Жаңалықтар

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене төре ұғымынан биіктеп кеткен халықтық тұлға

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене төре ұғымынан биіктеп кеткен халықтық тұлға
Фото: Коллаж El.kz 05.08.2024 18:30 2177

Биыл қазақтың тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары ханның туғанына 222 жыл толып отыр. Елінің тұтастығы мен еркіндігі үшін күрескен ханның өлімі жайында айтылар аңыз-әңгіме, деректер көп. Сол деректерді жан-жақты жинақтап, зерттеп-зерделеп, көрсете білген Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, жазушы Әділбек Ыбырайымұлымен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тілдесіп, трилогия жайында әңгіме өрбітіп қайтты. 

El.kz: Аға, сіздің қаламыңыздан туған «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогия қазір қоғамда біраз талқыланып жатыр деп айтуға болады. Атауы да ерекше. Әңгімемізді осы романның атауынан бастасақ. Не үшін «Семсер жүзіндегі серт» деп қойдыңыз?

Әділбек Ыбырайымұлы: Бұл роман – Кенесары хан туралы. Қазақ хандығының және одан бұрынғы Алтын Орда хандығының дәуірінде хандар таққа отырарда ұлықтау рәсімін өткізу дәстүрге енген. Оның халықтың алдында жасайтын түрлі шарттары бар. Соның бірі – ақ киізге көтеріп, елді айналдыру. Жиылған жұртты жеті рет айналдырады, бұл – «елдің жолында жаным садаға, қара басым құрбан» деген мағынаны білдіреді. «Айналайын» сөзі осыдан шыққан.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене төре ұғымынан биіктеп кеткен халықтық тұлға

 Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Нағыз сенімді жақтастары көтерген хан тәжінен үміткерді тақтың тұсына әкеледі. Сол кезде ең тілеуқор төрт адам шығып, ақ киізді үш рет көтеріп, жерге қояды. Содан кейін ет жақын екі қамқор жан қолтығынан алып, таққа отырғызады. Бұдан соң барып, қолына қас батырдың бірі семсер ұстатады. Тақ иесі семсерді алып, жүзінен сүйіп, халқының алдында ел мұраты үшін ант береді. Антын естігенде барып, байдалы байрақты қолына ұстатады. Тудың түйнек шашақтарын байдалы деп атайды. Сол хандыққа қарайтын қанша ұлыс болса, сонша байдалы болады. Міне, осылай ханға ел тізгінін сеніп тапсырады. Бұл ханды сайлау кезінде болатын ежелден қалыптасқан дәстүр.

Ал Кенесарыны олай әуелгіде ешкім сайлаған жоқ. Кенесарыны атқа мінгізген – әкесі Қасым сұлтан. Оны мінгізетін себебі Уәли ханның тұсында қазақ хандығының мүддесі патшалық империяның ықпалында болып таптала бастады. Осыны көргеннен кейін Қасым төре ағасы Уәли ханға арыз айта келеді: «Сен мынау елді дұрыс басқарып жатқан жоқсың. Қазақтың мүддесі тапталып, орыс патшалығы қорған салып, өрісіміз бен суымызды алып қойды. Тіпті, сол суға өзіміз бара алмай қалдық. Тұзды қайдан аламыз?» деген сияқты әңгіме көтереді. Қалайда ымырашылдықты сақтаған Уәли хан Қасымның айтқанына келіспей, түсіністікпен қарау керектігін айтады. Оған Қасым «мұны көрмесең, түйені көрмейтін соқырға айналған екенсің» дейді. Осы жерден бастап екеуінің арасында ерегіс туындайды. Елдің мүддесін қорғау жөніндегі мәселеде Уәли ханның екінші ұлы Ғұбайдолла сұлтан Қасым төре жағында болады. Ғұбайдолла Қасымның ер жеткен қос ұлы Есенкелді мен Саржанды қасына алады. Ол кезде Кенесары әлі жас, енді ес біліп қалған 12-13-тегі бала болатын. Сол уақыттан бастап Кенесары ағаларымен бірге майданда жүреді. Барлық елге қарсы жүріп жатқан орыс басқыншылығын көз алдынан өткеріп, оның түбі ел үшін жаман болатынын іштей түйсінеді. Ел мүддесі мен бүтіншілдігі көкейінде қалып қояды.

Орыстың ықпалы күшейіп, құрығы ұзарғанда Қасым төре Қаратауға ауып кетеді. Ал ұлдары Ғұбайдолла бастаған қолмен осы Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстанда орыс патшалығымен жүріп жатқан майданға қатысады. Ақыры күштері жетпегесін екеуі де әкесінің соңынан ілесіп, Қаратауға (қазіргі Жамбыл өңірі) келеді. Бұл жерге келген кезде оны көрген Қоқан хандығы шошып кетеді. Өйткені оңтүстік өңірді Қоған хандығы басып алған еді. Сонда бүгінгі Қазақстан аумағы екіге бөлініп кеткен. Бір жағын орыс, бір жағын Қоған хандығы алып қойған. «Абылайдың өзі болмаса да көзі келді, ту көтерер кезі келді» мыналар бізді құртатын болды» деп үрейленеді. Сосын амалға басып, бәрінің көзін құрту мақсатында  «ақ патшаға қарсы күресуді кеңесеміз» дегенді желеу етіп, төрт көзін түгел Тәшкенге шақырады.

Сөйтіп Есенкелді мен Саржан барған соң екеуін 18 төлеңгітімен қосып, түн ішінде өлтіріп тастайды. Қасым төре шақыртуына бармай қалған болатын. Міне, осы кезден бастап кәрлі төре Қасым ел мүддесін қорғауды Кенесарыға тапсырады.

Қасым төре: «Алдап апарып қыршынынан қиған ұлдарымның біреуі өлсе де, әуелеп қанат қағып шығатын екінші ұлым бар. Тек оларға міндет жүктеп, иығына парыз арту керек. Енді ел басқарудың кезегін саған беремін, жай қолыңды» деп Кенесарыға батасын беріп, кісесінен күміс қынды сапыны (қанжардан үлкен қару) шығарып ұсынады. Сонда Кенесары сапыны қынынан суырып алып, маңдайына тигізіп, жүзінен сүйіп тұрып, «осы отпен суға суарылған алмастың жүзіндей қас-жауларымды аямай бауыздауға ант етемін!» деп семсердің жүзімен серттеседі.

Бұл – осы кітаптың «Семсер жүзіндегі серт» деп аталуының бір себебі. Ал екінші себебі, Кенесары 10 жылдық күрестен кейін ақ патшаның ығына жығылған төрелердің ұйымдастырған арам пиғылының кесірінен қырғыздардың қолына түседі. Сол жерде оны өлтіруге шешім шығарып, басын шапқалы тұрған кезде «Қылша мойыным семсер жүзінде тұрғанда серт етемін! Менің орындалмаған арманым ұрпағыма аманат. Рухымды солар қайта тірілтеді. Азаттық жолындағы күресімді қайта жалғастырады. Сендер менің басымды шапқандарыңмен рухымды өлтіре алмайсыңдар. Хан Кена құлағанмен, қазақтың туы жығылмайды. Қазақты осал халық демеңдер, ертең бәрібір тәуелсіздігін алады» деп Кенесары серт етіп, өлтірер алдында соңғы сөзін айтады. Міне, романның «Семсер жүзіндегі серт» деп аталуы осындай екі жағдайда қойылған.

El.kz: «Қазір кітап оқылмайды, әсіресе көлемді кітаптардың оқырманы жоқ» деген пікір жиі айтылады. Сіздің үш томдық еңбегіңізге сұраныс қалай болып жатыр?

Әділбек Ыбырайымұлы: Бұл кітап алғаш рет 2022-жылы мамырда жарық көрді. Арада үш-төрт ай өткеннен кейін кітап екінші мәрте шықты. Биыл үшінші рет басылып отыр. Бірінші, мемлекет тапсырысымен жарық көріп, бірден кітапханаларға тарап кетті. Кітапханаға тарауының жақсы және кері тұсы да бар. Сөреге түскен соң кітапқа насихат болмаса, қанша жерден құнды болса да оқылмай қалып қояды. Кітапты насихаттаудың жөн-жобасын әлі таба алмай жүрміз. Екінші мәрте басылғанда мұны «Мазмұндама» баспасы шығарды. Кітап сататын дүкендерде үш томы 24 мың теңгеге сатылды. Соның өзінде де оқырмандар сатып алды. «Фолиант» баспасы биыл қайтадан шығарды. Адамдардың сұрауы, іздеуі әлі тыйылған жоқ. Соған қарағанда кітап сұраныста деп ойлаймын. Жылдан жылға халықтың төл тарихымызды білуге деген талпынысы артып келеді.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене төре ұғымынан биіктеп кеткен халықтық тұлға

 Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Бұл кітап көп адамның қолына әлі тиген жоқ. Біріншісі мемлекеттік тапсырыспен үш мың, одан кейін қалғаны екі мың данамен шықты. Сонда барлығы жеті мың дана (комплекті – 3 кітап). Бірақ соған қарамастан іздеп жатқандар бар. Бұл көп таралым емес. Биылғы жылы шыққан кітап анағұрлым арзан.

Сондықтан «көлемді кітап оқылмайды, ел шағын дүниені оқуға бейімделген» деген көзқарас үстірт айтылып, «тренд» болып кеткен сияқты. Бұл – «қазақ тілін оқытудың әдістемесі жоқ» дегеннен кейінгі, қоғамның екінші дерті және қашыртпа сөздің баламасы сияқты. Мен де әуелгіде сол сөздің ығына жығылып, шағын түрде жазу үшін эскиізін жазып, бірнеше адамдарға үлестірдім.

Марқұм Жұмабай Шаштайұлы ағамыз қарап шығып, «мынадай тарихи тақырыпты бұлай қысқа қылып жазуға болмайды, ауқымды түрде жазу керек. Өйткені тарихи тұлғаның қайраткерлігі, өткен өмір жолын қысқа хронологиялық тұрғыда жазуға келмейді» деп айтты. Сөйтіп, шығарманың форматы өзгерді.

«Көлемді жазылған кітап оқылмайды» деген байламға келіспеймін. Бұған осы кітапты жазғаннан кейін көзім жетті. «Ауқымды дүние оқылмайды» деген уәж – адамдардың санасы бұрынғыға қарағанда төмендеп кетті деген көзқарасты қалыптастыратындай. Жасанды интеллектуал қарыштап алға дамып бара жатыр. Ал сол ақыл-ойдың бәрін шығарып отырған адамның өзі құлдырап бара жатыр дегенге сенбеймін. Тек жалқаулық болуы мүмкін. Керісінше жалқаулықты жеңетін, оны еңсеретін жолды ойлап табуымыз керек. Адамдарды еңбексүйгіштікке, ізденуге жетелеуіміз қажет.

El.kz: Роман жазу оңай дүние емес, оның ішінде тарихи роман жазудың жүгі тіптен ауыр. Осынша ауыр жүкті арқалауға не түрткі болды?

Әділбек Ыбырайымұлы: Кенесары тақырыбын көптен бері көкейімде пісіріп жүргем. Ең алғаш Кенесары туралы тоғыз жасымда естідім. «Кенесары шапқанда атының басы ғана көрініп (жалы), қалған жері көрінбейді екен» деді үлкендер әңгіме арасында. Мен түсінбей, кісілер шығып кеткесін шешемнен неге соңғы жағы көрінбейді деп қайталап сұрадым. Сонда шешем, «бұл кие, балам, ол қасиетті адамдарда болады» деп айтты. Содан Кенесары көкейімде қалып қойды.

Кеңес жүйесінде жүрген кезде тарихи тұлғаларымыз ұмытыла бастады. Әз Тәуке, Абылай, Кенесары болсын кез келген хандар біз үшін грек мифологиясындағы типтенген образ сияқты болып қана қалды. Бірақ сол есейген шақта олардың азаматтығы, ұлт үшін істеген істері көкейімде жүрді. Осы Кенесары ханды жазуға жүрексініп жүріп, ақыры жазып бітірдім.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене төре ұғымынан биіктеп кеткен халықтық тұлға

 Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Кенесарының қазақ халқының алдында жасаған ерлігі ерекше. Ол батыр да емес, басқа да емес хан бола тұрып халықты жұмылдырып, озбыр билікке қарсы күресті. Ұлттың мүддесін өзінің мүддесінен жоғары қойған, қазақ халқының мақсат мұратын өзінің мақсат мұратынан да асқақ дәрежеде көтерген тұлға болғаннан кейін шығарманы жазуға бел шеше кірістім.

Кенесарыны менен кейін де жазады деп ойлаймын. Бірнеше романдар жазылу керек. Өйткені тарихи тұлғалар туралы әлемдік қаншама шығармалар бар. Бірақ Кенесары туралы шығарма бірді-екілі ғана.

Ал менің жазғаным, бұл таза тәуелсіздік мұратының, сипатының мазмұнына сай. Шынтуайтында тәуелсіздік мұратын сезініп, еркіндікті өзіміз кешіп жатқаннан кейін жазылды. Өйткені Кенесары қазіргі қоғамда бірден бір керек қайраткер және бейнесі халықтың жүрегінен орын тапқан тұлға деп ойлаймын.

El.kz: Бұл романды жазуға қанша уақытыңыз кетті?

Әділбек Ыбырайымұлы: Кітапты жазуға 10 жыл уақытымды сарып еттім. Жазылып біткенше ешқандай жерге үзіндісін жарияламадым. Үш кітапты бітіргесін ұсындым. Ал Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясын кезінде әр кітапты жазып бітірген сайын жариялап отырды. Оның өзіндік себебі және мүмкіндігі де болған шығар. Ал қазіргі коммерциялық сипатқа негізделген уақытта мен кітапты шығара алмайтын едім. Екіншіден, бір кітап шығып кетсе, өзіңді психологиялық қыспаққа салып қояр едің. Жан-жақтан «келесі кітап қашан болады, қашан шығады?» деген сұрақ өзіңді «соққының асытына алар» еді. Сол себепті шыдамым мен төзімді салып, кітапты бітіргенше еш жерге үзіндісін жарияламадым, «жазып жатырмын» деп айтпадым. «Ойбай, осылай жазып жатырмын» деген сөздің өзі де артық. Сонымен кітаптың нобайын жасап, 10 шақты адамға қолжазбаны жіберіп, оны 7-8 айдан кейін жинап алып, пікірлерін ескеріп, қайта толықтырып жаздым.

Сонда, белгілі қаламгер Шәрбану Қонақбайқызы Сыздық сұлтан туралы қосу керек деді. Сол кісінің айтуы бойынша үшінші том жазылды. Әйтпесе мен екі томмен тоқтайын деп ойлап едім. Осындай ұсыныстармен кітап жазылып, үш том болып халықтың қолына тиді.

El.kz: Әлеуметтік желіде де, түрлі басылымда да бұл роман туралы жылы пікірлер айтылып жатқанын байқадым. Ал сынап жатқандар бар ма?

Әділбек Ыбырайымұлы: Бұл үлкен шығарма болғаннан кейін әлі түпкілікті пікір айтылып, жазылып бітті деп ойламаймын. Әдебиет институты, әдебиетшілер төл әдебиетіміздің даму динамикасын бақылап, қарап отыр. Солар әлі зерттейді және жазатын шығар. Қазіргі кезде кітаптың мән-мазмұны, оның формасы туралы қоғамның пікірі жаман емес.

Бұл кітаптың эскиздік нұсқасын әдебиетіміздің корифейі, жазушы Төлен ағамызға да ұсынған едім. Ол кісі де алғашқы қолжазба түріне пікірін айтты. Былтыр өзінің «Өркениет» әдеби-мәдени, қоғамдық журналына екінші «Серт» кітабын тұтас жариялапты. Кем-кетіксіз дүние болмайды ғой, кем-кетігі болса да ол кісінің көңіліне қонды деген ойдамын. Әңгімелескенде «мен тарихты жазбағаныммен тарихты өте жақсы білемін және үнемі қадағалап отырамын» деді.

Өткенде «Қазақ әдебиеті» газетінің 5-сәуірдегі санында «Қателіктер» деп аталатын мақаласы шықты. Сонда адамзаттың қателігімен қатар қазақ ұлтының қателігін айтады. «Американың ұлы жазушысы Марк Твеннің «Американы ашқаны жақсы-ақ, бірақ Колумб оны таба алмай өтіп кеткенде тіпті жақсы болатын еді» деген сөзі – әзіл де болса, әділ сөз» дейді қаламгер. Сонымен қатар, түрік мәдениетінің өркениетіне айналған Қыпшақ мемлекеті, Хорезм хандығының 13-ғасырда күйреуіне қынжыла: «Осындай түркілік сипаты қанат жая бастаған ғажайып өркениетті моңғол шапқыншылығы жойып жіберді. Түркі мәдениеті бірнеше ғасырға кейін шегінді» дейді. М.Твеннің «Колумб Американы таба алмай өтіп кеткенде тіпті жақсы болатын еді» дегеніндей, қазақ даласына Шыңғыс әскерінің табаны тимегені жөн-ақ еді. Сондай-ақ, Тәуке ханның тұсында үш жүзге дербес хан сайлануы ұлт қателігі ретінде сипатталады.

Жалпы, «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогия – халықтың назарында, ықыласында. Көңілім оны жылы қабылдайды. Бірақ, шынында да солай екен деп түпкілікті байлам жасау жаңсақтық шығар деп ойлаймын.

El.kz: Хан Кененің басқа хандардан айырмашылығы мен артықшылығы неде? Қателігі қай жерде?

Әділбек Ыбырайымұлы: Кенесарының бір ерекшелігі Абылайдың тұқымымын, Шыңғыстың өрен-жаранымын деген сөз айтпаған. «Мен қазақпын, қазақтың ұрпағымын, қазақ халқының перзентімін» дегенін ғана кездестірдік. Өйткені ол төре деген ұғымнан биіктеп кеткен. Сол кездегі төрелер орыс патшасының шылауында жүрген еді. Шоқанның әкесі Шыңғыс та, басқасы да, бәрі де орыстың мүддесін қорғап, қазақтың болашағын аяққа таптап, мұрындысын құл, бұрымдысын күң дәрежесіне әкеле жатқан. Ұлттық мүддені былай қойып, киген оқалы шекпен, үстем лауазымның буымен феодалдық билікті әріқарай жүргізе беру мақсатымен құндылықтарымызды орыстың аяғының астына таптатып жіберді. Ал Кенесары мұндайға бармады.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене төре ұғымынан биіктеп кеткен халықтық тұлға

Сурет: El/kz Артем ЧУРСИНОВ

Соның бәрін білгеннен кейін қарсы тұрып, Кенесары ешқайсымен мәміле таппай, өзінің туысқандарынан бөлініп кетеді. Бөлініп кетуінің себебі – осы ұлттық мүддеден танбауында. Соның салдарынан бүкіл ағайын-туысынан, төре тұқымынан алшақтап, олардың жеккөрінішті адамына айналды.

Міне, осындай ерекшелігі болғасын жазуға бел шештім. Өйткені мұндай тұлғалар қай заманда да қажет және өте сирек десе болады. Халықтың мүддесін мемлекеттік мүддеге айналдырған мемлекет басшылары қашан да қымбат. Осы жағынан Кенесарының орны бөлек.

Әкесі Қасым 1837-жылы қолына семсер беріп, ел басқаруға мойынына парыз жүктегеннен кейін ол 1841-жылы Ұлытауда хан болып сайланды. Хан көтеру кезіндегі салтанатты шарада Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің баласы да болды. Хан тағына отыра салысымен ертеңінде Созақты қоқандықтардан азат етуге аттанып кетті.

Басқа хандардан ерекшелігі – халықтың мүддесін мемлекеттік мүддеге айналдыра алғанында дедік, екінші ерекшелігі, бүкіл халықты өзі бастап, басқыншылыққа қарсы күресуінде. Үшінші ерекшелігі оның «қазақ халқын осал деп ойламаңдар, бәрібір болашақта тәуелсіздігін алады» деп айтуында. Кенесары жанын пида етті және соңына өлмес рух қалдырды. Ата-бабамыз аңсаған, асыл арманы тәуелсіздік үшін күресудің жолдарын көрсетті. Өлер сәтінде «Рухымды менің оятар, Қара жер-бесік, тербетсе» дегенді айтты.

Сондықтан біздің желтоқсанда қазақ жастары көшеге шыққанда азалы үнінен қара жер бесік тербеліп, оның рухын тірілтіп, сүйегін сырқыратып, аурағын қозғады ғой деп ойлаймын. Тәуелсіздікті, мемлекетшілдікті Кенесарыдан іздейміз және соның қайтпас-қайсар болмысынан көреміз.

Кенесарының ерлігін кезінде Сталин де мойындаған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде халықтың рухын көтеріп, майданға жұмылдыру үшін Сталин қара халықтың алдына шығып сөз сөйледі. Сонда Александр Невский, Кутузовтармен қатар қазақ халқының рухын асқақтату үшін Кенесары Қасымұлының қаһармандығын айтты. Айта отырып елді жауға қарсы қайсарлықпен күресуге шақырды. Міне, осыны естіген Ермахан Бекмаханов Кенесары туралы ғылыми еңбек жазып, ақырында жер аударылып, сотталып соңында өз еңбегінен өзі бас тартты. Ал, 1928-жылдары Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» деп аталатын пьеса жазуы, хан Кененің нағыз халықтық тұлға екенін тануынан. Бірақ бұл пьеса қойылмады. Өзі сол пьесаның кесірінен құдалауға ұшырады.

El.kz: Қырғыз манаптары кейіннен Кенесарыға жасалған қастандыққа өкініп, Хан Кененің ұрпақтарын шақырып, кешірім сұрап, ас беріпті деген деректер айтылады. Бұл рас па?

Әділбек Ыбырайымұлы: Кенесарыға қатысты аңыз-әңгімелер өте көп. Мұндай деректер аңыз ретінде ұшырасуы мүмкін. Ал Кенесарының ұрпағын жинап, олар ас берген жоқ. Мен білетін нақты деректе Сыздық сұлтан қырғыз еліне арнайы барады.

Сонда Сыздық сұлтан: «Мен әкемнің кегін қуып, құнын даулап келген жоқпын. Сендердің дулатпен араларың ушығып, біріңді бірің қырып жатырсыңдар. Басты мәселе мойындарыңа жүктелген Хан Кененің қаны болып тұр. Өшіккен жұрт бір бірлеріңді әлі шауып жатырсыңдар. Осыны тоқтатыңдар. Мен әкемнің құнын да дауламаймын, екі елдің арасына бітімгершілік жасау үшін келдім» депті.

Мұны естіген қырғыздар оған қуанып, өздері жік-жапар болып, үй тігіп, мал сойып, құрмет көрсетеді. Сол жерде Кенесарының ер тоқымын, жүзігін алады. Бірақ қырғыздар бәрібір бес қаруын бермейді. Қылышын, қанжарын бір-біріне сілтеп таптырмайды. Осындай жағдаймен Сыздық сұлтанды шығарып салады. Ал тұтастай қырғыздар кешірім сұраған жоқ.

2020 жылы қырғыз тарихшысы Зәмірбек Осоров: «Кенесары қырғыз халқын шабуға келген жоқ. Ең жақын туысы қырғыз халқынан орыс басқыншылығына қарсы күресу үшін көмек сұрап келді. Ал біз оған керісінше көмек берудің орнына ту сыртынан қанжар сұғып, өлтіріп, басын патшалық империяға сыйладық. Бұл дұрыс емес. Сондықтан Кенесары ханды ұлықтап, қазақ халқының кеңдігін ескеріп кешірім сұрап, атын Бішкектегі үлкен көшенің біреуіне беріп, еңселі ескерткіш қою керек» деп айтты.

Бірақ оған қырғыз билігі әлі мән беріп жатқан жоқ. Оның есесіне бізде Шыңғыс Айтматов атындағы үлкен даңғыл бар және Манастың ескерткішін тұрғыздық. Міне, осындай мәселелер бар. Бұл болашақта бәрібір орындалатын шығар.

Зәмірбек Осоров: «Сендер Кенесары қырғызды шапты деп жазғырасыңдар, ал Тоқмақтың старшинасы Шабдан манап (Жантай Қарабекұлының баласы) қырғыздарды Кенесарыдан көп қырған. Ал Шабданға ескерткіш тұрғызып, атын ұлықтап жатырсыңдар» дейді қырғыз тарихшысы.

Кенесары трагедиясы қазақ пен қырғызға үлкен сабақ болды. Белгілі бір манаптардың қолы қанды болғанымен, қырғыз халқының қолы қанды емес. Олар орыс басқыншылардың айтақтауына ілесіп, Кенесарының басын алды. Бірақ жаппай қырғыз халқы мен қазақ бұл ортақ трагедия екенін және астарын үшінші жақтан іздеу керек екенін біледі. Оны қырғыздарға апарып ұрындырып жүрген біздің төрелер.

El.kz: Кенесарыны айтқанда оның бауыры Наурызбайды айтпай кету мүмкін емес. Кенесары-Наурызбай деп қатар айтылады. Бірақ сол Наурызбайдың қайраты, батырлығы, алапат күші, қызуқандылығы Кенесарыға зиянын тигізген жоқ па?

Әділбек Ыбырайымұлы: Наурызбайдың ерлігі, батырлығы, үнемі Кенесары ханды алға жетелеп отырды. Ол ерекше бітімді батыр болған. Оның найзагерлігі бөлек. Найзасының ұзындығы тоғыз құлаш, тоғыз құлашты бір қолымен ұстаған, екі қолымен найзаны ұстағанын ешкім көрмеген. Әрі, сүңгі ұстаған оң қолын иығына дейін жалаңаштап, жеңін кісесіне тығып алады екен.

Наурызбайды Кенесары өзі тәрбиеледі және әдейі 16 жасынан оны Ағыбайдың қарауына береді. Ағыбай қазақтың мықты қолбасшы батыры, өнердің бәрін Кенесарыға сол үйреткен. Ал қызуқандылығы да бар еді.

Кекілік-Сеңгірде Наурызбай мен Ағыбай қолды қоршап тұрған қырғыз, ақ патша, қоқан тәрізді үш мемлекеттің қамалын жарып шыққанша, Кенесары өз сыпайымен лап етіп ұмтылар соларды бөгеу үшін әдейі соңында қалады. Ал бірге жүрсе, қашқан болып есептеледі. Кенесары: «Мен хан басымен қашсам, онда өмірімнің бәрі текке зая кетеді. Қашпайын» деп сол жерде бөгелді. Сөйтіп барып ол бастаған алай Шу өзеніне, одан әрі ми батпақ Қарасуық аңғарына ұрынып, ақыры соңында тұтқынға түседі. Ертеңінде Наурызбай Кенесарының тұтқынға түскенін естіп, тұра шаппаққа ұмтылғанында Ағыбай Наурызбайдың шаужайынан ұстай алды.

«Науан, қызбалыққа салынба. Сен тұрғанда Кенесарыны қырғыздар өлтіре алмайды. Олар сенің атыңның дүбірінен-ақ қорқады. Ертең азат етіп аламыз. Бүгін есімізді жинайық, қолымызды түгендейік. Бізді сатып кеткен Сыпатай батырдың соңынан барып шабайық, – деп Ағыбай алдаусыратады.

Сол кезде Наурызбай батыр: «Жоқ ағеке, мынау екі қатыннан туған ұл екі рулы ел деген (өйткені өзі тоқалдан туған). Мен қашып кетсем, ертең ел тумағандығын жасады деп айтады. Кенесары тұтқынға түсіп, Наурызбай қашып кетіпті деген сөз өлімнен бетер жаман. Мен оданда көкемді құтқарып келейін, немесе сол жерде өлейін» – деп бойбермей жөнейді.

Ағыбайдың іші астаң-кестең болады. Барғасын соғысып, ешкімді шақ келтірмейді. Қырғыздар алыстан шалма тастап, тақымға салып аттың үстінен сүйретіп кетеді. Әйтпесе оны ұстау мүмкін емес еді. Сөйтіп шалма тастаған қалпы қол-аяғын тігінен шөрнекке жіп орағандай, байлап тастайды. Кенесары отырған жерге алып келген кезде хан ағасы «Ей, сендер қоршауды бұзып шықпап па едіңдер?!» деп атып тұрады.

Сонда Наурызбай: «Көке, мен сізді құтқаруға келдім» дейді. Кенесары «қап, әттеген-ай бекер келдің, сен сыртта жүргенде мені өлтіре алмайтын еді. Мыналар мәміле жасап, «мына жақтан ауып кетіңіз деп жатқан еді» деп айтады.

Наурызбайды тұтқындағаннан кейін Кенесарыны өлтіріп жібереді. Міне, Наурызбайдың қызуқандылығы осы жерде. Бірақ бір жағынан алып қарасаң, ақылсыздығы, қызуқандылығы емес, қазақтың туысқандыққа адалдығын, қатаң дәстүрден аттап кете алмағандығын көрсетеді. Бұл жерде Кенесарының да, Наурызбайдың да кінәсы жоқ. Бар айып, әділеттілік пен имандылықты қалыптастырған дәстүріміздің аясынан шыға алмауында. Дәл сол қатал жол-жораны сақтау – қатерге ұрындырды. Екеуі бір шешеден туса, бәлкім ондай жасамас па еді. Екі бөлек анадан туса да бір-біріне деген құрметі ерекше, татулығы сұмдық болған.

El.kz: Кенесары дегенде қазақ нені білу керек? Қазір Хан Кене қаншалықты дәріптеліп жүр?

Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене, Кенесары хан дегенде бірінші көз алдымызға тәуелсіздік елестейді. Қазақ халқы соны білуі керек. Өйткені тәуелсіздік үшін ерекше күрескен біздің тарихымыздағы батыр – бұл Кенесары. Кенесары деген тәуелсіздік, тәуелсіздік дегенде Кенесарының қайсар кейпі мен рухы көзге елестеуі тиіс. Кенесарының дәріптелуі тәуелсіздік сипатымен әлі сәйкес келмей жатыр. Баяғыда кез келген аудан орталығына барсаң Ленин, Сталин, Калинин тұратын. Сол сияқты аудан орталығы болмаса да, кез келген облыс орталығында Кенесарының бейнесі тұру керек деп ойлаймын.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы: Хан Кене төре ұғымынан биіктеп кеткен халықтық тұлға

сурет: El/kz Артем ЧУРСИНОВ

Біз әрбір орталыққа керемет әсемдеп мешіттер салдық. Имандылық жолында мешіт, әрине, дұрыс. Бірақ рухты, ұлттығымызды ұмытпау керек. Кімнің айтқаны қазір есімде жоқ: «Құдайшылығыңды құдайға көрсет, маған адамшылығың керек» депті. Біз қазақтың қайсар рухын тірілтуіміз керек. Кенесары сияқты тұлғалар әр облыс орталығында ерекше биіктікпен асқақтықпен тұрған жөн. Кенесары әлі өз деңгейінде насихатталып жатқан жоқ. Оны жаппай мемлекет қолға алуы шарт. Мемлекет қолға алып та жатыр. Астанада ханға арналған ескерткіш бар. Осыны облыс әкімдері жалғастыруы жөн еді. Мәселен хан Кененің ескерткішін Ақтөбеге де қоюға болады. Сол жерде де шайқасты. Әкімдердің саяси ішкі түйсігі, пиғылы, ниеті осыған жете алса, кез келген қала Жамбылға, Петропавлға, Оралға, Өскеменге де орналастыруға болады. Оған ешкім қарсы болмас еді.

Ал Астанаға бүгінгі ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Кенесарының Ақмола бекінісін алғанын көрсететін, қаланы ақ патшалық күштен азат еткені жөніндегі үлкен бір понорамалық музей салыну керек деп ойлаймын. Өйткені Ақмола бекінісі патшалық империя кезінде ең мықты стратегиялық бекініс болған. Соны Кенесары үш-ақ күнде алды. Бекіністің ішінде зеңбірек, сол заманның ең озық жарағымен қаруланған батальон әскері тұрды. Соған қарамай Кенесары аздаған мылтығымен және садақпен алды. Бұл – ерекше қайсарлық. Қазақ халқының қаһармандығы. Осындай тарихымызды паш ететін, ұрпақты отансүюшілікке тәрбиелейтін музей керек.

El.kz: Сіз проза мен поэзияны қатар жазатын қаламгерсіз. Жаныңызға қай жанр жақын және қазір не жазып жүрсіз?

Әділбек Ыбырайымұлы: Поэзия мен прозаны да жақсы көремін. Жырға ықыласым ауған кезде проза жазбаймын. Өлеңнің өзінің лирикалық кейіпкерлерін іштей сомдап, абстракты ой мен бейнелерді шендестіріп, соның айналасында арпалыс кешіп, жүрегімнен пәтуа іздеймін. Ал проза жазғанда сондағы кейіпкерлермен, сан түрлі адамдармен қызу пікірталастың ортасында жүремін. Сондықтан проза жазғанда прозаға, өлең жазғанда өлеңге құлқым құлап, сөзсімерлік пен суреткерлікті теңшеуге тырысам.

Екеуінің орны екі бөлек және айрықша. Проза мен поэзияны қатар жазған қазақта Ілияс Жансүгіров, Жұмекен Нәжімеденов сияқты қаламгерлер бар. Осы кісілер тәрізді қос жанрды қоржынның екі басындай етіп иығыма сап, қатар алып жүргім келеді. Бұл бір жүрек қалауынан туған дүние. Өйткені кейде өлеңнің жеткен деңгейіне проза жете алмай қалады, прозаның айтпақ ойын өлең айта алмай қалады. Сол себепті іштегі қайнап жатқан дүниені өлеңмен де, прозамен де бергенді дұрыс көрдім. Осы екеуін қос қанатым сияқты алып келе жатырмын. Мені ақын деп айтса да, жазушы деп айтса да келісемін.

Соңғы 4-5 жылдың аумағында прозаға ауып кеттім. Қазақ елін таныту үшін тек тарихи шығарма емес, бүгінгі заманның әлеуетін көрсететін туындылар керек. Осы мақсатта жаңа технологияларды, қоғамның ой-санасын көрсететін жұртқа ұнауы тиіс «Ақылға атой» деген роман жазып бітірдім. Бұйырса жақында жарық көреді.

Біз суды су деп қараймыз ғой, ал оның төрт түрлі қалыпқа – сұйық, қатты, кебіртек, бу түріне ауысатынын білмейміз. Бір заттың төрт түрге құбылатынын зерттеп жүрген қазақтың ғалым жігітін романға басты кейіпкер ретінде алдым. Сонымен қатар шығармада ғарыш ілімі де, әлемдегі ең қымбат металл осмий де, дін мәселесі, Украин соғысы туралы да көтеріледі. Сондай-ақ қазақтың өркениетке ілесіп бара жатқан динамикасы да бар.

Көп кешеуілдеп келе жатырмыз. Кешеуілдейтін себебіміз біз тәуелсіздігімізді жоғалтып, үш жүз жыл бодан елдің буғауын киіп, өзіміздің ғылыми потенциалымызды көрсете алмадық. Бірақ қазақ халқы инновацияға индустрияға бейім халықтың бірі. Бұған бір-ақ мысал келтіруге болады. Осыдан 60-70 жыл бұрын қазақта «оталдыру» деген сөз жоқ болатын. Оталдыру деген сөзді Абылайдың, Кенесарының тұсында ешкім қолданбады. Ал қазір бұл өзіміздің төл сөзіміз сияқты болып кетті. Оның жаңа сөз екенін, индустриялық ілім-ғылымға қатысты барын ешкім ойламайды. Мұндай дамуды Кеңес үкіметі әдейі қасақана тоқтатып қойды да, біздің тілімізді жарамсыз ретінде көрсетуге ұмтылды. Шынтуайтында тіліміз ғылымның да, саясаттың да, халықаралық қатынастың да тілі. Осыны сезіндіру үшін мен осы романды жаздым.

El.kz: Кең көлемде сұхбат беріп, ойларыңызбен бөліскеніңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

Әділбек Ыбырайымұлы: Рақмет! Алланың рахымына бөленіңіздер!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға