Жаңалықтар

«Жайлы мектептерде» білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс – премьер-министр

«Жайлы мектептерде» білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс – премьер-министр
Фото: t.me/KZgovernment 20.02.2024 10:51 758

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте «Жайлы мектептердің» мәселесін талқылады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Біріншіден, «Жайлы мектеп» жобасы арқылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы сияқты кешенді проблемалар шешімін табуы тиіс. Екіншіден, салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және ондағы демографиялық ахуалды ескере отырып айқындалған. Сондықтан олардың барлығы жаңа мектептерге аса мұқтаж өңірлерде салынуы қажет. Оның үстіне жайлы мектептер атына заты сай, оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл – Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеттерінің бірі, - деді Бектенов.

Аталған мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, полицияның жедел басқару орталықтарына жалғануы тиіс екенін алға тартты.

Ол жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жоғары жылдамдықты интернет жүргізілуі керегін айтты.

Сонымен қатар оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Әкімдіктердің назарын осыған аударғым келеді. Ол үшін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер ашылып, балаларға қосымша білім алу мақсатында фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс. Мұның барлығы білім беру сапасын, әсіресе ауылдық жерлердегі оқыту деңгейін арттыруға ықпал етеді. Балалар қамқорлықты және жайлы оқыту процесін нақты сезінуі керек, - деді премьер-министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға