Астанадағы 1-10 сынып аралығындағы оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл туралы Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жазғы кезеңде 210 мыңнан астам оқушы түрлі бағыттағы лагерьлерге қатысады. Соның ішінде 11 мыңнан астамы — әлеуметтік осал санаттағы балалар.

Биылғы жазда елордада мына бағыттар бойынша лагерьлер жұмыс істейді:
-
Мектеп жанындағы лагерьлер – 92 мектепте ұйымдастырылып, 55 200 оқушыны қамтиды;
-
Бейінді лагерьлер – 192 лагерь жұмыс істеп, 11 520 баланы қабылдайды;
-
Тақырыптық жобалар – 10 бағытта жүзеге асырылып, 142 298 оқушыны қамтиды;
-
Қала сыртындағы лагерь – бір орталық ашылып, 1 400 балаға арналған.
Сонымен қатар қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінген.
2025 жылғы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында жаңа «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығы ашылады. Орталық бір ауысымда 200 баланы қабылдай алады, ал жаз бойы жалпы 1 400 бала тынығу мүмкіндігіне ие болады.
Бұдан бөлек, елордадағы 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қысқа мерзімді үйірмелер ұйымдастырылады. Балалар қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу сияқты бағыттар бойынша қызығушылықтарына қарай білімін толықтыра алады.
Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Осы мақсатта білім беру ұйымдары полиция, Төтенше жағдайлар департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық және қоғамдық денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, тиісті нұсқамалар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әрбір ұйымға қауіпсіздік техникасы бойынша арнайы жадынамалар таратылған.

