгісіндегі әдебиеті» сияқты ұғымдар да біздің әдеби өмірімізге енері анық. Мысал: 2020 жылы Жапонияда жасанды интеллект жазған роман әдеби байқауға ұсынылып, қысқа тізімге енді. Бұл тәжірибе ЖИ шығармаларының сапасының жоғары деңгейге жеткенін көрсете алды.Қоғам осылай дамып, технологиялар күн сайын жаңара берсе, ЖИ арқылы әдебиетке қолжетімділік  те арта түседі. ЖИ негізіндегі аударма және мәтін жасау технологиялары әлем әдебиетінің сан түрлі шығармаларын әп сәтте алдыңызға жайып салып отыратын болады. Сонымен бірге, бұрын қолжетімсіз болған сирек шығармалар жаңа оқырмандарға таныстырылады, -идейді.

Қалай болғанда да осы жасанды интеллект бірде үрейлі, бірде үлгілі құрылғы болып көрінетіні жасырын емес. Қай уақытта да «таяқтың екі ұшы бар» деп білетін қазақ үшін, қазақ әдебиеті үшін ЖИ-дің жақсы жағы басым болғай.